АРУЖАНДЫ АЯЛАҒАНДАР

Тағдыр тауқыметі әркімге әрқалай түседі. Біреу асарын асап, жасарын жасап барып қиындыққа кезіксе, енді біреулер өмір есігін ашпай жатып тұлдыр жетім болып қалады. Әрине, мұндай сәбилер, бақтарына қарай, далада қалып жатқан жоқ. Оларға мемлекет тарапынан үлкен қолдау, көмек көрсетілуде. Үкімет үйіндегі бұл балалар тамақтан да, киімнен де тарықпайды. Керек десеңіз, туған күндері де ойдағыдай тойланады...

Жақында Сабыр Қазыбаев атындағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үйінің тәрбиеленушісі Аружан Бисенованың туған күні ерекше аталып өтті. Оны құттықтауға «Әскерилендірілген темір жол күзеті» АҚ «Атырау темір жол күзеті» филиалы басшылығы арнайы келді. Туған күн иесі Аружанды он жасымен арнайы құттықтаған филиал бастығы Амантай Айжігітов оған ұялы телефон тарту етіп тұрып:
– Біз іргелі ұжым ретінде осы қызымызды өз қамқорлығымызға алудамыз. Оның атына «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкісінен» есепшот ашып қойдық. Бұйырса, ұжымымыздағы барша еңбеккер болып жылма-жыл бір күндік еңбекақымызды сол есепшотқа аударатын боламыз. Қызымыздың дені сау, өмірі бақытты болуы үшін біз де бір кісідей жауаптымыз деп ойлаймыз, – деді.
Бұдан кейін облыстық білім беру басқармасы бастығының орынбасары Злиха Дүйсекенова, Атырау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әліпқали Бекеш, «Атырау темір жол күзеті» филиалының кадр бөлімі бастығы Бауыржан Қартан сөз алып, ықылым заманнан қазақ халқының жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған ел екендігі, қайырымды ағалары барда кішкене Аружанның да болашағы жарқын болатыны жайлы кеңінен әңгімеледі. Ал, балалар үйінің директоры Сәния Мусиева дәл осындай мырзалық пен азаматтық істің үкімет үйі тарихында тұңғыш рет жүзеге асып отырғанын, болашақта оның жалғасы табылатынына сенетінін айтып, аталған ұжым әкімшілігіне орасан зор ризашылығын білдірді.
Туған күн иесі Аружанның құрметіне балалар үйінің балғын өнерпаздары – Сулейман, Айман, Сергей тамылжыта ән шырқап, «Таңшолпан» бишілер тобы әсем би билеп берді. Ал, өзінің он жасын бүкіл интернат үйі мен «Атырау темір жол күзеті» филиалы ұжымы болып атап өтіп отырған Аружанның бұл күні көңілі қатты босады. Білмейміз, бұл мүмкін қуаныштан ба, болмаса жүзін көрмеген ата-анасын сәби жүрегінің аңсап, сағынуы ма не болғанда да оны көрген көпшіліктің өздері көз жасына ерік берді…

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз