«Ашық қоғамға – ашық арxивтер» осындай атаумен Атырауда республикалық семинар өтті

Ashyi o am a ashyi arxivter Қоғам

Атырау облысы мемлекеттік арxиві мен ҚР Президенті арxиві бірлесіп өткізген екі күндік семинарға Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан арxив қызметкерлері, тариxшылар қатысты. Семинар мақсаты – арxив қорындағы құнды құжаттарды қоғамның әрбір мүшесіне ашық, жариялы түрде ұсыну. Сондай-ақ, ұлттық арxив қорын заманауи талаптарға сай ақпараттандыру, электрондық жүйеге көшіру. Жиында «Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты электрондық арxивтің мүмкіндіктері мысал ретінде көрсетілді.

«Ашық қоғамға – ашық арxивтер»

Материя ҚАНАЛИЕВА, Атырау облысы мемлекеттік арxивінің ұлттық мұрағат қорын сақтауды қамтамасыз ету және мемлекеттік есепке алу бөлімінің басшысы:

 Сандық формат тиімді

– Архивте 500 мыңдай құжат, 600-ден аса қор бар. Сондай-ақ, кейбір жабылып қалған мекемелердің барлық құжаттары бізге тапсырылады. Өкінішке қарай, құжаттың көптігінен тең жартысы еденде жиналуда.

Құжаттың қолдан қолға жиі пайдаланылуы олардың зақымдануына, тозып, жыртылуына әкеледі. Ол үшін сандық форматқа көшудің мәні зор. Биыл-ғы Елбасы мақаласына орай біздің мұрағат қоры көптеген тың деректермен толықты. Олардың қатарында 1829-1911 жылдардағы Бөкей ордасындағы тарихи оқиға, олардың қазақ ертегілері, мақал-мәтелдері, Жайық өзенінің батыс бөлігіне қоныс аударған қазақ рулары тізімі бар.

Борис ЖАПАРОВ, ҚР Президенті мұрағатының директоры:

Бізге электронды архив керек

– Жыл басында Елбасы өзінің бағдарламалық «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жарыққа шығарған болатын. Соған сәйкес ел көлемінде тарихқа, өткен күнге қатысты барлық деректер жарыққа шығуда. Жас ұрпақтың ұлттық санасын қалыптастыру қазіргі кезеңде өте маңызды. Президентіміз өз сөзінде: «Дамыған отыз мемлекеттің қатарына жету үшін Қазақстанның жастары тек қана білім, ғылым, технологияны меңгеруі жеткіліксіз. Ол білімді өзінің ұлттық ерекшелігімен, мәдениетімен, тарихымен байланыстыруы керек» деп еді. Бұл ретте Корей, Жапония елдерінің тәжірибесін алуға болады. Біздің елімізде де көпшілікпен кездесу, тарихтың кейбір көлеңке тұстарын жарыққа шығару, архив қызметкерлерінің жұмыстарын жаңа кезеңге бейімдеу басталды.

Гаухар БЕКІШЕВА, ҚР Президенті архивінің қорларын сақтау және мемлекеттік есепті қамтамасыз ету басқармасының басшысы:

 Жүз мыңнан астам құнды құжат бар

– Семинарға «ҚР Президенті жәдігерлері» атты көрмемен 160 құжатты алып келдік. Аталмыш архивте 1918 жылдан қазіргі кезеңге дейінгі тарихты қамтитын 791 мыңнан аса құжат бар. Соның ішінде 100 мыңнан астамы аса құнды құжат қатарында. Атап айтқанда, Тұрар Рысқұловтың мақаласы бар. Алаш зиялысы мақалада өзінің Алаш Орда құрамында емес екендігі туралы мәліметтерді келтіріп, ақталып жазған. Сондай-ақф,  ЮНЕСКО-ның аса құнды құжаттары қатарына енген «Алтаудың хаты» және «Бесеудің хатын» әкелдік. Онда Мүсірепов, Ғатаулин, Дәулетқалиев, Алтынбеков, Қуанышевтар ашаршылық кезіндегі халықтың үкіметке наразылығын білдірген. Кейін өздері репрессия құрбанына айналғанын тарихтан білеміз. Күләш Байсейітоваға КСРО Халық әртісі атағы берілгендігі жөнінде сол кездегі бірінші хатшы Мирзоянның резолюциясымен құжаттар сақталған. И.Сталиннің өз қолымен жазған өмірбаянының, соғыс жылдарындағы Жамбыл Жабаевтың өлеңдерінің түпнұсқаларын да әкелдік.

Раиса ТАСТЕМІРОВА,  облыстық мемлекеттік архивтің бөлім басшысы:

 Тектік қордың мәні зор

– Мұрағатта 800-ге тарта жеке тектік қор бар. Жылына 15-18 адамның жеке тектік қорын ашамыз. Олардың ішінде С.Құбашев, С.Мұқашев, С.Зиманов, З.Камалиденов, Т.Мұхамбетқазы, Ш.Әбішев, Е.Досымов,      М.Исенов, Н.Имашев, сондай-ақ,  Н.Балғымбаев, Р.Шырдабаев, М.Дияров секілді белгілі тұлғалардың  жеке қорлары бар. Қазір электронды көрмелер жасауды қолға алдық.

«Ресей империясының ішкі саясаты» архивінен 1732-1799 жылдар аралығындағы «Қырғыз-Қайсақ» құжаттары қаралуда. Онда Сырым батыр, Әбілқайыр, Айшуақ,  Нұралы хандар, Пугачев көтерілісіне байланысты құнды құжаттар бар. Олар қорымызға қо-сылған жағдайда аса құнды құжаттар саны әлдеқайда артатыны сөзсіз.

Әбілсейіт МҰХТАРОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ғылыми–зерттеу орталығының директоры:

 Мұрағатшы жетіспейді

– Осы жиынды пайдаланып, Атырау университеті оқытушылары, ғалымдары тарапынан кадр даярлау мәселесін көтергім келеді. Өйткені, мұрағатшыларды дайындайтын еліміз бойынша бір ғана Қазақ мемлекеттік универсиеті бар. Оны бітіріп шыққан мамандар Қазақстандағы 200 мұрағатқа жетпейді. Бұл бағытта жергілікті әкімдік мамандарды оқытуға гранттарды көбірек бөлсе деймін.

P.S. Иә, жиын соңында түйіндегеніміз – қоғамдағы мұрағаттар рөлін көтеру. Ең бастысы, архив қорын түгелдей автоматтандыруға көшіру. Расында, бұған дейінгі ізденушілер мен зерттеушілер бір ақпаратты айлап-жылдап таба алмай жүретін. Іздеу барысында кететін шығынды, уақытты есептемегенде, адамның жүйкесі тозатыны айтпаса да түсінікті. Осы ретте көтерілген бастаманың игілігі болары анық.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз