Атақоныс азбасын десек… оны барынша тиімді пайдаланған жөн
«Адыра қалған Нарында бас пайданың бәрі бар». Бұл мақаланы адуын ақын Махамбеттің ашына айтқан осы сөзінен туындатуды ойладым. Мен 1970-2008 жылдарда облыстық «Атырау» газетінің Еділ-Жайық арасындағы аудандарды қамтитын меншікті тілшісі болып, 40 жылға жуық осы аймақты талай араладым.
Нарынның тұтастай жер көлемі – 40 мың шаршы шақырым. Ал, оның батыс бөлігін алып жатқан Азғыр өңірінің аумағы 12 мың шаршы шақырымға жетеді. 1952 жылы Азғырға әскери полигон жайғастырылып, Нарынның 1,4 млн. гектардай жерін бауырына басты. 1993 жылы (41 жылдан кейін) полигон таратылып, әскерилер таптаған жерлер даланың байырғы тұрғындарына қайтарылды. Бірақ, оған ешкім қайта қоныстанбай, құлазыған дала қу мекиен елсізге айналуда.
Нарын даласы – ызғындай қалың елдің ортасындағы жомарт жер. Ол шығысында Атырау облысының Исатай, Махамбет аудандарымен, терістігінде Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы, батысында көрші Астрахан облысының Ақтоба, Қарабайлы, Красный Яр аудандарымен шектеседі. Ал, түстігінде Каспий теңізінің батысына жайғасқан Құрманғазы ауданы бар. Бұл ауданның жер көлемі 2,1 млн. гектарға жалғасады. Оның 1,7 млн. гектары жайылымдық, 85,8 мың гектары шабындық, 4,2 мың гектары егіншілікке пайдаланылатын алқаптар болып есептеледі.
1848 жылы Бөкей хандығы таратылғанда бұл өңір бес уез бен екі округке бөлінді. Кейін 1920-1925 жылдары тұтастай Бөкей губерниясы аталды. Осылайша Нарын даласы халықтың қалың қоныстанған құт мекеніне айналған берекелі өңір еді. Қолымыздағы құжаттарды сөйлетсек, Еділ-Жайық арасындағы кең далаға Бөкей ханның бастамасымен 1801 жылдың желтоқсан айында, Жайықтың оң жақ бетіне бірден 5 мың түтін мен 23 мың адам көшіп шыққан екен. Жері шұрайлы, кез-келген қонысы қаптатып мал өсіруге қолайлы кең Нарынға ірге төсеген отбасылар құрамы тез өседі.
1823 жылы жас Жәңгір Бөкей хандығының тағына отырғанда оның қарамағында 330 мыңнан астам тұрғын халық болған. Олардың меншігіндегі мал басына келсек, қой мен ешкі – 1,2 млн, ірі қара – 400 мың, жылқы – 378 мың, түйе 120 мың басқа жеткен. Одан кейінгі жылдарда да Ішкі Орда көлеміндегі мал саны төрт түлікті қосқанда 2,5 миллион басқа көбейген.
Батыс өңірде Бөкей хандығының құрылғанының 200 жылдығына орай оралдық киноәуесқой Мұрат Жәкібаевтың «Егер Бөкей хан болмағанда» деген деректі кино таспалары жергілікті телеарналардан көрсетілді. Мұндағы елең еткізер бір дерек, 1812 жылғы Франция-Ресей соғысына Бөкей хандығынан белгілі мөлшерде қазақтардың да қатыстырылуы, майданның қажеті үшін Нарын даласынан 50 мың жылқының жинап берілуі еді. Бас-аяғы он шақты жылдың (1801-1812) ішінде бұл өңірде мал басы күрт өсіп, 50 мың жылқының санап берілуі құйқалы қоныстың берер ырыздығы қисапсыз болғанына көзімізді жеткізсе керек.
Исатай ауданына қарайтын Айбас, Бабан, Орпа, Бегайдар ауылдық кеңестері орындары да құлазып жатыр. Айбаста Қазан төңкерісіне дейін Мұхамбетжан деген дәулетті адам тұрған екен. Сол кісі бір жолы Хан базары сапарына 60 өгізді айдатып, 8 түйеге жүн мен тері артқызып, жеткізгенін бала кезінде көзімен көрген қариялардың әңгімесін тыңдадық.
Айта берсек, мұндай мысалдар сарқылмайды. Олардың барлығы кең Нарынның екі ғасыр бойына жарты миллион халықтың берекелі де базарлы қонысы болғанын айқындай түседі. Нарында жер асты су қоры өте мол. Мұнда жер бетіндегі ашық су көзі жоқ, құдықтары жарты метр тереңдіктен сарқылмас мол су береді. Баршақұм, Жаманқұм аталатын телімдерде биіктігі үш метрге жетіп қалатын солқылдаған сырықтай көк талдар иін тіреседі.
Кешегі кеңестік басқару тұсында да бұл өңірде мал шаруашылығы халықтық қазынаға айналып тұрды. Нарындағы әскери аймақ дейтіннің аяқ бастырмайтын қысымына қарамастан осы өңірдегі «Сүйіндік», «Балқұдық» кеңшарларының шопандары көктемде асыл тұқымды етті, майлы Еділбай қойларын қозыларымен қосқанда 230 мыңға дейін жеткізіп өсірді.
Тіпті, кешегі кеңестік дәуірдің өзінде Ұлы дала – кең Нарынның Құрманғазы, Исатай аудандарының еншісіндегі жер көлемінде 24 ұжымшар болғаны құжаттарда сақталған. Махамбет айтқандай «жатып қалған тайлағы жардай атан болған жер» деп нақты ерекшелігін көрсеткен кең Нарынның құдығы мен құмында, қонысы мен өрісінде қаптаған төрт түлік мал өсіп-өніп жататын еді.
Елбасының Жер кодексіне қатысты сөзінен кейін «осынау Ұлы даланың байырғы байлығы мен базарына қайта қол жетер күн келер-ау» деген үміт шуағы сезіле бастады. Менің ойымша, ауыл шаруашылығы корпорацияларын құрып, бос жатқан жайылымдарды оларға ұзақ мерзімге жалға берген дұрыс. Сонда мал да, жан да көбейеді. Өңір тұрғындары Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ел дамуының негізгі бағыттарына, жер реформасына арналған шешімдері мен ұсыныстарын зор ықыласпен қарсы алды.
Әрине, 40 мың шаршы шақырымға шалғайын жимай жатқан Нарынды қапелімде толық игеру мүмкін де болмас. Дегенмен, Нарында толық игерудің бағдарламасы мен жобасы жасалып, өзекті мәселелердің өміршең шешімдері жүзеге асырылса, қалғанын халықтың өзі дамытады ғой деген ой бар. Қалай болғанда да, бос жатқан жерлер игерілуі керек. Ол үшін қандай шаралар алу қажеттігі халықпен ақылдасып отырып шешілсе, нәтижесін берері сөзсіз.
Рахмет ИМАНҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері,
Құрманғазы және Исатай аудандарының Құрметті азаматы.