«Атыраудың» Құрманғазы мен Исатай аудандарындағы меншікті тілшісі болған Рахмет Иманғалиев хақында
Газеттің өңірлердегі өкілдері болған, есімдері елінің есінде сақталған ардақты ағалардың бірі Рахмет Иманғалиев еді. Сексен үш жыл ғұмырының саналы бөлігін Рахаң Қиғаш бойын жайлаған Құрманғазы мен қос өзен аралығын қоныстанған Исатай аудандарында меншікті тілші болумен өткерді.
Ағамыздың өз қатарластары мен кейінгі ізбасар әріптестері үлгі алар өнегелі қырлары мен айрықша қасиеттері мол болатын. Ол екі өңірдің бірдей тыныс-тіршілігін, жағымды жаңалықтары мен елеулі оқиғаларын, жетістіктері мен кемшіліктерін назардан тыс қалдырмай, облыс оқырмандарына жеткізуге тырысатын. Тек сонымен шектелмей, іссапарға барғанда сол жерде дүниеге келген, есімдері елдің аузында жүрген атақты, аруақты адамдар жайлы да деректерді жинастырып, жазып отыратын. Сондай зерттеп, зерделеудің нәтижесінде оның қаламынан құнды дүниелер туындап, бірнеше кітап болып басылып шыққаны, сөйтіп, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі атанғаны да мәлім. Оған қоса, журналистердің арасынан республикамызда алғашқылардың қатарында «Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері», «Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы» атақтарына ие болды.
Әрине, ол ылғи жетістік пен жақсылықты жазды, деп айтудан аулақпыз. Десек те, бір проблемалық мәселені қозғап, қолына алса, соның байыбына барып, нәтижесіне жетпейінше тыншымайтын. Сондай жарияланымдардың санатында Құрманғазы ауданындағы Шортанбай балық зауыты туралы жазған циклды мақаласын айтуға болар еді. Қиындықтарға байланысты өндірісі өрге баспай, тұралаған кәсіпорынның жағдайын «Шортанбайдың шаруасы шатақ болып тұр», «Шортанбайдың шаруасы шатқаяқтап тұр», «Шортанбай шатқаяқтап барып, шалқасынан түсті» деген тақырыптардың аясына топтастырып, журналистік шеберлікпен шынайы түрде, нақты дерек-дәйектермен баяндаған-ды.
Бір ғажабы, Рахаң өз атына қанша мақтау, мадақтау сөздер айтылып, марапатталып жатса да масаттанбайтын. Байсалды мінезі мен сабырлы да салмақты қалпын сақтап, жымиып қана отыра беретін. Осындай болмыс-бітімімен, қайталанбас бейнесімен, тұғырлы тұлғасымен баршамыздың жадымызда жатталып қалды.
Дәулетқали Латифұлы