Жарнама
Қоғам

Ардагерге құрмет – қоғамға өнеге

«AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы Отбасы және халықтың әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі аймақтық кеңесте бірқатар маңызды әлеуметтік мәселе қаралды.

Кеңес отырысының күн тәртібінде үш өзекті мәселе көтерілді. Біріншісі – «Ардагерлерді ардақтайық» жобасының жүзеге асу барысы. Жоба аясында облыстағы медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрып жатқан қарттар мен мүгедектігі бар азаматтардың жағдайына мониторинг жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, кемінде 500 ардагерге, тыл еңбеккеріне және жалғызбасты қарттарға әлеуметтік көмек көрсету көзделуде. Бұл бағыттағы жұмыстарға облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен денсаулық сақтау басқармасы жауапты екен.

Кеңесте қаралған екінші мәселе – отбасылық жанжалдарды шешу және аналарды қолдау. «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес әр қала мен ауданнан балалары бар әйелдерге арналған қолдау орталықтарын ашу қарастырылған. Қазіргі таңда Атырау облысында бар болғаны 1 ғана орталық (20 орындық) жұмыс істеп тұр. Отырыста аталған орталықтың жұмыс жағдайы талқыланып, алдағы уақытта осындай орталықтарды көбейту жоспарлары айтылды.

 Үшінші мәселе – «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясындағы атқарылып жатқан жұмыстарға арналды. Бұл бағытта өмірлік қиын жағдайдағы отбасылар мен балаларға қолдау көрсету үшін жедел әрекет ету топтарының қызметі жолға қойылған. Сонымен қатар зорлық-зомбылықтың және қатыгез қарым-қатынастың алдын алу шаралары да қарастырылды. Бұл кешенді жұмысқа Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, білім және денсаулық сақтау басқармалары, Полиция департаменті, қала мен аудан әкімдіктері жұмылдырылған.

 Аталған мәселеге орай  Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше,  қазіргі таңда «№4 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында» 99 адам стационарлық жағдайда қызмет алуда. Олардың ішінде 39-ы – мүгедектігі бар азаматтар, 60-ы – егде жастағы, өз-өзіне күтім көрсете алмайтын адамдар. Қызмет алушыларға жеті бағыт бойынша (медициналық, әлеуметтік-тұрмыстық, психологиялық, мәдени, құқықтық, экономикалық және еңбек) кешенді көмек көрсетіледі. Сонымен бірге, орталықта мерекелік іс-шаралар өткізіліп, мәдениет үйлері, мұражайлар мен саябақтарға бару ұйымдастырылады.

 ­–Облыс бойынша 807 адамға үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілуде екен. Оның ішінде 587-сі – қарттар мен мүгедектер, ал 220-сы – ерекше қажеттілігі бар балалар. 2023 жылы Атырау қаласында ашылған «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығында зейнеткерлерге дене шынықтыру, қолөнер, музыка, психологиялық кеңес, құқықтық қолдау және мәдени демалыс түрлері ұйымдастырылған. Өткен жылы бұл орталықта 645 зейнеткер, ал осы жылдың алғашқы 5 айында 169 зейнеткер қызмет алды. Жылыой ауданында да осындай орталық іске қосылды. Бүгінде 250 зейнеткер тіркеліп, белсенді қатысып жүр, — дейді басқарма басшысының орынбасары Альфия Төлеғариева.

   Кеңесте көтерілген екінші мәселе – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мен зардап шеккен азаматтарға қолдау көрсету болды. Атырау облысында қазіргі таңда 30 орынға арналған «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» жұмыс істеп тұр. Мұнда 11 жатын бөлме, балалар бөлмесі, ас үй, емдеу кабинеті және басқа да қажетті инфрақұрылым жасақталған.

  Баяндамашының айтуынша, биылғы ақпаннан бастап бұл орталық жаңа форматта қайта құрылып, бүгінгі күні мұнда 18 қызмет алушы (5 әйел, 13 бала) тұрып жатыр. Сонымен қатар, орталыққа 187 адам жүгініп, әлеуметтік, психологиялық және заңгерлік кеңес алған. Орталық қызметі тек паналау орны ретінде ғана емес, сонымен қатар зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған семинарлар, тренингтер өткізу арқылы қоғамда отбасы құндылығын нығайтуға үлес қосып келеді.

   Аймақтық кеңесте үшінші болып қаралған тақырып – «Бақытты отбасы» жобасы аясында өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылармен жұмыс жасау және зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі. Осы жылдың тамызынан бастап Атырау қаласы мен жеті ауданда «Отбасын қолдау орталықтары» құрылып, жұмыс істей бастады. Ағымдағы жылдың алғашқы бес айында бұл орталықтарға 810 адам жүгінді, оның ішінде 116 адам нақты сүйемелдеуге алынып, қажетті қолдаулар көрсетіліпті.

