Тілеген ақсақалдың әдемі қартаюының сыры неде? — біздің тілшіге әңгімелеп берді
Тірлігі түзу аядай ауылда бұл отбасыны білмейтін адам кемде-кем. Жол сұраған жанның көлікпен жарты жолға дейін қатарласа жүріп, үйге бағыттама бергені де қазақылықтың бір белгісіндей әсер қалдырды.
Қимылы шалт, көңілі шат Тілеген Ұзақбайұлы ақсақал бізді құшақ жая қарсы алды. Әуелі көргенде оған 70 жасты қимадық. Сөйтсек, атамыз жетпіс тұрмақ, 80-ге қарай аяқ басып барады екен. Көзәйнексіз кітап оқып, кішкентай немересінің сабағын қарап отырған бәйбішесі Мүгілсін Бөлтекқызы да жадырай қарсы алды.
Сапарымыздың мақсатына қаныққан соң, сөзді әріден қозғаған байырғы ұстаз Тілеген ақсақал әңгіме тиегін ағытты.
– Қарт – қазақ үшін қасиетті ұғым. Әдемі қарттыққа жету бар да, оны абыроймен алып жүру бір басқа. Біз бұрынғының қарттарын көріп өстік. Ол кездегі қарттар шоқша сақалы, қиылған мұрты бар, сөзі салмақты, өздері де орнықты, қапсағай бойлы бөлек пошым болып көрінуші еді. Ескінің есті әңгімесін білетін қазыналы қарттар өмірден өтіп, дәуір жаңарды. Айналамызға қараған шақта үлкендер кетіп, олардың орнын алдымыздағы ағалардың басатынын байқадық, – деп, қария өз ауылындағы қарттардың әдемі жарасымына қарай ойысты.
Қазіргінің қарты қандай?
Өзі үлгі тұтар жан ретінде Халық мұғалімі Құсиын Айтқалиевті айтқан Тілеген Ұзақбайұлы онымен қанаттас қызмет атқарып, үлгі-өнегесін көрген, сол жанның ізгі қасиетін бойына сіңіріп өсіпті. Ол жайсаң жанның сабыр-төзімі мен қарапайымдығына тәнті екен.
– Көзіміз көрген жерде Құсекең мақтау-мадаққа кенде болған емес. Сондай сәттерде «осынау қолпаш-мадақтаулар кеудесіне қалай сыйып жатыр екен?!» деп таңданатынмын. Қазір кейбір жастарды көргенде байсалдылық пен кішіліктен аспаған асыл ағаларымыздың бейнесі көз алдыма келеді. Құсекең кеңпейіл, білімге деген құштарлығы зор еді. Бала кезде үйіне барғанымызда есіктің кіре берісіне дейін газет жатқанына талай куә болдық. Жан-жақтан шығатын түрлі бағыттағы басылымдарды алдыртып, оқыған соң, артына қарай ысыра беретін еді. Осындай асыл ағамыз кейін ауылдың абыз ақсақалына айналды. Сол буынның өкшесін басып, еріп келе жатқан біздің де жасымыз бұл күнде жетпістің бел ортасынан ауып барады, – дейді жұмсақ жымиған күйі.
– Ата, қазіргі қарттарға сын айтылады. Соның себебі неде? – дейміз біз, әңгіме желісін әлі де соза түсіп.
– Мен қатарлы қарттардың алған өнегесі – бұрынғы буынның мектебі. Ал, қазіргі қариялар туралы айтарымды алысқа бармай-ақ, өз ауылым ішінен айтайын. Жиын, басқосуларға бара қалсақ, өнегелі, шежірелі ақсақалдардың орны ойсырап тұрғанын айқын аңғарамыз. Ал, сөз бастап, келелі әңгіме айтар кезде сөз бастайтын жан жоқ екенін көремін. Тізгінді қолға алып, сөз айтуға тура келгеніне қарап-ақ, «е-е-е, қарттық маған да келген екен-ау» деп ойланатыным рас. Айтуың орынды, қалқам. Қазіргі қарттар арасында бата бере алмайтындар да бар. Мұны «заман», «ағым» деген желеумен жылы жауып қоя салуға да болмас, – деп ақсақал бұл жөніндегі ой-пікірін де жеткізді.
