АРТЫҚШЫЛЫҒЫ КӨП «ЭВОЛЮШН»
Елордамыз Астанадан америкалық-қазақстандық «Эволюшн» жүк тепловоздары шығарыла бастағалы локомотив парктері біраз жаңарып қалды. «Эволюшн» тепловозы ең алғаш елімізде 2009 жылы 7 желтоқсанда Астана қаласында пайдалануға берілді. Содан бері «Эволюшн» сериялы қуатты әрі тиімді, өте үнемді тепловоздар алып, Отанымыздың түкпір-түкпіріне тартылған темір жолдарында тоқтаусыз жүйткуде. Жуырда Атырау локомотив депосының паркі осындай 10 тепловозбен толықты.
— «Эволюшн» жүк тепловоздарының келуі парктің жаңаруымен қатар, станциялардың өткізу қабілетін арттыруға, жүк тасымалы көлемін ұлғайтуға да септігін тигізіп отыр. Бұрыннан депода 20 жүк, 17 маневрлік, 9 жолаушылар тепловозы болса, енді тағы 10 жүк тепловозымен толығып отыр. Бұлар Қазақстанның түкпір-түкпірінен – Ақтөбе, Қызылорда, Семей, т.б. қалалардан келіп жеткен тепловоздар. Бұл жаңа тепловоздарды жүргізу әдісін меңгерту үшін арнайы мамандар, әбден маманданған машинист-нұсқаушылар келіп, жергілікті машинистерге үйрету үстінде. Қазіргі уақытта аталған 10 тепловоз Атырау-Ақсарай телімінде жүк тасымалында жүр, — дейді депоның жөндеу-бақылау бөлімінің бастығы Нұрлан Қорғанбаев.
Жаңа тепловозды алғаш жүргізген депо машинистерінің бірі Асхат Бекешовтің айтуынша, аталмыш тепловозбен жұмыс істеудің артықшылықтары көп. Ішінде тоңазытқыш, кондиционер сынды барлық тұрмыстық техникалар бар, негізінен компьютермен басқару жүйесі енгізілген. Сондықтан машинистер сол жағынан білімді болса, «Эволюшнмен» жұмыс істеудің еш қиындығы жоқ.
— Тіпті, ақау бола қалған күнде де, компьютерден қай жерде қандай ақау бары көрініп тұрады. Тепловозды жүргізудің қиындығы жоқ, бірақ, мұқият болу керек, тек жұмыс ыңғайына қарай қажетті деген тетіктерді ғана басып отырған дұрыс. Сонда ештеңеден қорықпай батыл жүруге болады, — дейді сөзге араласқан машинист көмекшісі Айбек Алимов.
Астана қаласында магистральдық, бір секциялы, 6 осьті «Эволюшн» жүк тепловоздарына «ТЭ33А» сериясы таңылды. Темір тұлпар сағатына 120 шақырым жылдамдықпен магистральдық темір жол желісінде жүк пойыздары қозғалысын қамтамасыз етіп, қызу еңбектің тайқазанын қайнатпақ. «Еуро-3» экологиялық ережелеріне сай машина ауаны ластайтын зиянды қалдықтарды бұрынғы «әріптестеріне» қарағанда 40 пайызға аз шығарады. Май мен жанармай үнемділігі 17 пайыз төңірегінде. «Эволюшннің» жөндеуге 92 күнде бір-ақ рет кіретіні де ескі сериялы локомотивтердің «құлағында ойнаған» мамандарға біраз жайттан хабар берсе керек. Кабина да мұқият тысталған, іші жайлы.
«2020 жылға тақау, «Локомотив» АҚ даму стратегиясына сәйкес, еліміздің теміржол тармақтарында, осьтік қуаты нығайған, пойыздарды автоматты жүргізуде интеллектуалды жүйе енгізілген, машинисті сергек күйде ұстауды бақылауды қалт еткізбейтін, қызмет көрсету аясы кең, жөндеуге сирек кіргізілетін 1100 жаңа локомотив жүйткитін болады. Тағы бір қуантарлық жайт, бұл темір тұлпарлардың қоршаған ортаға тигізер зардабы аз. Осындай тамаша артықшылықтарды ескере отырып, болашақта орташа техникалық жылдамдықтың өсуінен, жанар-жағармай-қуат қорларының үнемделуінен, еңбек өнімділігінің еселенуінен үміттіміз» дейді «Локомотив» АҚ президенті М.Медеубаев.
Қ.САТУҰЛЫ.