Жарнама
Қоғам

Ардагер аналар айрықша құрметке бөленді

Таңдап алған мамандығының білгірі болу, адал маңдай термен аянбай еңбек ету – әрбір адамның абыройлы борышы іспетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Жұмысшылар жылы деп жариялаған еді. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязында табиғаттың тосын мінезінен тайсалмай, нағыз еңбектің қазанында қайнаған аяулы аналар ортамызда баршылық. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып, зейнет жасына шыққан ардақты жандар «AMANAT» партиясының облыстық филиалында «Еңбек адамы – ел мерейі» тақырыбында тағылымды шарада айрықша ұлықталды.

Алғашқы сөз кезегін алған партияның облыстық филиалының төрағасы Абдолла Идресов адал еңбектің маңыздылығына тоқталды.

– Халқымыз «Еңбек етпей, елге өкпелеме, егін екпей, жерге өкпелеме», «Еңбек ердің атын шығарар» деген нақылдарды тегін айтпаса керек. Тәуелсіз елдің еңсесі тіктеліп, қадамын алға басуына мұрындық болған асыл аналарымыздың ғұмыр жолы көпке үлгі, өскелең ұрпаққа өнеге. Ауыр еңбектің ыстығы мен суығына қатар төзетін еңбек адамы – қашан да елдің мақтанышы. Оларға деген құрмет шексіз, ізет бөлек, — деген А.Идресов барша асыл әйел-ананың дендеріне саулық, шаңырақтарына шаттық пен береке тіледі.

Атырау қалалық мәслихат депутаты, облыстық «Әйелдер күштері Альянсы» жанындағы «Көшбасшы әйелдер» саяси мектебінің жетекшісі Айжан Сәрсембаева партияның облыстық филиалының төрағасы Абдолла Идресовқа серіктестік меморандумға қол қоюды ұсынды. Бұл меморандумның басты мақсаты әйел-аналардың жағдайын жақсарту, олардың әлеуметтік мәртебесін өсіру, экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту, бірлескен түрде туындаған мәселелердің оңтайлы шешімін табу болмақ.

Сондай-ақ, облыстық «Әйелдер күштері Альянсы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Нұрлы Айтиева ізгі тілегін білдіріп, бірлестік атынан ардагер аналарға Алғыс хат, сый-сияпат ұсынды. «Аман-жан жылуы» қоғамдық қорының жетекшісі Ақмарал Сарсембиева да үлкендерге құрмет көрсету үрдісін жалғады. Көңілдері нұрға, құшақтары гүлге толған нәзік жандылар көрермендерге еңбек жолдарынан үзік сыр шертіп, ақ ниет-батасын жаудырды.

Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button