Ауылдық ардагерлер кеңесінің зор жауапкершілікпен үлкен істерді атқаруға бейім, іргелі ұйым екенін айтқан Тілеген аға құрметті еңбек демалысына енді ғана шыққан ардагердің төраға сайланатынын құптамайтынын айтты. Бұл жерге де елге сый-құрметі бар, егде жастағы, беделі зор адамның басшылық еткені бәріне тиімді болар еді.
Шаңыраққа кім ие?
Қара шаңырақ – халқымыз үшін зор мәнге ие. Дәстүрге сай, кіші ұл ата-анасынан бөлек шықпай бірге тұрады. Тілеген ақсақалдың да шаңырағы осы салтты ұстанған.
– Кіші ұл – біздің қолымызда. Үлкендеріне: «әкең – жалғыз, қанат – сендер. Екі жаққа бірдей қараңдар» деп батамызды беріп, тиесілі еншісін табыстап, бөлек шығардық. Шүкір, бәрі де үйлі-күйлі, немере-жиен сүйдік, – деген отанасы қара шаңырақта жиі басқосуға тырысатындарын айтты.
– Жарасымды тірлікке жетудің жолы қандай?
– Отбасы бақыты – бірлік пен сыйластықта. Отағасы екеуміз дауыс көтеріп, келіспей қалған кезіміз болған емес. Соны көріп өскен балаларымыз да бірін-бірі қолдап отырады. Ұлдар ағаларынан, қыздар апаларынан аспайды. Олармен тең дәрежеде сөйлесіп, пікірлеріне құлақ асатынбыз, – деп, Мүгілсін әжей қолы қалт еткенде кенже ұлдан тараған 4 немересіне қарайласып, тәрбиесіне араласатынын айтты. Немеренің расында да тәтті болатынын мойындап, оның тәрбиесі жөнінде аналық ақылын білдірді. – Кішкентай балаға тәрбие 10 жасқа дейін берілуі керек. Қыздарымызға ыдыс-аяқ, төсек-орын жинауды жастайынан үйретеміз. Кейін дағды алып, қалыптасып кетеді. Немерелер – біздің қасымызда. Ұл немеремізді ата-анасының бауырына салып, бағыттап едік. Біздің қасымызға қашып келетінін қайтерсің!.. – деп, жүзінен жылылық шуағы төгіле күлді.
Еңбекпен есейгендер
Бұрын жастар еңбекпен есейіп, өмірге бейімделетін. Бәйбішесі Мүгілсін Бөлтекқызы да – сол буынның өкілі. Егін шаруашылығында жасап, комсомолдық бригадада белсенді еңбек еткен ол киіз үй тігіп, егістік басында тынымсыз тірлік кешкен күндерін бір сәт еске алды. Жиырма жыл бойы егін егу тек бұл отбасының ғана ұстанымы емес, барша алғалықтардың байырғы кәсібі екен. 1972 жылдан кеңшарда еңбек еткен Мүгілсін әжей жастайынан балаларын да адал еңбекке бейімдеген. Еселі еңбектің арқасында мол өнімге кенеліп, 1 гектардан 70 тонна қарбыз және 1 гектардан 42 тонна жуа алғанын бұл күнде ертегідей ғып айтты. Шаңырақ құрған кездерін де ой елегінен өткізіп, жастық шаққа саяхат жасады.
