ҒАСЫРЛАРДАН ЖЕТКЕН ЖӘДІГЕР
— Бұл – біз үшін ерекше табыс. Біздің ойымызша, бірінші негізгі обадағы сармат патшасының мүрдесі. Өйткені, қаңқаның жанына түрлі әшекей заттар, ыдыс-аяқтар қойылған. Шашылған сүйектерге қарап-ақ адамның ірі, әрі күшті болғаны көрініп тұр. Арнайы мамандар кейін оның толық бет-пішінін қалыпқа келтіре жатар. Өкініштісі, екі қабір де бұрын тоналған, — дейді экспедиция жетекшісі Ә.Марғұлан атындағы археология институтының маманы Арман Бейсенов.
Борсық қорғандар тобына археологиялық зерттеу жұмыстары тамыз айының аяғында басталған болатын. Жұмыс баяу жүреді, себебі өзінің заңдылықтары бар. Мәселен, бір шұңқырды қазу екі аптаны қажет етеді.
Аталмыш зерттеу Атырау облыстық әкімдігінің қолдауымен жүргізіліп отыр. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысы Алтынбек Нысанғалиев айтып өткеніндей, зерттеу жұмыстарының мақсаты – ерте замандағы көшпенділердің мәдениетін зерттеу. Атырау өлкесінде екі мың жыл бұрын қандай тайпалар өмір сүргенін анықтау.
Сарматтар – Қазақстан территориясы, Жайық пен Еділдің жағасын мекендеген ежелгі тайпалардың жалпы атауы. Яғни, Батыс Қазақстан өлкесі, Еділдің бойы Астрахан сарматтарының жері саналады. Сарматтар жауынгерлік тайпа болған. Сонымен қатар, мәдениетінің жоғары дамығаны да тарихтан белгілі. Жалпы, «Сармат» деген жұрттың аты көне дәуір авторларының еңбектерінде ІІІ ғасырдан бастап кездеседі. Тарихи деректерде алғашқы кезеңде VIII ғ. «савроматтар» деп аталғаны жазылады. Сондай-ақ, ерлердің және әйелдерінің де қабірлеріне қару-жарақ міндетті түрде қойылған.
Борсық қорғандар тобында 16 қорған бар. Бұлар тізбекпен орналасады. Топ жетекшісі Арман Бейсеновтің айтуынша, тізбекте үлкен мән бар. Бір тізбектің бойына бір әулет жерленеді екен.
Байқағанымыздай, қорғандар тізбегінің орта жағында үш үлкен қорған бар.
— Бұл қорғандар тізбегінен бай-бақуатты әулет болғаны анықталып отыр. Оның үш-төртеуі – биік обалар. Қазбай тұрып, сол обалардың санынан, өлшемдерінен бірсыпыра ой түйіндедік. Үлкен обаларда сол әулеттің басшылары жерленген. Ал, шағындары – сол әулеттің ағайын, жекжаттары. Бұл, шамамен, біздің эрамызға дейінгі V-ІІІ ғасырға жатады. Мұны сарматтардың ерте кезі дейміз. Тағы бір үлкен төбе бар, онда әкесі жерленген деген болжам бар. Қазіргі табылып отырған негізгі обада баласы – сарматтар тайпасының патшасы болуы мүмкін. Ал, келесі табылған мүрде жамағайыны деуге негіз бар, бел баласы емес, — деген Арман Бейсенов бұл Атырау облысындағы сармат мәдениетінен хабар беретін ежелгі обалар екенін айтады. Айта кетелік, негізгі обадағы мүрде жер деңгейінен 2,8 метр тереңдіктен табылып отыр.
Сақ заманында халық патшасын қатты құрметтеген. Олардың түсінігінде «о дүниеге де патша қалпында аттансын» деп алтынмен аптап, ақыреттік заттарын бірге жерлейтін болған. Тиісінше сол обалар маңындағы кіші көлемдегі обалардан мұншалықты бағалы заттар шықпайды, демек қалғандары қарапайым халықтікі деген сөз.
Ерте заманда оба тонау жұмыстары көп болған. Жүз қорғанның 99,5 пайызы тоналады екен. Бүгінгі қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған обаның екеуі де тоналған. Әсіресе, негізгі обада жерленген көсемнің алтын жалатылған киімі мен қымбат бұйымдары жоқ. Ал, екі рет жүрген тонау жұмыстарының негізінде тек он шақты ұсақ алтын сынықтары, қоладан жасалған қазан мен қол сүйегі, жамбастың біреуі және жауырын қалған. Үстіңгі жағында да бес-алты сүйек болды.
