АРШЫП АЛАР АҚИҚАТ КӨП
Қазақстанның, соның ішінде батыс өңір қазақтарының 1836-1838 жылдары орын алған қарулы көтерілістерінің тарихына 175 жылға тарта уақыт өтіп, сан алуан еңбектердің пайда болуына, ол жөнінде түрлі көзқарастар айтылып, оның тарихнамалық проблемаға айналғанымен арнайы сараптамалық еңбектер жарық көрмеді. Қазан төңкерісіне дейін жарияланған көтеріліс жөніндегі арнаулы еңбектер саусақпен санарлықтай. Ал, тарихнамалық ізденістер жоқтың қасы.
Аталмыш төңкеріске дейінгі жарық көрген нарративтік әдебиеттер, этнологиялық, географиялық шолулар Бөкей Ордасының әлеуметтік, экономикалық дамуына арналды да, ондағы саяси ахуалға сипаттама бергенде ғана Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы оларға ерген қараша халық «заңды өкіметке» қарсы шыққан «бүлікшілер» ретінде көрсетілді. Соның өзін де тарихнамалық ізденістің бір белгісі, авторлар көзқарасын анықтауға қажетті элемент ретінде қарастыруға болады. Ол кезеңдегі әдебиеттің көпшілігі Жәңгір ханды ұлықтауға арналды. Себебі, орыс отаршылдығының басқару жүйесіндегі шенеуніктер, тіпті ресми көзқарастағы тарихшылар мен этнологтар оған Бөкей ордасындағы патша үкіметінің сенімді өкілі ретінде қарады. Тарихнамалық талдау тұрғысынан қарағанда бұл бағыттағы ізденістер де қарсы жақтың көтеріліске қатысты ұстанымдарын, оның алғы шарттарын анықтауға септігін тигізетінін мойындау керек.
Қозғалысқа объективтік баға қазақ авторларының, ақын-жырауларының бірен-саран еңбектерінде кездескенімен, оларда да тарихнамалық талдау ұшыраспайды. Оның есесіне, бұл сипаттағы шығармалар оқиға барысын және оның заңдылықтарын, көтеріліс жетекшілерінің мінез-құлқын, саяси көзқарасын, халық мүддесіне өмірін қиған тұлғалар ретінде баяндаудағы шыншылдығымен және дәлдігімен ерекшеленеді. Олардың ішінде ауызша тарихнаманың құнды ескерткіші ретінде Ығылман Шөрекұлының ‘‘Исатай-Махамбет’’ дастанын ерекше атауға болады. С.Бабажанов, М.Бекмұхамедов еңбектерінде де тарихнамалық ізденіске қажетті сыни көзқарастардың нышаны байқалады.
Ал, 1917 жылға дейінгі еңбектер проблеманың тарихнамасын қалыптастыра қойған жоқ. Тек патшалық Ресейдегі және дәстүрлі қазақ қоғамындағы «қоғамдық-экономикалық формацияның» ауыстырылғаннан кейін ғана Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған көтерілісті, жалпы алғанда, Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалысы тарихын методологиялық және методикалық тұрғыдан қайта қарастыруға жол ашылды.
Көтеріліс тарихнамасының қалыптасуында өткен ғасырдың 20-жылдары жарық көрген Г.Сербаринов пен А.Ф.Рязановтың еңбектері кейінгі зерттеу барысына елеулі ықпал етті. Еңбектерге алғаш рет мұрағаттық деректер қолданылды. Бұл кезеңдегі ғана емес, жалпы алғанда көтеріліс тарихнамасында Х.Досмұхамедұлының шығармалары ерекше орын алады. Ол Қазақстандағы ұлттық қозғалыстардың барлығында патшалық Ресейдің отарлық саясатына қарсы бағытталғандығы, прогрессивтік және феодалдық-монархиялық қозғалыстар деп бөлуге болмайтындығы, бірыңғай ағым теория тұрғысынан қарастыру керектігі туралы пікірді ұсынды.
