«ӘР ҚАЗАҚ ӘБІШІМЕН БАҚЫТТЫРАҚ»
Қазақтың маңдайына сыймаған ұлы тұлғаны қай өңір де өзіне тартып, иемденуге тырысатын. Атырауда Әбіш ағаның ерекше жақсы көріп, қуанышын бөлісіп, қайғысына ортақтаспаған адамы кемде- кем болар. Сондай шақтарда Әбіш ағамен сыйлас, қанаттас бола жүріп, Атырау өңіріндегі рухани өзгерістер туралы ақылын тыңдап, талай ғажайып істердің іске асқанына ел куә.
Махамбеттің 200 жылдық мерекесіне дайындық кезінде Махамбетке ескерткіш тұрғызылатынын айтқан облыс әкімі, осы сәлемдемемен Әбекеңе арнайы жіберіп, тапсырмамен барғаным есіме түседі. Әбіш аға: «Тірісінде айырылмаған оларды, өлгенде айырмаңдар, ескерткішті Махамбет пен Исатайға бірге тұрғызғандарың дұрыс» деп ақыл қосқан.
Атыраудың төріндегі, қаламыздың көркі, киелі жер – «Исатай-Махамбет» ескерткіші Әбіш ағаны әрдайым еске салары анық.
«Әр қазақ Әбішімен бақыттырақ» деп Нұралы ақын жырлағандай, бақыты кемігенмен, қазақтың жігері жасымасын.
Әбіш ағаның қазасы халқына қайырлы болсын.
Рәшила МҰРСАЛИЕВА,
қоғам қайраткері,
(1999-2008 жж. Атырау облысы әкімінің орынбасары).