«Қазанды алмай кеткен. Пайымдауымша, тоналмай тұрып топырақ құлаған да, қазан майысқан. Тонаушылар сол себепті қазанды алмаған болуы керек. Болашақта металдың анализін алып Ресейге жібереміз, қай жердің рудасынан алынғаны анықталады. Бес-алты сүйек қана қалған, көріп отырғандарыңыздай, бас сүйектері жоқ», — деп түсіндіреді аталмыш институттың ғылыми қызметкері, археолог Данияр Дүйсен.
Осы кезде әңгімеге араласқан археолог Арман Бейсенов қорғанды өздерінің замандастары, білетін адамдар тонағанын айтады. Сала маманы мұны екі тесіктің екеуі де шұңқырға тік, дәл түскендігімен байланыстырады. Егер мың жылдан кейін тонаса, бірнеше жерден тесуі мүмкін.
Сол жерде болып, көзбен көргеніміз – қазан өте ескі. Жамалмаған, десек те, түбі жұқарған. Сол жердегі археологтардан білгеніміздей, су жаңа қазан сирек қойылады. Жалпы, темір дәуірінде қабірге қазанды бірге көму жиі кездесе бермейді. Себебі, ол заманда қазанды кейінгі ұрпағына қалдырып отырады. Егер сол жанұяны жалғастыратын тұяқ болмаса, ұрпақ кесіліп қалса, сол әулеттің ең соңғы өкілін қазанмен бірге көмеді. Ол қазан сол жанұяның құты саналады. Бірнеше жылдан кейін жанама ағайын, мәселен, жиен өмірге келсе, қайтадан қазан құйылады. Және оған «пәленшеге» деп атау беріледі. Жүз жылдап пайдаланылатын қазандар да болады. Оларды жамап та қолдана береді. Қола дегеніміз 90 пайызы мыс, қалған 10 пайызы – қалайының араласуынан пайда болатын металл.
Мамандар жанама обадан табылған сүйектер мен қыш құмыра, ағаш қасық пен пышақ, бәкі осы орталықта жерленген көсемге жақын адамға тиесілі деп топшылап отыр. Билікте болған кісі емес. Өйткені, жеке обаға емес, дайын қорғанға, материк деңгейінен 20 сантиметр тереңдікте жерлеген. Яғни, оны әрі қарай қазып қоймаған. Бірге жерленген заттары күнделікті тұрмыста керек заттар болғанымен, асыл бұйым емес. Бұл да сармат мәдениетіне жатады.
Ә.Марғұлан атындағы археология институтының маманы Арман Бейсенов бір обаның ішіне жерлеу туыстықты, жақын қарым-қатынасты білдіретінін айтады. «Қозы Көрпеш – Баяндай, бір молада өлсек-ай» деген осыдан қалса керек. Бір қорғанның ішінде кейде бір адам, кейде он адам да жерленуі мүмкін. Бұл сол кездегі сол әулеттің тұрмысына байланысты.
Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының басшысы Мұхамбетқали Кипиев өңірде қорғандар қазу соңғы кездері ғана қолға алынып отырғанын айтады.
— Аталмыш зерттеу жұмыстарына өзге облыстардан мамандар шақыруға тура келді. Себебі, бізде маман жетіспейді, жоқ деуге де болады. Археологиялық қазба жұмысына облыстық тарихи-өлкетану мұражайының мамандары да қатысты. Бұл жергілікті мамандардың үйреніп, тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді. Жалпы, мұндай қорғандар өлкемізде көптеп саналады. Бұлар инспекцияның есебінде тұр. Қазанның табылуы облыс көлемінде екінші рет орын алып отыр. Алда бұл табылған заттар кітап, альбомдарға енгізіледі, — деді М.Кипиев.
Әріптесінің сөзін сабақтаған облыстық тарихи-өлкетану мұражайының басшысы Рашида Харипова мұражай қорында бұрын-соңды болмаған қайрақтың, сүйектелген қасықтың табылуы тарихи құндылығымызды байытып отырғанын атап айтты. Айта кетелік, археолог мамандар бастаған зерттеу жұмыстары келесі жылы да жалғаспақ.
Түйін
Ескі заманның жәдігерлері қазақ даласында молынан ұшырасады. Индер ауданындағы Құрылыс ауылы маңындағы Борсық қорғандар тізбегінен табылған құнды археологиялық бұйымдар бұл кезекті бір алтын адам болмаса да исі қазақ даласынан табылған соң, зерттелуі, сараптан өтуі тиіс. Бәлкім… Бізге белгісіз тағы бір тарих қатпарынан хабар беруі де әбден мүмкін.
Рита ӨТЕУҒАЛИ.
Атырау – Индер – Атырау.