Әскердің әлеуеті қалай?
«Ел қорғау — елдің ісі» десек те, жасыратыны жоқ, тепсе темір үзетін жігіттер амалын тауып, әскери міндетінен жалтаратын болды. Құзырлы орган оларды көшеден ұстап, «ұрлап» әлек. Мұндай оқиғалардан кейін ел көңіліне мемлекеттің қорғаныс ісіне деген сенімсіздік ұялады. Күлгін көзілдірікті шешіп, ел болашағына жаны ашитын жанның жанарымен қарасақ, әскери саланың сан өзгерісті қажет етіп тұрғанын көрсететіндей. Ашығын айту керек, қоғам жастардың әскерге барғанын қолдайды, сондай-ақ ондағы жағдайдың жайлы болуын да қалайды.
… Бұл – шиеленісті мәселенің беті ғана. Сөйтсек, әскерге баруға жалтарғаны үшін заң алдында жауап береді екен. Мұндай оқиғалардың себебі неде? Қашанға дейін жалғасады? Еркінен тыс елін қорғауға сүйреп апару қаншалықты дұрыс? Ал, олар өз еркімен барғысы жоқ. Қайтпек керек?
Марат САДЫҚОВ, Атырау қаласы қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқарманың басшысы, полковник:
– Жалпы кез-келген ер азамат аяғына керзі етік, үстіне шинель киіп, қолына қару ұстап әскери өмірдің дәмін татып көру керек. Біріншіден бұл Отан алдындағы борышың болса, екіншіден сенің азамат болып қалыптасар мектебің. Әскери қызметке кәмелеттік жасқа толған азаматтар шақырылады. Яғни, олар –18-27 жас аралығындағы өз-өздеріне жауап бере алатын тұлғалар.
Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру және хабардар ету қалалық, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім мен жергілікті әкімдік арқылы жүзеге асады. Шақыру қағазы әскерге шақырылушылардың өз қолына табысталады, ал, өзі болмаған жағдайда ата-анасына, жақын туыстарына беріледі. Сонымен қатар, жеке телефондарына электронды хат жолданады. Егер әскерге шақырылушы азамат жұмыс жасайтын болса ұйым басшысының қолын қойғыза отырып, шақырылады. Бұл шақыртуды елемеген азаматтарға заң жүзінде шара қолдану көзделген.
Осы жылдан бастап әскерге барғандар ҰБТ нәтижесінсіз,емтихансыз оқуға қабылданады деп жатыр. Бұл реформа әскерден қашу, жалтару секілді проблемалардың алдын алады деп ойлаймын.Қорғаныс министрлігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен, сонымен қатар, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарымен бірлесіп, әскерге баруға ынталандырудың жаңа жобасын ұсынды. Идея қарапайым. Бір жылдық мерзімді әскери қызметін өтеп келгендер университеттерге ешқандай тест тапсырмай-ақ түсе алады. Әскери борышын өтеп келген жастар 2 жыл ішінде ҰБТ нәтижелерін есепке алмай, әңгімелесу арқылы ақылы негізде жоғары оқу орындарына түсе алады. Ал олардың барлығы ЖОО әскери кафедрасында емтихансыз және тегін оқи алады. Сонымен бірге, жеке қасиеттеріне, үлгілі тәртібіне және мерзімді әскери қызметін өтеу кезінде жауынгерлік даярлық нәтижелері бойынша үздік шыққан жекелеген әскерилерге жоғары оқу орны есебінен тегін білім алу мүмкіндігі берілетін болады. Жоба биылдан бастап іске асады. Мұндай жеңілдіктер қазіргі уақытта борышын өтеп жүрген азаматтарға және өткен жылы әскерге шақырылуға жататын сарбаздарға берілетін болады.
Расында, қолдауға тұрарлық, қуантарлық жаңалық. Еліміздің барлық өңіріндегі 40-қа жуық ЖОО солдаттарға жоғары білім беру туралы бастаманы қолдады. Жалпы, бұл бұрыннан бар тәжірибе, кеңес кезінде қолданылған, әлемде де бар, өзін-өзі ақтаған тәсіл. Ендеше осының арқасында әскерден қашатындар саны күрт қысқарып, керісінше армия қатарына ұмтылғандар сапы еселеп артуы мүмкін.
