Арайлы ақ таңдар
Бала кезден бойтұмар қып, жаныңдай сүйсең, соның қыр-сырын үйреніп, өмір бойғы ажырамас серігіңе айналса, адам үшін қай мамандық та қадірлі. Соның бірі – еріккеннің ермегі емес, Құдай берген қасиет, ананың сүті, әкенің қанымен даритын өнердің ішінде журналистиканың орны зор. Ол сөз қуған жақтың бүлкілдеген көмей мен ділмәрланған тілдің жемісі емес, бұрқыраған қан, буыр-қанған сананың жемісі.
Айтқали да журналист болуды бала кезден армандады. Өйткені, отбасы, әкесі қазақтың киелі сөзін қатты қа-дірлейтін. Оған мүмкін әуелден бала кезінде қол бастап, артына сөз тастаған Сырым бабасынан қалған шешендік пен көсемдік әсер етті ме, әлде өзі өскен ортасының сыйы ма, әйтеуір ол 1965 жылы Ганюшкинде 11-сыныпты ойдағыдай аяқтағанда еш алаңсыз ҚазМУ-дың журналистика бөліміне аттанды. Қабылдау сынақтарынан бүйір қақпай бүлкілдеп өтті. Оқу орны қабыр-ғасында қоғамдық жұмыстарға белсене араласты, студенттердің ғылыми жұмыстарына қатысып, одақтық ғылыми конференцияларда баяндама жасады.
Бірақ, ол әуелден мамандығым журналист екен деп «шөп те өлең, шөңге де өлең» дегендей қаламына ілінгеннің бәрін жаза бермейтін, тек өзін толғандыр-ған немесе газет тапсырмасына сай, өзекті тақырыптарға ғана баратын. Сол әдеті оқуын бітіріп, облыстық «Коммунистік еңбек» газетіне келгенде де анық аңғарылды. Редакция босағасын аттағанда ол «маңдайыма өзіме таныс, оң жамбасыма келетін ауыл шаруашылығы бөлімі бұйырса екен» деп ойлаған. Бірақ, ұсыныс олай болмады. Газет редакторы Түсіп Бисекенов өнеркәсіп, көлік және құрылыс бөлімінің меңгерушісі Әміреш Жұмағалиевті шақырып алды да, «Әміреш, мына бала бүгіннен бастап сіздің бөлімде жұмыс істейтін болады. Мұнай тақырыбын біліңкіремейтін шығар, үйрет! Темір жолға көбірек жұмсарсың» деп тал бойында тарамыстанған терісінен басқа бір қуырым еті жоқ қырықтардағы жігітке ілестірді де жіберді.
Айтқалидың тас төбесінен қаңтардың қақаған мұздай суын құйып жібергендей болды. Өйткені, өмір бойы Қиғаш жағалаған қара сирақ жігітке өмірінде көрмеген мұнай мен газ, соңғы төрт жылда ғана аяқ артқан темір жол тақырыбын жазатын журналист болу үш ұйықтаса түсіне кірмеген іс болатын.
Сөйтсе, әлгі Әміреш ағасы төрде отырады екен, Айтқалиды қақ алдындағы үстелге жайғастырды. Содан соң «қай өңірденсің?» деп сұрады. Бұл жөнін айтты.
– Ендеше, біздің бөлім саған қиындау екен, әйтсе де үйренесің. Мына отырған жігіттердің қай-қайсысы да мұнай сапырып, пойыз айдаған ештеңесі жоқ. Көрді, жазды, ақыры үйренді. Сен де солай. Ол аздай, ертең біреулерге ақыл үйретіп, аға боласың, — деді.
Бөлмедегі жігіттермен таныстырды. Алдына бір қоржын хатты қойды:
– Мыналарды ірікте, кейбірін қорытасың, мына бір екі-үшеуін тексеруге жібересің. Қалғанына жауап жаз, жарияланбауының себебін айт. Бірақ, бәрін де, алдымен, менімен келісіп отыр, — деді.
Айтқали бір апта бойы өз ауылында жиі айтылатын «сең соққан балықтай» не істерін білмей жүрді. Ақыры ағасы айтқан тапсырмаларды хал-қадірінше орындады. Келесі аптада Мақат ауданына іссапарға шықты. Көтерер тақырыбы – ескі мұнай кен алаңдарының қайтарымы.
