Әскер адамды шыңдайды
Атыраудағы Қазақстан Республикасы Ұлттықұланының 55/46 әскери бөлімінің жауынгерлік қамтамасыз ету ротасында қызметтік борышымды атқарып жатқаныма 6 айдан асты. Ақтөбе облысының тумасымын. Колледжден денешынықтыру мамандығын бітіріп, өз еркіммен әскерге келуге шешім қабылдадым. Ата-анам да бұл таңдауыма қарсылық білдірген жоқ. Олар да қарапайым еңбек адамдары.
Бұған дейін үлкендерден, жора-жолдастарымыздан әскердегі қызықтар мен қиындықтары жайлы жиі еститінбіз. Естіген мен көргеннің айырмашылығы бөлек екен. Бұл жерде қаланың қоғамдық тәртібін бақылап, түзету мекемелері мен концерттік іс-шаралардың қауіпсіздігін күзетеміз. Әскерге алғаш келген уақытта өзіндік қиындығы болады. Таңертең 6.00-де тәтті ұйқыны қиып, жылы төсектен ажырау оңайға соқпады. Алғаш қолға мылтық ұстап, нысанаға бағыттаған кезде де үйренісе алмай, қорқыныш сезімі кернейтін. Алайда, көп кешікпей бұған да үйреніп, қалыптасып алдық. Әскер адамның ойының қалыптасуына, болашаққа үлкен мақсаттар қоюға әсер етеді екен. Әскери қызметімді аяқтаған соң, полицияда қызмет етуді жоспарлап отырмын. Айтпақшы, бұл да әскерге келгеннен кейін пайда болған ойым.
Мен секілді жастарға, замандастарыма Отан алдындағы борыштарын өтеп, елге қызмет етуге шақырамын. Шынында да әскер адамды шыңдайды. Сондай-ақ, әскерге келгелі спорттық көрсеткішім де жақсарып, дене бітімімді нығайтып, салауаттылықты да серік етіп жүрмін. Өзім Ұлттық ұланға қызметке келгеніме өкінбеймін. Менімен бірге Шымкент қаласы, Түркістан, Маңғыстау облыстарының сарбаздары қызмет етеді. Осы сәтті пайдалана отырып, Ақтөбедегі ата-анама, бауырларыма, ағайын-туысқа сәлем жолдаймын.
Арсен САЙЛАУОВ,
Ұлттық ұлан жауынгері