Жарнама
Қоғам

ӘННІҢ СӨЗІ ТАРИХТЫҢ ӨЗІ

 

Ән құдіреті адамды еріксіз елітіп, тәттісіз тамсандырып, көңіліңді желпіндіріп, қиялыңды аспандатып, арманыңды асқақтатып, жүрегіңді нұрға бөлейді десем, артық айтқандық болмас. Басқаны қайдам, мен өзім ән дегенде құлағы түрік жандардың санатынанмын. Балалық шақтан әнді де, ән салған әншіні де ерекше құрметтеп өстім. Әнші-күйші, жыраулар – Айтмағамбет Қуаныш баласы, Лұқпан немересі, Сұлтангерей Ысқақ баласы, Жағыпар Сейтек баласы, күйші әрі әнші Ғатаулы Сартай баласы, Бақтыбай сал Мырзағали ахун баласы, Шыңғыс Көжек баласы, Закария Арон баласы, ақын әрі әнші Құрмаш Бек баласының ән-әуездерін тыңдап, құлағыма сіңіріп өстім. Мен бала кезімде Тайсойған өңірі (Атырау облысы) ән-күй, жыр-қиссамен теңселіп тұрғандай еді. Бұл күнде таланттар шоғыры өтті-кетті. Уақыт өз дегенін жасап, өнерді де басқа арнаға бұра бастады.

Бүгінгі таңдағы кейбір әндер тыңдарманын мезі етерліктей дәрежеде болса, оған уақыт төрешілік жасар, тарсылдақ пен таңқылдақ музыка мен мәні де сәні де жоқ ән сөздері бірте-бірте киелі сахна төрінен шегінер. Ән сүйер қауымның талғамы ұлт рухына сай келетін әндерге қарай ауысар деп ойлаймын.

Жуырда Астанадағы кітап дүкенінен «Қазақ әндерінің» үш томдығын («ҚазАқпарат» баспасы, Алматы, 2013 жыл, таралымы – 2000 дана, бағасы – 3500 теңге. Редакторы Әлсейіт Оспан, сарапшы Құлтөлеу Мұқаш, жауапты шығарушы Шәмші Ниязин. Баспа директоры Мәдет Қожакеев, корректорлар Қазына Нұрмаханова мен Үміт Тұрсынбекова, бұған қоса техникалық редактор, көркемдеуші редактор және бар) сатып алдым. 1-томына кең тараған халық әндері; 2-томына белгілі өнер саңлақтарының туындылары; 3-томына қазақ композиторларының кешелі-бүгінгі әндері топтастырылған екен. Кітап Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрген. Кітаптың сыртқы мұқабасы әжептәуір безендіріліп, көрер көзге тартымды шыққан. Енді ішкі беттерін парақтап, ән сөздеріне көз жүгірттім. Мен бұл жинақтардан үлкен үміт күтіп, азды-көпті жаңалықтар: жаңадан табылған әндер немесе бұрынғы томдарда кеткен қателіктер, тағы да басқа түзетулер, қоспалар, осы күнге шейін анықталмай, тасада қалып қойған әншілердің бірлі-жарым туындылары, әйтеуір, ізденіс-талпыныстың нәтижелерін көретін шығармын деп қуанып едім, өкінішке орай, бұл ойым ақталмады.

Айта кету керек, «ҚазАқпарат» баспасы 2005-2007 жылдарда «Қазақ музыкасы. Антология I-VII том» жарыққа шығарыпты. Бұдан сәл ертерек 2000 жылы «Жазушы» баспасы «Халық әндерінің» III томын басып шығарғаны белгілі. Сонда пайымды алғы сөзі жоқ, болмаса, таным-түсінігі жоқ, бұл 3 томдықты «ҚазАқпарат» баспасынан жеделдете шығаруға кім түрткі болды екен деп пендешілікпен ойлайсың. Кітаптың 2-томында: «Топтаманы құрастыруда өнер зерттеуші ғалымдардың, ән сүйер қауымның жеке әндер, авторлар жөніндегі талап-тілектері ескерілді» деген сөйлем сөзжұмбақ болып қалады. «Олар кімдер, не айтты, не ұсынды екен?» деп көңіл алабұртады, бірақ, «Жоққа жүйрік жетпейді»…