Өмірде әртүрлі жағдай болады. Қазіргі уақытта банктен немесе микроқаржылық ұйымдардан несие алған адамдар аз емес. Оның ішінде әскер жасындағы жастар да бар. Бозбаланың әскерге барудан жалтару себептерінің бірі де осы, мойындарындағы несиенің үстемеақысы көбейіп кетуден қорқады. Осы бір әскерге шақырылған жастар мен олардың отбасына әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында Қорғаныс министрлігі қолданыстағы заңнамаға өзгеріс енгізіп, әскердегі қызмет кезінде қазақстандықтардың кредитін кейінге қалдыру туралы ұсыныс жасады. Сондай-ақ, көпбалалы отбасында үлкен ұлы жұмыс жасап, отбасылық бюджетке кіріс кіргізіп отырғандары бар. Бір жанұяны асырап жүргендер де жетерлік.
Үкімет тарапынан азаматтарға жеңілдіктер аз жасалып жатқан жоқ. Жоғары немесе арнаулы оқу орнынының күндізгі бөлімінде оқып жатқан студенттер әскери есепке алынады, бірақ оқуы аяқталғанша әскерге шақырылмайды. Оқуын аяқтаған бойда ол азамат әскерге шақыртылады.
Адам, алдымен, білім алуы қажет. Біздің әскер кәсіби деңгейде. Сарбаздың қолындағы дипломына сәйкес, әскерде де сол игерген мамандығы бойынша қызмет етеді. Мәселен, бағдарламашы, автомеханик болып… Бір жағынан әскерде тәжірибе жинақтап келеді. Мемлекет басшысы да бұл турасында әскерге барған азаматтың квалификация алып шығуы керектігін баса айтқан болатын.
Байрам АЛИЕВ, 5546 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары,подполковник:
– Бүгінгі күні әскер жасына дейінгі жасөспірімдердің әскерге дайындығы өзекті мәселе болып келеді. Бүгінгі фактілер жарғыдан тыс өзара қарым-қатынас іс жүзінде түп-тамырымен жойылған және сирек кездеседі.
Жастардың әскери қызметке дайындығының жоғының себебі көп. Мәселен, смартфон мен гаджеттерге, компьютер ойындарына деген тәуелділіктің жағымсыз әсері көп. Оны біле тұра мойындамаймыз. Жасыратыны жоқ, бүгінде қолында гаджеті жоқ баланы сирек кездестіретін болдық. Ұялы телефон атаулы балабақшаға баратын бүлдіршіндерден бастап, жоғары сынып оқушыларына дейін бар. Одан кейінгі жастар туралы жақ ашпай-ақ қояйын. Көгілдір экранның көк бетін сыйпағандардың психологиясы өзгеріп бара жатыр. Экранның арғы жағындағы дүниелердің бүгінгі жастарға үйретері аз.
Кейбір ата-аналар өз перзентін шектен тыс еркелетіп, баланың бетінен қақпай, көңіліне қарап тәрбиелейді. Ал, мұндай көріністер баланың бойына кері қасиет пайда болуына тікелей жағдай тууына себеп болады. Баланы өсіріп тәрбиелеудегі басты мақсат қоғамдық өмірге «түзу кірпіш қалау» екенін ескере отырып, осы мақсатты жүзеге асыру үшін, алдындағы қандай болмасын қиындықтарын жеңуге баулу қажет. Өзін қоршаған ортамен қарым-қатынас жасауға, қоғамдық өмірдің әдет — дағыларын игеруге бейімдеу маңызды. Сонымен қатар, патриот, ержүрек адамды, табанды күрескерлерді тәрбиелеудің негізі мектепте қаланады. Бұл орайда мектептерде бастапқы әскери дайындық пәні мұғалімдеріне үлкен талап қойылады. Сондықтан бұл мұғалімдерге өз ісінің жетік маманы болу жеткіліксіз, олар білікті маман болумен қатар білімді, тың ақпараттардан хабары мол болуы шарт.
Одан бөлек, отбасындағы жалпы қарым-қатынас, үйдегілердің бір-біріне деген сый құрметі немесе басқалармен болған байланысы, сөз шеберліктері, яки болмаса, жағымсыз қылықтары жас баланың қалыптасуына үлкен әсер етеді.
Міне, біз ,алдымен, осы мәселелердің басын ашып, реттеп алуымыз қажет.