Бұдан кейінгі 1970-1980 жылдарда көтеріліс тарихын зерттеуге арналған еңбектерді жүйелеу қысқа шолуларда эмпирикалық түрде жүргізіліп, біршама ілгерілеу байқалды. Көтеріліс тарихының кейбір қырлары Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалысының барысы мен сипатына арналған Д.И.Дулатованың «Революцияға дейінгі Қазақстан тарихнамасы» деген еңбегінде, осы тақырыптағы докторлық диссертациясында, түрлі ғылыми жинақтар мен конференциялардың материалдарында баяндалды.
1980-ші жылдардың аяғы мен 1990-шы жылдардың бас кезінде бұл салада Ж.Қасымбаевтың, Н.Е.Бекмахановтың, А.К.Бисембаевтың мақалалары жарияланды. Бұл авторлардың ізденістері кеңірек түрде З.Алдамжаровтың «Тарих: пайым мен тағылым» деген 2003 жылы жарық көрген түрлі мақалалар жинағында жалғасын тапты. Ондағы тарихтың методологиялық мәселелеріне арналған бөліміне К.Л.Есмағамбетов пікір білдіріп, бұл жөнінде баспасөз бетінде де рецензия жарияланды.
Көтеріліс туралы зерттеулердің деректік негіздері ауызша тарихнама мен халық жадында сақталған мәліметтермен толыға түсті. Өткен ғасырдың 20-30-шы жылдары Ы.Шөрековтің, А.Маметовтің, Т.Байшеркешовтің шығармалары мен ізденістері, жазушылар Қ.Жұмалиевтің, Б.Аманшиннің, Ә.Сарайдың еңбектерінің де өзіндік орны болды. Бұлардың жұмыстарында мұрағат материалдарын пайдалану сезіледі, бірақ салыстырмалы талдаулар жасалынып, деректер сыналмаған. Соңғы жағдай, яғни аталмыш авторлар еңбектерінің ғылыми-анықтама аппаратымен жабдықталмауы оларды тарихнамалық тұрғыдан талдауды қиындатады.
XX ғасырдың 90-жылдарынан бастап Қазақстандағы идеологиялық және саяси жағдайдың өзгеріске ұшырап, тарихшы ғалымдар маркстік методологиядан плюралистік көзқарасқа негізделген өркениеттік теорияға және ‘‘көп факторлы’’ теорияға көше бастады. Бұл үрдіс тарихи санамен тығыз байланыста екендігін айқын көрсетті. Соңғы кезеңде жарық көрген еңбектердің ішінде К.Л.Есмағамбетовтің ‘‘Азат рухтың күрескері’’ атты монографиясы дүниежүзілік тарих ғылымының жетістіктерімен ерекшеленеді. Сонымен қатар, автордың ‘‘Махамбет әлемі’’ сериясынан ‘‘Арыс’’ баспасынан шыққан кітаптарға жазған алғы сөздері мен ғылыми түсініктемелерін атап өту керек.
Отандық тарихнамада орын алып келе жатқан кейбір қайшылықты пікірлер мен Махамбет Өтемісұлының туғанына 200 жыл толуына және Исатай Тайманұлының 220 жылдығына байланысты өткізілген ғылыми-теориялық конференциядағы баяндамаларда да 1836-1838 жылдардағы халық қозғалысы туралы тың ойлар ортаға салынды. Десек те, Бөкей ордасы мен кейін Жайық өзенінің азиялық бетінде орын алған Исатай мен Махамбет бастаған көтерілісі жайында жазылған еңбектер әлі де теориялық-методологиялық негіздерін анықтауды, арнайы жүйелі зерттеуді қажет етіп отыр.
Лесқали БЕРДІҒОЖИН,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті З.Қабдолов атындағы гуманитарлық ғылыми орталығы директоры, тарих ғылымдарының докторы.