Әңгімені осылай қаттырақ бастауымыздың өзіндік себебі бар. Оқырманға түсінікті болу үшін енді соны тарқата сөйлейік. Бұл үш томдықты құрастырушы М.Ілиясов деген азамат екен. Егер Марат Ильясов болған күнде, ол – өнерге жастайынан белсене араласып, өзі де ән шығарып, әрі шығарған әнін өзі шырқап, музыкалық аспаптарда ойнап, сахна төрінен көрініп, тыңдарман қауымның ризашылығына бөленіп, көзге түсіп жүрген өнерпаз. Оның 3-томға бес әні енуінің өзі осы айтқанымыздың куәсі болмақ. Бірақ, құрастырушы М.Ілиясов та, ал әнші-композиторымыздың аты-жөні Марат Ильясов қой…

Құрастырушы қазақ әндерін байыппен саралап, кімнің кім екеніне көз жүгіртіп, «Жазушы» баспасы шығарған үш томдықпен салыстырып, одан бұрынырақтағы жарық көрген ән жинақтарына назар аударып, бір келелі де, келісті кітап шығарайықшы деп ұмтылыс жасамағаны көрініп, «әттең-айлап» тұр. Ең болмаса, қазақ әндерінің кешегісі мен бүгінгісінен хабары мол өнер зерттеушілерімен ақылдасып, бір мәмілеге келмегендігі байқалады. Енді осы айтқаныма бірді-екілі дәлел-дәйек келтірейік:

«Ақерке» әнін (қараңыз, 1-том, 17-бет) халық әндері топтамасына енгізіп, сонымен бірге, бұл әнді Сегіз сері Шақшақовқа теліп қойғаны қай сасқаны (2-том, 257-бет). Бұл ән, шын мәнінде, халық әні емес пе! Сонымен бірге, халық әні «Қарғашты» (1-том, 274-бет) тағы да белгісіздеу Сегіз сері Шақшақовтың әні (қараңыз, 2-том, 267-бет) жасағанын қалай түсінуге болады?! «Ғайни», «Алқоңыр» әндері мен ес білгелі халықтікі, бұларды Сегіз серіге тықпалағанмен «өтіріктің өрге баспайтыны» белгілі. Шақшақовқа сәл кейінірек арнайы тоқталамыз.

Басығараұлы Қанапияның «Қанапия» атты әнін халық әндеріне (1-том, 277-бет) кіргізіп, одан кейін 2-томнан (2-том, 250-бет) орын беруі – мүлдем сауатсыздық. Адамның іші ашиды. Онысымен қоймай, ән сөздерінде әріп қателері кетіп, «қаршығаны» – «қаршығалы» десе, «қамшылады» – «тамшылады» боп, «қамшылады» – «жамшылады» боп әбден бүлініпті. 2-томның мазмұнында «Қанапия Басығарұлы» (373-бет) делініп, әйгілі әншіні мазақ еткендей күйге түсіріпті.

Орынборда, Көкжарда, Жем бойында, Мұғалжар, Шалқар, Текеде шалқытып ән салған, жалғыз «Молдабайдың әнімен» күллі исі қазаққа етене таныс Тәңірберлінің Молдабайына өнер саңлақтарының қатарынан орын тимей, «Халық әндеріне» (қараңыз, 1-том, 289-бет) кіріп кетіпті. Енді «Осындай бір білместік болыпты» деп марқұмнан кешірім сұраймыз ба, қайтеміз?! Сүйгеніне қосыла алмай, ет жүрегі езіліп, запыран құсқан белгілі әнші Сауытбектің «Ақбөпе» атты екі әні авторсыз 1-томға енген екен (1-том, 54-55 беттер), Құдай сақтап, бір әнімен ғана 2-томға да кіріпті (қараңыз, 2-том, 344-бет):

 …Бес кепені жағалай

бес үй отыр,

 Ақбөпе жоқ ішінде

несіне отыр.

Мал бергені барады,

алып кетіп,

Кедейшілік қолымды

кесіп отыр, –

деп бебеулетеді-ау, қайран, Сауытбек! Сол Сауытбектің «Ақбөпе» әнінің екі түрі де халық әндерінің қатарынан орын алып, әйтеуір, Жасаған ием жар болып, біреуі (онда да 1-түрі) өнер құлагерлеріне әрең-әрең қосылыпты. Мұхиттың «Ақ кербезі» мен «Ақ Айшасы», «Гурьеві» (көрнекті ақын Сағынғали Сейітовтің айтуынша) халық әндерінің сапында жүр. Оларды жіктеп, «Мынауысы былай, анауысы анда, ананы бері әкел, оның орны мында» деп аямай сілкілейтін құрастырушы қайда?!

