Жарнама
Қоғам

Арыстар есімін ұлықтау – парызымыз

Аtr.kz/31 мамыр, 2020 жыл. Бұл нәубет жылдардың салқыны кез-келген отбасын айнналып өтпеді. Кім-кімің болса да тікелей туысы болмаса да, таныстарының арасында жазықсыз жапа шеккен жанның болғаны – тарихи шындық.

Нарын құмында туған ағам, әкемнің ағасы да осы зұлмат құрбаны болып, 1940 жылы жоғалып кетті, еш дерегі жоқ. Жалпы, бұл тақырып тарихшы болмасам да, маған етен таныс. Себебі 1988-1990 жылдары облыста арнайы комиссия құрылып, менің төрағалығыммен қуғын-сүргін құрбандарын ақтау іс-шараларын жүргізу қажет деген партия жарлығына сай, біраз істер атқарылды. Жапа шеккен жандардың әрқайсысының жеке құжаттарын, арнайы істерін ақтардым. Сол сәтте небір жантүршігерлік, сұрқия сорақылықтарды оқып, таныстым. Тіпті, үйіне келген қонаққа ешкісін сойып, құрмет көрсеткені үшін «Совет үкіметіне қарсы шықты» деген айып таңылған азаматтар туралы фактілер де болды.

Қасіретті тарихтың құрбаны болған жазықсыз жандар туралы сол жылдары жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде газет беттерінде оларды ақтап бірнеше материалдар бердік. Бұл – сол зұлматта зардап шеккендердің ұрпақтарына үлкен қолдау, жаралы көңілдеріне демеу болды.

Ал, бүгінгі күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың арнайы Үндеуін оқыдым. Қаншалықты қасіретті болса да, тарихымызды ұмытуға болмайды. Президент тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. Шын мәнінде, өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – барлығымыздың  перзенттік борышымыз. Сондықтан ұлт үшін бастарын бәйгеге тіккен арыстар есімдерін мәңгі ұлықтап өту – қастерлі борышымыз.

Қатимолла Ризуанов,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button