Жолға шығар алдында бөлім бастығы біраз жайларды еске салды. Алдымен кімдерге жолығып, мәліметті қалай алу керек, деректер жинау тәсілі, көбіне-көп қатардағы жұмысшылар, операторлармен әңгімелесу керектігін ұғындырды. Өйткені, шындықты айтатын солар.
Басқарма басшысына мәлім болған Айтқалидың жолы Байшонас кәсіпшілігіне түсті. Үш күн бойы качалкалар арасында сарсылып, түстігі бір кесе шай мен қатқан қара нан болып, бастығының айтуы бойынша біраз жанмен кездесті, қыруар дерек жинады. Ауылға оралған соң соларды өзінше қорытып, қағазға түсірді. Кідірмей газетке шықты. Онысын бас редактордың бірінші орынбасары Әбуғали Ғабдуллин мақтап, өз ескертулерін айтты, болашақ мамандығына сәт сапар тіледі. Келешекте жақсы журналист болатындығына сенім білдірді. Бұл оған марқайып қалды.
Айтқалидың бұқаралық ақпарат құралдарындағы алғашқы қадамы осылай басталды. Ол әуелгі сәтте өзіне бейтаныс сала – мұнай тақырыбына көбірек қалам тартты. Сонымен қатар, құрылыс, темір жол, автокөлік, балық өнеркәсібінен қол үзбей өндірте жазды және бұл салаларды тез меңгерді. Оның жазу стилінде желдіртіп, қызыл сөзге берілу жоқ. Нақтылы іс барысын көрсету, алынатын шара, берілетін басшылықты туралап айту басым болып келеді. Ол көбіне өндіріс барысынан талдау материалдарымен бірге, проблемалық мақалаларды жазды. Бұл ретте құрылыстағы сапасыздық пен көзбояушылықты көре білді. Жауырды жаба тоқығанды батыл әшкереледі. Онысы кейде билік орындарына жақпай қалып, мәселе салалық министрліктің араласымен шешілген кездер де жоқ емес. Аз уақытта Айтқалидың абыройы асқақтап, әріптестер арасында беделі өсті.
Айтқали облыстық газеттің бөлім меңгерушілігінен (редакцияның алқа мүшесі) облыстық партия комитетінің насихат және үгіт бөліміне нұсқаушылыққа ауысып, онда да 10 жылға жуық еңбек етті. Бұл кезде ол өңірдің баспасөз саласына жетекшілік жасады, облыста партия саясатының жүзеге асуы, бұқаралық ақпарат құралдарының маман және материалдық жағынан қалыптасуына көп үлес қосты.
Айтқали Құмарғалиұлының облыстық телеарна мен радио комитетін басқарған жылдары оның ұйымдастыру қабілетінің мол, мамандық қырының кеңдігін танытқан абыройлы шақтары еді. Алғашқыда ұжым тірлігі нашар болатын. Бір кездері әупіріммен ашылған теледидар жабылып қалған, радио хабарларының сапасы нашар екен.
Әуелгі іс – мамандарды іріктей білді. Жаңа техника, құрал-жабдықтар келді. Бұл іске Чехословакиядан, Венгриядан арнаулы мамандар шақырылды. Өз іштеріндегі қыз-жігіттер Алматыға, Мәскеуге білім жетілдіру курстарына жіберілді. Енді бұрындағы қызметте сегіз сағатын ғана білетін мамандар бір хабардың сапасы үшін түнімен жүріп, таңды көзімен атырып, республикалық жарыстарда бәйге төрінен көрінетін болды. Күндер өте ұжым бұрынғы облыстар бойынша соңғы сатыдан екінші, үшінші деңгейге көтеріліп, мерейлері өсті. 1976 жылы жабылып қалған теледидар 1990 жылы қайта ашылып, жаңа орынға шықты. Бұрынғы 25-30 адамы бар ұжым мүшелері 185-ке жетті. Каунас, Шяулай, Мәскеу, Новосибирск, Ақтөбе қалаларынан заманауи құрылғы, құрал-жабдықтармен бірге, оқыған, тәжірибелі мамандар – жас жігіттер мен қыздар келді. Оларға уақытылы тұрмыстық жағдай туғызылды, үй-жаймен қамтылды. Сөйтіп, 1990 жылдың 23 қыркүйегінде Атырау облыстық телевидениесі ресми түрде қайта ашылып, жұмыс істей бастады. Ұжымның ықпалы артты, мүмкіндігі өсті. Эфирлік хабар тарату көлемі бұрынғы тәулігіне бір сағаттан үш, кейін сегіз, он төрт, соңынан 17 сағатқа дейін ұлғайды. Оның дені ұжым дайындаған өз хабарлары болатын. Хабармен қамту радиусы да бұрынғы 30 шақырымдық аралықтан аудандарға жетті. Алыс-алыс елді мекендер тұрғындары да Атырау теледидарының хабарларын көре бастады, облыс толық ақпараттандырылды. Қазір «ОтауТВ» спутниктік желісі іске қосылғалы бұл мүмкіндіктің ауқымы тіптен артып, көршілес Астрахан облысындағы қандастарымыз да атыраулықтардың әр күнгі тынысынан хабардар болатын дәрежеге жетті.