Әнші Мұхитқа біресе телініп, біресе телінбей жүрген «Қара қаншық» әнінің сөзі 1-томда да (қараңыз, 1-том, 282-бет) 2-томда (қараңыз, 167-бет) да орын алған. Бірақ, ән сөзінің екінші шумағы ептеп бұрмаланған сыңайлы. Мен бұл әнді Ғарифолланың орындауында да, белгілі жырау, ақын, әнші Айтмағамбет Лұқпан немересінің орындауында да он бір жасымда 1953 жылы тыңдағанмын. Содан берірекке шейін (үйдегі патефон табағында да болды) былай деп айтылатын еді:

…Жүгірген ор қоянға

құмай тазы,

Жігітті мұңайтады,

малдың азы.

Жігіттер малым аз деп

мұңаймаңыз,

Бір күні келсе ажал

шұнайтады.

2-томдағы Мұхит әндеріне байланысты айтпағым, (қараңыз, 2-том, 152-бет) «Демалыс» әнінің сөзі «Қалқажан» әнінің сөзімен алмастырылған. «Демалыстың» алғашқы шумағы:

Домбыра екі шекті

қолға алайын,

Түрлентіп он екі алуан

ән салайын,

Отырған үлкен-кіші

рұқсат болса,

Шаршадым, бір азырақ

дем алайын…

Бұл ән Мұхит әндеріне берілген бөлімде жоқ. Ал «Қалқажанның» сөздерінде аз-мұз қате бар (қараңыз, 2-том, 152-бет). Мысалы, «Қолыма» – «Қолға», «Сен» – «Сол» деп жазылған. Ал, «Дидар» (қараңыз, 2-том, 157-бет) ән сөзінің екінші шумағында «Көп» деген сөз «Бес» боп кеткен. «Еркем» әнінің екінші шумағы мүлдем түсініксіз (қараңыз, 2-том, 158-бет). Негізінде:

…Қыз еркем отыр екен,

күліп-ойнап,

Ақ маңдай, сүмбіл шашты,

ей, еркем, жүзі жайнап.

Бірге өскен кішкентайдан

қалқам едің,

Көрмедім, қызығыңды, ей,

еркем, көп жыл ойнап, –

болуы керек.

Кітапта Мұхит Мерәліұлы – Мұқит Мералыұлы боп қате жазылған (қараңыз, 2-том, 148-бет). «Айдай» ән сөзінің екінші жолында «Бақ берген» емес, «Бақ берсін» боп жазылуы керек. Сосын үшінші шумақ артық қайталанып кеткен. Бұл шумақ 156-бетте өз орнында тұрған сыңайлы. «Кіші Айдайды», Бала Оразға телудің қажеті шамалы. Осы әннің екінші шумағының төртінші жолындағы (қараңыз, 2-том, 163-бет), «жастық» сөзі «дәурен» болуы керек еді. «Жантелім» ән сөзінің бірінші шумағының төртінші жолы (қараңыз, 2-том, 160-бет), «Қызғыштың айдарындай болып жеке» боп, ал екінші шумағының төртінші жолы «Төбесі тақияңның көрінгеннен» боп жазылуы қажет.

