Атырау облысының әкімі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барды

285489358 5233183420068538 297339184167874988 n Қоғам

№3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында «Балалар игілігіне тартуымыз» атты «Балаларды қорғау күніне» арналған мерекелік шара өтті. Шараға облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, ірі кәсіпорындардың өкілдері қатысты. Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімі Серік Шәпкенов ата-аналар мен тәрбиешілерді, ұстаздар қауымы мее жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады.

– Биыл «Балалар жылы» деп жариялануының өзіндік орны бар. Біздің болашағымыз – балаларымыз бен жастарымыз. Елдің ертеңі үшін еңбек етіп, қызмет атқаратын сол жастар. Сондықтан мемлекет тарапынан балаларға жан-жақты жағдай жасау – негізгі міндет. Ата-ана ретінде өзімізден өрбіген ұрпақтың қайырымды, білімді, дарынды болғанын қалаймыз. Олардың кішкене жетістіктеріне марқайып, қуанып жатамыз. Мұның барлығы қажырды талап ететін тәрбие арқылы жүзеге асады. Ерекше балаларға жасап жатқан қолдауларыңыз жалғасын таба берсін! Балаларға жылдың әр күнінде көңіл бөлуіміз керек. Бала тәрбиелеудегі істеріңіз оңынан болсын! Балаларға қамқор болып, олардың дамуына жағдай жасауымыз керек. Осы шараның өтуіне атсалысқан демеушілерге алғысымды білдіремін. Сіздердің істеріңіз қайырымы бар іс. Өйткені, бүгінгі істеріңіз елдің игілігіне қызмет ететін жас буынның дамуына жасап жатқан капиталдарыңыз, – деді облыс әкімі.

Ата-аналар да арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының ерекше балаларға жасап жатқан қамқорлығы үшін алғысын білдірді.

– Ұлым Берік Тілегенов 2011 жылдан бері осы орталықта тәрбиеленіп келеді.
Ұлымның ортаға үйреніп, еңбекке араласуына ұжымның көп көмегі тиіп жатыр. Тәрбиелік маңызы бар шаралардың өтуіне де үнемі атсалысып келеді. Көптеген ата-аналар балаларымызды орталық қызметкерлеріне сеніп тапсырғандықтан жұмысымызға да алаңсыз барып, еңбек етіп жүрміз. Ата-аналар атынан облыс басшылығына, орталық ұжымына алғысымызды білдіреміз, – деді Батима Сатқанбаева.

Бұл орталықта атқарылып жатқан шаралардың легі бұл ғана емес. Биыл облыстағы мекемелер 77 жас көшет отырғызып, орталық ауласына айрықша сый жасады. Сондай-ақ, демеушілердің көмегімен жылыжай, тігін шеберханасы, еңбек терапиясы ашылып, балалардың уақытын тиімді өткізуіне септігін тигізбек. Шара барысында облыс басшысы Серік Жамбылұлы орталықтың жұмысымен танысып, алдағы бастамаларына қолдау көрсететінін айтты.
Мерекелік шараның соңында демеушілердің ұйымдастыруымен дастархан жайылып, еңбек терапиясына қажетті құрал-жабдықтар мен балаларға арналған бассейн сыйға тартылды.

№3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы күндізгі және стационар бөлімде 76 бала тәрбиеленуде.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз