Жарнама
Қоғам

Атқа мінсе мың қазақ!

1542774754735

Біз – мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан, өткен оқиғалардан бастау алған, қазіргі заманның өкіліміз. Бойымызға сіңген әдет-ғұрыптар, сана-сезім мен ойлар аталар өсиеттерінен туындаған. Олардың бәрі – осыдан 500 жыл, бәлкім одан да бұрын ойлап, зерделеп шығарған қазақтың қасиеті.

Мен қазақпын, қазақпын деп мақтанам,

Мен неге қазақтықтан сақтанам — деп ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров айтса, белгілі ақын Жұбан Молдағалиев «Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген» деп тебіренбеп пе еді?!

Шындығын айтсақ, қазақ эпосындағы батырлар жырын ертегі деп оқитынбыз. Сол Қобыланды, Қамбар, Төлеген, Алпамыс батырлар образдарының тарихта болғанын, олар мінген тұлпарлар дүбірінің, маңыраған қой-ешкінің, нар қоспақтардың, мөлдір бұлақ құдық суының, алтыбақан тепкен бозбалалар мен қыздардың, қатар тігілген ақбоз үйлердің, түтіні тіке шыққан ошақтың, ат байлайтын желінің, өрістен қайтқан малдың, сұлу табиғаттың өзі тұнып тұрған қазақи тәрбиенің қайнар көзі екен ғой.

Рухани жаңғыру – қазақтың әлемге айқындалуын паш етсе, «Ұлы даланың жеті қыры» ұлттық кодымызды асқақтатып, ғұндар мен сақтардың, түркі этностар тобының мұрагері екенімізді, бүкіл әлемге танытатын болады. Бұл мақала – ұлттық рухтың ерекше салтанат құруына, ұрпақтың технологиялық, инновациялық  жүйенің дамуына, туған жерінің тарихын білуге, құндылықтарын қастерлеуге, қазақтың өткені мен өткергенін басқаша көзқараспен сипаттауға, болашаққа айқын бағыт-бағдар жасауға, өзінің Ұлы тарихымен мақтануына негіз болады.

Тарихтың қай бетін ашсаң да бабалар ізі жатады, атап айтсақ, өркениет пен мәдениеттің, жаһандық алпауыт империялардың құрылуының бастауы, жалпы әлемнің қалыптасуының, ғылымның, зиялы ортаның, жоғары мәдениеттің ошағы біздің Ұлы даладан бастау алғанын жас ұрпақ білуі және мақтан етулері керек.

Біздің әлем алдында мақтанар тұстарымыз көп. Ал, өкініштісі, Ұлы дала тарихына қатысты мыңдаған жылғы деректер жиынтығының Ресей мен Қытай, Араб, басқа да шетел сөрелерінде жатып, Күлтегіннің, Әл-Фарабидің, Яссауидің, Бейбарыс сұлтанның, тағы басқа ұлы есімдердің ғибратты өмірі мен істері ұрпаққа кеш тарағаны.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын оқи отырып, ұлан-ғайыр жерді мекен етіп, Ұлы даланы ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған бабалар ұлылығына, батырлығына әркез тағзым етуіміз керек. Ұлттық сананы жаңартып, рухани жаңғырудың тура жолына түскен, бейбітшілік символына айналған астанасы, түркі тілдес халықтардың Көшбасшысы атанған Елбасы бар қазақтың, Түркі әлемінің алтын бесігі атануы заңдылық деп қарау керек.

«Жаяу жүрсе – бір қазақ, атқа мінсе – мың қазақ» дегендей, ежелгі бай тарихымызды саралап, өткенді бағалап, өшкенді жаңғыртып, Елбасы ұсынған «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Ұлы дала тұлғалары» сияқты бастамаларын жүзеге асыру жолында елдігіміз бен бірлігімізді ту қылып ұстайық!

Мұрат ӨТЕШОВ,

облыстық қоғамдық кеңес  төрағасы, Атырау облысының Құрметті азаматы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button