Айтқали Нұрғалиев 2007 жылдан бері «Атырау-Ақпарат» ЖШС-де абыройлы еңбек етіп келеді. Әуелгіде басшының орынбасары ретінде ұжымның қалыптасуына өзінің білігі мен білімін арнаса, серіктестікте ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде кезінде облыс баспасөзінің қалыптасуы мен дамуына үлес қосып, бұл күнде еңбек демалысында жүрген әріптестерінің мерекелерде туған ұжымында бас қосып, өткен күндерді еске алуы, сырласуына ұйытқы болады. Бұл – оның қоғамдық жұмысы.
Қоғамдық жұмыс дегеннен шығады-ау, сол бір 80-жылдардың аяғы, 90-ның басында елімізде қазақ тіліне қайта бір бетбұрыс байқалған тұста Айтекең облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы ретінде өңірде ана тілінің қолданыс аясының кеңеюі, жер-су аттары, көше атауларының қазақилануына белсене араласты. Қала атының қазақшалануына үлес қосты. Облыс орталығындағы көшелерге С.Шәкімов, Т.Бисекенов сынды әріптестері есімдерінің берілуіне себепші болды.
Республиканың мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің және «Ақпарат саласының үздігі» белгісінің иегері Айтқали Нұрғалиев қай жерде қандай лауазымдық қызмет атқармасын, қоғамдық жұмыстардың белсендісі болса да, ол өзінің журналист, құдай берген жазу ісінің маманы екендігін есінен шығармайды және бұл мамандығын өзге іске ауыстырмайды. Жүрегінде жүйрік ойлар жинақталып, шабыт оты шамырқанғанда қолына қалам алып, ақ қағаз бетінде өрнек салады. Олары – телеарнада жүргенде облысымызда тұңғыш рет көрермендер назарына ұсынылған сегіз сериялы «Өзен өз арнасымен ағады» және «Мақаш әкім», «Тағдыр» атты телефильмдердің сценарийі. Сондай-ақ, Алматы қаласындағы «Алатау» баспасынан жеке кітап болып шыққан өз замандастары жайлы жазылған «Өзге емес, өзім айтам…» деп аталатын очерктер мен эсселер жинағы.
Айтекең – жер ортасы 70-те, Атырау журналистерінің аға буын өкілдерінің бірі. Отбасында жұбайы, жоғары оқу орындарында ұзақ жыл жемісті еңбек еткен байырғы ұстаз, доцент, Крупская медалінің иегері Роза Әшімқызы екеуі – Назгүл мен Рүстемдей ұл-қыз тәрбиелеп, немере-жиен сүйіп, жапырағын жайған бақытты ата-ана, ағайындардың ақылшысы, әріптестерінің сүйеніші.
Әлі де жұмыстан қалмай, ертемен немерелерінің бірін балабақшаға, екіншісін мектепке апару үшін автокөлігін қыздырып, рөлге отырады. Одан әрі жұмыс-қа кетеді. Мұнда оны тілеулес әріптестері күтіп отырады. Бұл болса, «құдай бергеніңе шүкір, осыныңнан айырма» деп әр таңды асыға атырып, әр күнді ризашылықпен батырады.
Қарттар айтады, «қайғысыз қара су да тәтті» дейді. Меніңше, еш өкінішсіз әр күнгі арайлы ақ таңды асыға күткендер де бақытты. Ендеше, ақ таңдарың арайлап ата берсін, Айтеке!
Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,
Ақпарат саласының үздігі.