– Біз төрт жыл бірге жүріп, 1966 жылы отбасын құрдық. Кәдімгі қыз Жібек пен Төлегеннен кем болмадық. Мен көрші ауылдың қызы едім. Ағаң велосипедпен келеді. Ауыл жастары болып қарсы алып, думандатушы едік, – деп ажарлана түскен әже қимас шақты еске алып, демде мұңая қалды.
– Әкем 14 жасымда қайтты. Шешем бесінші баладан кейін қайтты. Үйелмелі-сүйелмелі бала-шаға қалдық. Шаңырақта әкем ағасы екеуі бірге тұрған екен, бізді әкемнің жеңгесі бағып, тәрбиеледі. Оның да ері қайтқан. Кейін бауырларым қызылшаға шалдығып, олар да дүние салды. Әкемнің ағасынан қалған жалғыз ұл соғыстан оралған жоқ, қызы есейе келе ауырып, ол да бақилық болды. Сонда тұтастай әулеттен, қос ұлдан тараған ұрпақтан жалғыз мен қалдым. Қиындық мені ерте есейтті. Қай шаруаға да тыңғылықты болдым. Шешем бетімнен қақпай өсірді. Бірақ еркелік басып, есерлікке бармадым, – деген Мүгілсін әжей жақсы мен жаманды бірдей көріп, бүгінгідей бақытты шаққа жеткеніне тәубе айтып, шүкіршілігін білдірді.
– Алтын асықтай төрт ұлымыз қолымызды ұзартып, келін түсірді. Немере сүйгізіп, ұрпақ жалғасты. Үкілеген үш қызымыз өрісімізді кеңейтіп, құда атандырып, сый-құрметке бөлендік, – деді де әжей жанына таяған кішкентай немересін емірене иіскеді.
Мейірімі мол кең құшаққа енген екі жастағы сәби үйреншікті әдетіне басып, әжесінің қалтасын қарауға кірісті. Олжасыз емес. Қолына ілінген кәмпитіне қуанған бөбек былдырлаған күйі атасына мақтануға асықты.
Дипломы жоқ әртіс
Алға ауылы өнерге біртабан жақындығымен де алыс-жақынға аты мәлім. Әнебір жылдары «Алға» халық театрының шымылдығын ашқан Мұхтар Әуезовтің «Қарагөзінен» бастау алған бай репертуарда Тілеген Ұзақбайұлы сомдаған небір сәтті образдар көрермен көзайымына айналған. Талантты режиссер Махамбет Оңдағанидың ұйытқы болуымен, театрда өзімен қанаттас қызмет еткен бір топ ауылдастарының есімін аса зор ілтипатпен атаған ақсақал:
– Махаң аса білікті, шебер ұйымдастырушы еді. Қонысбай Тұраров, Сахи Оңдағани, Әсия Үмбетова, Баян Тілепова, Бекқали Мырзағалиев, Ғалияш Құрманова, Насиха Баймұратовалармен қатар, Мүгілсін апаң да қолдап, театр сахнасында түрлі образдарды сомдап едік, – деп, сағына еске алды. – Өзім өнерге өте жақын адаммын. Әкем Ұзақбай ауылдың атақты жыршысы болған. Сол өнер дарығанымен, өнер жолын емес, білім саласына бет бұрдым. Шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық қызметті таңдадым. Алайда, өнерге деген ұмтылысым бәсеңдеген жоқ.
Осылай деп бір тоқтаған Тілеген аға бабалардан бері жалғасқан дәстүр жөнінде де өнегелі сөзін іркіп қалмады. Өз жөнінен де сөз өрбітті.