Жүйелі қолдау – нақты нәтиже

   Облыста  республика бойынша жүзеге асырылып жатқан «Ардагерлерге көңіл бөлу және қамқорлық» ұлттық жобасы аясында жүйелі медициналық және әлеуметтік қолдау шаралары іске асырылуда. Бұл туралы «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы Отбасы және халықтың әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі аймақтық кеңес отырысында облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Әбілова мәлімдеді.

  Осы жылдың қорытындысы бойынша облыс бойынша 65 жастан асқан 79 834 қария тіркелген. Олардың ішінде 43 327 адам үй жағдайында стационарлық қызметпен қамтылған болса, оның 11 518-і – қарт жастағы азаматтар. Сонымен қатар, 8 675 үйге шақырту жасалып, 5 123 ардагер бейінді мамандардың қабылдауында болған.

Қарттарға қажетті медициналық қызметтер, атап айтқанда ЭКГ, қан талдауы, басқа да диагностикалық шаралар үйде көрсетіліп, мобильді қызметтердің ауқымы кеңейтілді. Бұл бастамалар аясында жалғызбасты және әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға психологтар мен әлеуметтік қызметкерлердің қатысуымен жан-жақты кеңестер мен қолдау ұйымдастырылды.

  «Қарттар мектебі» аясында ақпараттық-танымдық жұмыстар белсенді жүргізілді. Сондай-ақ, облыстық тері-венерологиялық диспансер ардагер медициналық қызметкерлерді үйіне барып құттықтап, тексеру жүргізсе, қалалық және аудандық емханалар соғыс және Чернобыль ардагерлеріне бейінді мамандармен үйде қызмет көрсетті. Ардагерлерге қажетті дәрі-дәрмектер әлеуметтік қызметкерлердің көмегімен үйлеріне жеткізілді, ал жергілікті бюджет есебінен тегін дәрілік заттармен қамтамасыз ету тұрақты жүргізілуде.

  Мемлекеттік қамқорлық шеңберінде биыл Алматы қаласына – 31, Астана қаласына – 35 ардагерге арнайы клиникалық госпитальдарға жолдама берілді. Бұл ардагерлердің денсаулығын жақсартуға және сапалы оңалту қызметтеріне қол жеткізуіне мүмкіндік берді.

 Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан ардагерлерге көрсетілетін медициналық және психологиялық қолдау жұмыстары есептік кезеңмен шектелмей, жыл бойына тұрақты негізде жүргізіледі. Ардагерлерге деген құрмет пен жан-жақты көмек – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде қарастырылуда. Алмагүл Әбілованың айтуынша, өңірдегі барлық медициналық ұйымдар ардагерлердің денсаулығын сақтау, өмір сүру сапасын жақсарту және әлеуметтік оңалту бағытында жұмыстарды одан әрі жалғастыра бермек.

Қиындықтағы жанұялар – мемлекет қорғауында

    Өңірде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл бойынша кешенді жұмыстар жалғасуда. Бұл туралы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Асылхан Сақтағанова баяндама жасады. Айтуынша, ағымдағы жылдың басынан бері облыс көлемінде 2656 хабарлама тіркеліп, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 73-бабы бойынша 2328 әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде 1951 іс бойынша қорғау нұсқамасы шығарылған, 486 құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленген, қорғау нұсқамасын бұзған 142 адам ҚР ӘҚБтК-нің 461-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

–Полиция тарапынан жүргізілген жұмыс нәтижесінде, өмірлік қиын жағдайға тап болған 12 отбасы анықталып, Отбасын қолдау орталығына жолданды. Бұл отбасыларға заңгерлік және әлеуметтік кеңестер беріліп, құқық бұзушы тараптарға 12 әкімшілік хаттама толтырылып, қорғау нұсқамалары берілді. Сонымен қатар, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларға қолдау көрсету мақсатында 3 әйел мен 7 бала Дағдарыс орталығына орналастырылды. Орталықта оларға уақытша баспана, психологиялық көмек, әлеуметтік қолдау және қажетті құқықтық кеңестер көрсетілуде, — дейді Асылхан Жеткінқызы.

  Білгеніміздей, отбасындағы зорлық-зомбылықты болдырмау бағытында алдын алу шаралары тұрақты негізде жүргізілуде. Полиция мен әлеуметтік мекемелер бірлесіп, ақпараттық түсіндіру жұмыстары, рейдтер, кездесулер, семинарлар мен тренингтер ұйымдастыруда. Бұдан бөлек, құқық қорғау органдары тұрғындар арасында құқықтық мәдениетті арттыруға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған жұмыстарды жалғастырып отыр.

   Кеңесте әрі қарай, білім беру басқармасы мен аудандар жасалған жұмыстарына тоқталды. Әсіресе, мектептерде балалармен психологиялық жұмыс, отбасылық қарым-қатынасты бақылау, зардап шеккендерге медициналық және психологиялық көмек көрсету, құқықтық шара қолдану мәселелері кеңінен талқыланды.

  Отырыс қорытындысында тиісті мемлекеттік органдар мен мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп, әлеуметтік әлсіз топтарды қорғау бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттілігі айтылды.

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button