ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ – АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ
— Еліміздің қарулы күштеріне кәсіпқой әскерлерді тарту үшін біраз жұмыс жүргізілуде. Келісім-шарт бойынша бұл қызметке 19 жастан асқан азаматтар қабылданады. Қазіргі күнде біздің қалалық қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқарма келісім-шарт бойынша әскери қызметшілерді жинақтауда. Оларға айтарлықтай жеңілдіктер көзделген, мәселен: еңбекақының жылма-жыл өсуі, 40 тәулік кезекті еңбек демалысы, білім деңгейін көтерем деушілерге 50 пайыз жеңілдік, 47 жастан бастап зейнеткерлікке шығу мүмкіндігі.
Азаматтар әскери қызметке қабылданбас бұрын жергілікті және облыстық департаменттен дәрігерлік сараптамадан, психолог маманның алдынан өтеді. Осы мамандардың сынағынан өтсе ғана олар әскери қызметке қабылданады. Бір жақсысы, қазіргі күні келісім-шарт бойынша әскери қызмет өтеуге ниет білдіретіндер өте көп. Біз солардың арасынан қарулы күштерде қызмет етуге лайық, өз ісінің майталманы бола алатын, моральдық, психологиялық ұстамды, дене бітімі мен әскерде қызмет етуге даярлығы мықты, кәсіптік деңгейі жоғары азаматтарды конкурстық іріктеу арқылы қабылдаймыз.
Мемлекет келісім-шарт бойынша әскери қызметке қабылданатын азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге, жалдап тұрған жағдайда жәрдемақы тағайындауға кепілдік береді. Әскери қызметшілердің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектеп жасына дейінгі мекемелерден кезектен тыс орын бөлінеді. Сондай-ақ, оларға медициналық қызмет көрсету, ем қабылдау, киім-кешегі, көшіп-қонғанда жүгін тасымалдау — бәрі мемлекет есебінен өтелетін болады. Келісім-шарт бойынша әскери қызметтегілер үшін екі айлық жалақы мөлшерінде сауықтыру төлемақысына қоса, 40 күнге дейін кезекті еңбек демалысы беріледі. Бұған қоса ол отбасы жағдайына, сырқатына байланысты қосымша демалыс алуына құқылы.
— Іріктеу комиссиясы кандидаттарды таңдауда қандай басты талаптарға көңіл аударады?
— Іріктеу комиссиясы кандидаттарды медициналық тексеруден, психологиялық тестілеуден өткізетінін, дене бітімінің әскери қызметкерге лайықтылығы және нормативтік-құқықтық актілер мен негізгі құжаттарды білетіндігі тұрғысында сараланатынын айтып өттік. Ал, бастысы, олардың әскери-есепті мамандығына, мерзімді қызметте болғандығына, жоғары оқу орнының әскери кафедрасында білім алғандығына немесе Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында әскери әзірліктен өткендіктеріне баса назар аударылады.
Елбасымыз, ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары оқу орындарында әскери кадрларды даярлау әлеуетін толық пайдалану жөніндегі тапсырмасына сәйкес жоғары оқу орындарына әскери факультеттер нормасы енгізілуде. Қазақстандық озық ойлы, жоғары білімді әрі тәжірибелі зияткерлік армияны жасақтау — біздің басты міндетіміз. Заманауи әскери техникамен жабдықталған, ақыл-ойы мен ерік-жігері мықты әскер ғана туған халқын түрлі қиындықтан қорғай алады. Олай болса, біз әңгімелеп отырған жүйе бойынша әскер қатарына кіруге ниет білдірушілер және келісім-шартпен шақыру жөніндегі сауалдары бар жастардың бізге хабарласуларын сұраймыз. Біздің мекен-жайымыз: Балықшы кенті, А.Байжігітова көшесі, №64 «а», байланыс тел.: 30-97-26, 30-97-24.
Әңгімелескен Лиза СЕЙТІМОВА.