Аманжол КЕНЖЕҒҰЛОВ, запастағы майор:
– Соңғы кездері әскерімізде және қоғамда жастардың әскери қызметке ынтасы мен көзқарастарының нашар қалыптасу себептері, алдымен, отбасындағы тәлім-тәрбиенің төмендігінен деп ойлаймын. Және білім орындарында алғашқы әскери және технологиялық дайындық сабақтарына бөлінетін сағат санының жылдан жылға қысқартылуы мен материалдық жабдықталуы(қамтамасыз етілуі)талапқа сай болмауы да себептердің бірі. Алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні арқылы оқушылар мектеп қабырғасында жүріп қаруды таниды, саптық даярлықты меңгереді, өмірлік қауіпсіздік ережелерін жаттайды, әскери жарғының не екенін түсініп, әскери шеберлікті үйренеді.
Көптеген білім беру мекемелерінде саптық алаңы, кедергі жолағы(полоса прпрепятствие), оқу қаруы,тир, т.с.с жоқ. Сонымен қатар, алғашқы әскери және технологиялық сабағын мерзімді әскери қызмет өткермеген әйел адамдар жүргізеді. Бұрынғыдай бес күндік дала оқу жиыны талапқа сай өтпейді,бұл жиын оқу орындар ауласында өткізіледі және біздің батыс өңірінде бірде -бір әскери орта оқу орны(колледж) жоқ. Осы себептерден біздің жастарымыз әскерге физикалық және моральдық дайындықсыз барады. Әскерге аттанған сарбаздардың психологиялық дайындығы жоқ. Бұл соңғы кездері әскердегі өлімнің көбейіп кетуінің бір себебі.
Мүфти ҚҰБАЙДУЛЛИН, газет оқырманы, аға лейтенант:
– Мемлекеттің беріктігі мен халықтың тыныштығын күзететін қорғаныс күштерінің мықтылығы өте маңызды. Алайда, соңғы уақытта Отан алдындағы борышын өтеуге құлықсыздар қатары артып, қалқанымыздың оқ пен отқа төзімділігіне күмән көбейіп тұр. Әскерге барған жігіттер шыңдалады, тәртіпке үйренеді. Ертеректе ер азамат үшін әскери борышын өтеу үлкен мәртебе саналатын. Оның үстіне жауынгерлік борышын өтегендерді ауылдастары асыға күтіп, мақтауын асыратын. Ал, бүгінде барлығы керісінше. Қазіргі қоғамда орнаған қорқыныштың салдарынан кейбір ата-ана өз ұлының әлімжеттік пен зорлық-зомбылық құрбаны болғанын қаламайды. Сөйтіп, баласын әскерге жібермеудің барлық амалын жасайды. Жемқорлық жайлап тұрған мына заманда әскерге «не годен» болу да қиын шаруа емес. Біздер азаматтық борышымызды елден жырақта жүріп өткергенбіз. Германия жерінде болдым. Бірнеше ұлттың өкілі тату — тәтті екі жылымызды өткіздік. Ол кезде де әскерден қашу, әскерде жүріп қайтыс болған фактілер болды. Бірақ, сирек кездесетін.
Ұзақ жылдар алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ бердім. Педагог ретінде, басты себеп ретінде сарбаздар арасындағы қарым-қатынас, әлімжеттікті айтар едім. Ол тек әскерде ғана емес, мектеп, университеттерде де бар. Ақша жинау, қорқыту және т.б. өзіңіз білесіз, жоғары сынып оқушылары төменгі сыныптағы замандасын ұрып, соғып, өлімші жағдайға жеткізді емес пе?
Шындығында еркін қоғамның жас өскіні қатаң режимдегі тәртіпті басынан өткеруге қауқарсыздығы үгіт – насихаттың аздығынан болуы ықтимал. Өйткені әрбір борышын өтеп келгендер айналасындағыларға қиындықты айтып, уақытты өлтіресің деген қисынсыз әңгімелерін тықпалайды. Мұндайда керісінше, әскери өмірдің қызығы мен шыжығын баяндап, жасөспірімдердің қызығушылығын арттырған жөн болар еді.
Әскерге келген жас сарбаздарды әскери іске үйрету – әр командирдің міндеті. Осы орайда, әскердегі тәрбие жұмысының жетілдірілуге басымдық берілуі керек.
Ғани АРТЫҚОВ, Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің өкілі:
– Көпшілік орындарда әскерге шақырушыларды анықтау, оларды әскерге шақыру пункттеріне жеткізу және қолданыстағы заң талаптарын түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл – ел бойынша жүргізіліп отырған шара.
Рита ӨТЕУҒАЛИ