– Ата-тектен аттап кетпейтін халықпыз ғой, мен де реті келгенінше айта кетейін. Жалпы жеті атаны сұрау – бөліну емес, дәстүр. Оны білу – міндетті. Қазіргі жастардың осыған бейжай қарауы дұрыс емес. Арғы атамыз Бектас туғаннан тілі жоқ болып өсіпті. Әкесі ұлына жар іздеген екен деседі. Әжемнің айтуынша, ел-жұрт «сенің балаңа беретін қызымыз жоқ» деп кемсітетін көрінеді. Сондай бір алқалы жиында ел ішіндегі молда, дін жолында жүрген бір адам «мен қызымды беремін, құда түсуге келіңдер» десе керек-ті. Сөйтіп, Бектастан Бердімұхамбет атамыз өмірге келеді. Оның үш ұлы, бір қызы болған. Әкем Ұзақбайдың қос бауыры Жолдығали мен Оразғали соғыстан оралмаған. Ал, қызынан тараған ұрпағы өсіп өніп жатыр. Мектеп бітірген кезде әкем қайтыс болып, қолымызда әжем Жансұлу мен анам Қанзиба бар, ешқайда шыға алмадым. Әкем кетерінде аманат айтып, «сені оқыта алмадым» деген өкінішін білдірді. Сол жүрегімде жатталып қалды!..
Байырғы Құлтай атын иеленген көне ауылда туған Тілеген Ұзақбай – көмейінен жыр төгілген термеші, сахнада сан құбылған әртіс, домбыраны серік еткен сал-сері. Бір жылдық педагогикалық училищені бітіріп, кейін Гурьев мемлекеттік пединститутынан «қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығын алыпты. Ал, театрға жүрек қалауымен барған.
– Мен – дипломы жоқ әртіспін!.. – дейді ол жайдары күліп.
Ауылда ажырасу жоқ
Ажырасу – қазіргі қоғам қасіретіне айналып баратынын да айтып едік, әжей дереу: «Біздің ауылда бұндай жоқ» деп кесіп тастады.
– Рас, бұрын болған. Ыдыс-аяқ сылдырлап, отбасы шырқы бұзылса, бізді шақыратын. «Ел ағасы, ұлағатты ана ретінде ақылдарыңызды айтып, сөйлесіп көрсеңіздер» деп қолқа салушы еді. Сондай сәтте отағасынан бұрын барып, келінмен әңгімелесемін. Сәл райынан қайтқан тұста, шәй әзірлетіп, бәріміз арқа-жарқа дастархан басына жиылып, жастарды жарастырып қайтатын дәстүріміз болушы еді. Қуанарлығы сол, қазір бұндайды ауылдан естімей жүрміз, – деді Мүгілсін әже ақтарыла сыр айтып. Сосын:
– Мақтанатыным сол, келіндеріміз бақытымызды еселеп отыр. Оларға қарсы келмеймін, қолдаймын, жақсы көремін, – деген Мүгілсін әжейдің әңгімесіне сұраулы кейіппен қарасам керек. – Шыным сол. Бұрын біреулер келінін мақтап жатса, басымызға түспегендіктен, «расында солай болар ма екен?» деп ойлаушы едім. Сөйтсем, бағына қарай балаңа жақсы жар жолықса, бұл ақиқатқа айналады екен, – деп ойын толықтырды.
Ұлағатты ананың бала тәрбиесіне қатысты ұстанымдарына қаныға түсу үшін сөз тізгінін отбасы бақыты, шаңырақ шаттығы тақырыбына қарай ойыстыра бердік.
– Менің өз ұстанымыма сай, ұлдарға ұрсуым мүмкін, қыздарға «тәйт» деуім мүмкін. Бірақ келін мен күйеуге сөйлемеймін. Керісінше, олар – кісінің баласы, сыртқа теппей, жылы қабақ танытып, өзіме тартуым керек деген ұстанымдамын. Бірақ, шүкір, ұл-қыздарымыз тәрбиелі, ешқашан бізді ренжітіп, ұялтып көрген емес, орындарын біледі. Мың шүкір, балаларымыздың арқасында үлкен әулетке айналдық. Түрлі рулы елмен құдандалы болып, барыс-келіс артып, бақытты күндерге кенеліп отырмыз, – деп кейуана Аллаға шүкірлік етті.
– Отбасы билігі кімде болу керек?..
