Жарнама
Қоғам

АРДАҚТЫ АҒА, ҒҰЛАМА ҒАЛЫМ

 Кейінгі ұрпақтың жадында жүрсін, енді Таумұш Жұмағалиевтың өмір деректеріне тоқталып көрелікші. Ол 1918 жылы 21 тамызда Қызылқоға ауданының Көздіқара ауылында дүниеге келген. Содан жиырма жасында Гурьев мұнай техникумын тәмамдаған соң біраз уақыт Доссор мен Ескене кеніштерінде еңбек етіп, 1940-1945 жылдары Қазақ тау-кен, металлургия институтында студент кезінен-ақ ғылым жолына бет бұрады. Тіпті 1942 жылы Геология ғылымдары институтының директоры, академик Қаныш Сәтбаевтың ұсынысымен оқуын аз-кем тоқтатып, Маңғыстау жарты аралына жіберіледі. Осы өңірде елдің қорғаныс қабілетін нығайтатын жаңа кен орындарын зерттеу қажеттілігі туған-ды. Содан 1945-1947 жылдары жоғары оқу орнын бітірген соң Ескене мұнай кәсіпшілігінде бас геолог қызметін атқарады.
Ал, одан әрі ғалымның ғылым жолындағы жұмысы басталады. Алдымен, Қазақ КСР Ғылым академиясының Жайық-Ембі ғылыми-зерттеу базасына ауыстырылады. Бұл ғылыми орталық – қазіргі елімізге белгілі «КазНИГРИ» институты. Сайып келгенде, Елбасы сыйлығына ие болып, аты алысқа кеткен ғылыми мекеменің іргетасын қалаған да осындай жайсаң жандар.
Таумұш Жұмағалиев, шын мәнінде, Жайық-Еділ бойындағы мұнай-газ құрылымдарының ашылуына үлкен үлес қосқан адам. Бәзбіреулердің бұл маңда іздестіру жұмыстарын жүргізу ешқандай нәтиже бермейді деген көзқарастарына келіспей, сейсмикалық және геологиялық барлау шараларын ұйымдастыру қажеттігін табанды талап еткен. Соның нәтижесінде бүгін мол өнім беріп отырған талай кен орындары дүниеге келді. Мәселен, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының Жайық мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты Қамысты, Мартыши, Жаңаталап пен Гран кеніштері осындай ізденістер нәтижесінде игерілді.
Сонау 1955 жылы Таумұш Жұмағалиев геология-минералогия ғылымдарының кандидаты атағын иеленді. Жас ғалымның диссертациялық жұмысына талайды көрген мамандардың өздері жоғары баға берді. Оның ғылыми тұжырымдамалары негізінде 1959 жылы Гурьевте өткізілген Бүкілодақтық мұнай-газ тақырыбына арналған ғылыми-техникалық конференциясы қорытындысымен Жайық-Еділ аралығы мен Каспий ойпатында кең көлемде геофизикалық және геологиялық іздестіру жұмыстарын жүргізуге шешім қабылданады.
Ал, 1972-1985 жылдары Таумұш Жұмағалиев «КазНИГРИ» институтына жетекшілік етті. Көрнекті ғалымның ғылыми іздестіру саласындағы ірі еңбегі осы кезеңде де танылды. Бүгінде ел экономикасына елеулі үлес қосып, мемлекет байлығын тасытып отырған Каспий ойпатындағы ондаған кен орындары – осы ғұлама ғалымның еңбегі. Оның, әсіресе, Қарашығанақ кен орнын қатарға қосудағы еңбегі ерекше. Таумұш Жұмағалиев осы өңірдегі мұнай-газ алаңдарын ашуда сіңірген ерен еңбегі үшін бір топ ғалыммен бірге Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Атақты ғалым Каспий ойпатты өңірінің тұтас геологиялық картасын жасақтауға да белсене қатысты.
Әсіресе, Қазақ КСР Батыс Қазақстан геологиялық басқармасын басқарған кезінде Шығыс Жетібай, Шағырлы, Арыстан, Қарақұдық, т.б. кен орны ашылған-ды. Сонымен қатар, Индер ауданындағы табиғи байлықтарды кешенді игеру шаралары қолға алынған еді.
Таумұш Жұмағалиевтың кезінде «КазНИГРИ» институты жанынан ұйымдастырылған, соңынан арнайы экспедицияға ұласқан тәжірбие бүгінде әлемге әйгілі Қарашығанақ пен өзге де кен орындарының қатарға қосылуына септігін тигізді.
Ғұлама ғалым бүкіл саналы ғұмырын халқына қызмет етуге арнады. Ол Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды, «Халықтар достығы» мен «Құрмет» ордендерімен марапатталды.

Қосан ТАСҚЫНБАЕВ,
ғылым кандидаты,
«ҚазНИГРИ» институтының директоры.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button