Жарнама
Қоғам

Атыраулық палуан ел чемпионы атанды

Жуырда Шымкент қаласында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан чемпионатының байрағы желбіреді. Біріншілікке 14 облыс және Астана мен Алматы қалаларының үздік балуандары жиналды, деп хабарлайды Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.

GXAuqZyd8xE

Жарыста Александр Поливадов жаттықтыратын грек-рим күресінен Атырау облысы құрамасы 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды. Бұл Атырау күресі тарихындағы бұрын-соңды болмаған жетістік.

Сондай-ақ, 72 келі салмақта Қаһарман Қисметов қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанды. Оның ел біріншілігіндегі қарсыластары өте мықты болатын. Ол ақтық бәсекеде былтырғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері алматылық Демеу Жадыраевты тізе бүктірген.

Ал, 97 келіде Илья Насточенко күміс жүлдегер атанса, 82 келі салмақта болашағынан зор үміт күттірер атыраулық жас балуан Евгений Поливадов қола жүлдеге қол жеткізді.

«Ақпан айында өткен 23 жасқа дейін жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында 1 алтын мен 1 күміс медаль жеңіп алған едік. Енді міне, арада төрт айдан кейін ересектер арасындағы нәтижеміз одан да жақсара түсті. Қаһарман мен Евгений алғашқы ірі жарыстарына қатысып, керемет нәтижеге қол жеткізіп отыр. Әсіресе, Қаһарман еліміздің бірінші номерлі спортшыларын жеңді», — дейді грек-рим күресінен облыстың аға бапкері Александр Поливадов.

Алдағы уақытта жеңімпаз спортшылар Индонезияда өтетін Азия ойындарына қатысады.

Хорлан Смадияр

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button