Атыраулық аралас жекпе-жек шеберлері үш алтын жеңіп алды
Астана қаласында 8-11 мамыр аралығында ММА спортынан VI Қазақстан Республикасының чемпионаты өткен болатын. Онда атыраулық аралас жекпе-жек шеберлері үш алтын жеңіп алды.
— Аталған жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен мықты спортшылар қатысты. Бауыржан Берғали мен Қабдиев Манап баптайтын атыраулықтар 3 алтын және 3 қола медальға ие болды, — деп хабарлайды Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.
Ересектер арасында Молдағалиев Олжас өзінің Қазақстандағы ең үздік аралас жекпе-жек спортының шебері екенін дәлелдей алды. Одан бөлек 70,3 келіде Бекмұратұлы Аманбек қола жүлдеге ие болды.
Жастар арасында 56,7 келіде Сергеев Ернар қарсыласын шақ келтірмей жеңіске жетті. Ал қыздар арасында Ахметова Диана 70,3 келіде алтын медаль иегері атанды.
Сондай-ақ, 65,8 келіде Ажимкулов Данияр және 70,3 келіде Абубакиров Тұрлан қола жүлдеге ие болды.
Хорлан Смадияр