– Ер-азамат бір саты жоғары тұрса, жарасымдылық та, бақыт та сол шаңыраққа ұялайды, – деді Тілеген ата әңгімеге қосылып.
– Ал, ақшаны кім ұстаған жөн? Шыны керек, үй ішіндегі келіспеушілікке көбінесе осы да себеп болып жатады ғой…
– Әрине, қай мәселеде де үйлесімділік болғаны жөн. Мәселен, ақшаның билігі – менде, есебі – әжеңде. Бірақ, үйлестіретін – балалар!..
Өнер жолын жалғаған…
Тәрбие мен өнерді тең ұштастырған өнегелі жанұядан өрбіген ұрпақ та өнерден алыс емес. Ауыл намысын қорғап, талай сахнада өнер көрсеткен әулеттен тұтас ұжымның жасақталғанын еске алған Тілеген қария: «Бірде Махаңа отбасылық ансамбль құру туралы ойымды айттым. Ол дереу қолдады» дейді ол.
– Егінде жүрсем де, балаларымның өнерге деген құлшыныстарын қолдап, қанаттарын қомдадық. Ауатком төрағасы Сақыпжамал Орынғалиевадан немесе аупарткомның екінші хатшысы Талшын Шапауовадан «Концертке шығасыңдар, ауданнан, облыстан кісі келіп жатыр» деген хабар алсақ болғаны, түнімен жүріп, балалардың киімін дайындаймын. Егіннен келе сала, отырғыштарға ілініп тұрған киімдерін киіп, балалар да сақадай-сай бола қалады. Сол кезде үшінші сынып оқушысы Бибігүлім «Шөжелерімді» айтатын. Одан кіші Парасат пен Ләззат сары балапанның киімін киіп, билейді. Нұржаным небәрі екінші сыныпта оқып жүрсе де, «Соқыр ішек» деген сықақты сахналайды. Ерлан «Өз елім», «Еділ мен Жайық» әндерін айтса, Нұрлан Сүгірдің термелерін төгеді. Сырымжан – әнші, өлеңнің бәріне қосылатын, – дейді Мүгілсін әжей.
Қазір отбасынан тараған қос ұл да осы салада. Қызы Ләззат терме айтып, республикалық додаларда топ жарғанымен, кейін әке жолымен ұстаздықты таңдаған. Әулеттің немере-жиендерінің арасында да өнерге жақындары бар. Әсіресе, қара шаңырақтағы немеренің үлкені Кәусардың балғын шағынан Абайдың қара сөздерін нақышына келтіре айтып, талай додада топ жарғаны – атасы мен әжесі үшін зор мақтаныш.
Келген шаруамыз үйлесіп, әңгімеміз тәмамдалуға таяу. Сырт-келбеті бұрынғының сал-серілерін елестететін ақсақалдан аттанарда: «Қазір сахнаға шық десе қайтпексіз?» деп сұрадық. «Барамын. Кез-келген рольді сомдауға дайынмын» деп, ширақ жауап қатқан Тілеген Ұзақбайұлы батагөйлер сайысына қатысуға шақырту алғанын да айтты. «Дайындалып жүрген боларсыз?» деп ем, «Бата беру – ақсақалдық парызым. Қолдарыңды жайыңдар, шығармашылық адамына шалқар шабыт тілейін!» деп, шынайы көңілмен ақ тілекті ақтарды.
Кең пейіл, риясыз көңіл тарылмаса – өмір мәнді. Қазыналы қарттарымыз аман болғай!
Қазіргінің қартынан бүгінгі буын, тәрбие, ұлт тұтастығы, ұрпақ сабақтастығы, отбасы бақытына қатысты көкейдегі сауалдарға жауап іздеп, арнайы іссапармен барған Махамбет ауданындағы Алға ауылынан біз осындай ізгі ниетпен оралдық.
Гүлжан ӘМІРОВА
Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