«Атырау Барысы – 2018» турнирі өтеді
Атырауда 5 мамыр күні Х. Досмұхамедов атындағы Университеттің стадионында қазақ күресінен «Атырау Барысы – 2018» турнирі өтеді, деп хабарлайды Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.
Ең ауқымды спорт шаралардың біріне айналған сайыста аудандық жарыстардан іріктелген үздік 16 палуан өзара мықтыны анықтайды.
«Биылғы Атырау барысы турнирі жаңа форматта өтеді. Біз спорттық кешендердің ішінде өтетін жарыстарды, әсіресе белдесу түрлерін көп көретінбіз. Бұл жолы ұлттық спортымызды ұлттық нақышта, ашық аспан аясында ерекше етіп ұйымдастыруды қолға алып отырмыз», — дейді Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Бекет.
Турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері белбеу және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Сондай-ақ, «Атырау Барысы-2018» белбеуіне ие болған палуан және екінші, үшінші орын алған спортшылар республикалық «Казақстан Барысы-2018» турниріне жолдама алып, Атыраудың намысын қорғайтын болады. Жарыстың басталуы 18:00.
Айта кету керек, «Қазақстан барысы» жобасы басталғалы бері атыраулық палуандардан ең үздік нәтижені «Жас қыран» атты лақап атымен танымал Арман Қалиев көрсеткен болатын. Ол былтырғы бәсекеде үздік төрттікті түйіндеді.
Хорлан Смадияр