Мұхит бабамыздың туып-өскен жері Саралжын ауылы  (Ақбақай) біздің өніп-өскен жерімізден (Атырау облысы, Қызылқоға ауданы) жетпіс-сексен шақырымдай. Елуінші жылдарда біз балалау кезімізде ауылда Мұхитты көріп, әнін тыңдағандар бірен-саран бар еді. Белгілі жырау, ақын Айтмағамбет тоғыз жасында Көкжар базарында 1911 жылы Мұхит салдың тізесінде отырып, ән салып, батасын алған көрінеді. Бұл күнде өмірде жоқ ақсақалдардың айтуынша, 1865 жылдар шамасында Мұхит салдық құрып ел аралаған. Қасында бес-алты өнерпаз жігіттермен Алуаш есімді сұлу қыз болыпты-мыс. Сол ұзақ сапарында Жем бойын аралап, «Жылой», «Жем»; одан төмен түсіп, Жайық бойын ендей жүріп, «Гурьев», «Көкбурыл», «Дендер», «Ат шалдырған», «Қара қаншық», «Алуаш» әндерін шығарған дейді. Содан аман-есен оралған соң келесі жылы Көкжардан шығып, Тұзтөбе, Қобда, Орынбор, Сарытау өңірін аралап, салдық құрған, думандатқан, бірнеше ән шығарған көрінеді. Көрнекті ақын Сағынғали Сейітовтің жазбасында Мұхиттың жетпіске жуық әні болғанын айтады. Мен көрген қарттардың сөзіне сенсек (әнші Жағыпар, әнші Құрмаш, күйші Ғатаулы, биші Қосбармақ, саяткер Құрмаш) Мұхит Текеде орыс-казактардың бір мейрамында ән салып, би билеп, күй тартып, бөгде ұлт сұлуларының көзіне айрықша түсіп, ыстық құшақтарына еніпті дейді. Сол сапардан «Жайық қыздары-ай», «Кіші Аңқаты», «Үлкен Аңқаты» әндерімен оралыпты-мыс. Әнші Жағыпар мен ақын-жырау Айтмағамбет Мұхит салдың әндерін төгіп-төгіп айтатын. Әсіресе, әлі күнге шейін құлағымда қалғаны «Айдарлым» әні:

… Айдарлым, көзің қандай,

жүзің балдай,

Ақ бетің жарқырайды,

атқан таңдай.

Ай нұрына шомылған

перизатым,

Сұңқылдайсың, көктемгі

ала қаздай.

 

Е, ей, Айдарлым, Айдарлым,

Өзгелерді ұмытып,

Бір өзіңе байландым-ай!

Сөз арасында айта кетейін, 1953 жылы бір гастрольдік сапарында ақиық әнші Ғарифолла Құрманғалиев Айтмағамбетпен кездесіп, оның әншілігін мойындап, әсіресе, Мұхит салдың әндерін бір түн айтқызыпты. Риза болғаны шығар, Алматыға шақырған көрінеді. Сол кезде арқалы әнші-жырау, әрі ақын Айтмағамбет аға елу бір жаста екен.

Бірінші томның өзінде айта берсек сөзге дәлел боларлықтай фактілер жетерлік. Мысалы, Ысқақбайдың әні, Шәкидәннің әні, Әмірдің әні, Жамалдың әні 2-томнан орын алуы керек еді. Тағы бір айта кетерлік жай, ол — «Тілеуқабақ» әні. Әннің авторы – Батыс өңіріне белгілі ақын-жырау, айтыскер Сарышолақ Боранбайұлы (1858-1929) екенін өнер зерттеушісі, ғалым Жұбаназар Асанов дәлелдейді. Ақынның шығармаларын жинауда ол қисапсыз еңбек еткен. Көмекшісі Жайнагүл Төлемісова екеуі толымды түрде алғы сөз жазып, 2006 жылы Сарышолақтың кітабын шығарды. Ақын:

…Керекте найза аламын

жауға қарсы,

Домбырамен топқа түсем

нелер шаршы.

Әніме салғанымда

«Тілеу – Қабақ»,

Тыңдаған Кіші жүздің

небір арысы, –

деп толғайды. Сарышолақ Бақи сұлумен айтысқанда:

Әніңді естіп жүрміз «Тілеу – Қабақ», – деп бастайды Бақи сұлу.

Ақиық әнші Ғарифолла Құрманғалиев 1966 жылы Шалқар жеріне келгенде «Тілеу – Қабақты» өз репертуарына енгізіп, ән авторы Сарышолақ Боранбайұлы деген екен. Бұл ән кейін КСРО халық әртістері – Ермек Серкебаев пен Әлібек Дінішевтің орындауында аса зор абыройға ие болғаны белгілі. Сарышолақтың «Тілеу – Қабақ» әні сөзінің төртінші нұсқасы төмендегідей:

Салғанда мен әніме

«Тілеу – Қабақ»,

Әлімнің бас-аяғы тына қалад.

Атадан асыл туған

мен бір бекзат,

Терең көлді шайқаған

күміс шабақ.

Сөзімді жіберейін саралатып,

Қос-қостан түйдек-түйдек

аралатып.

Керуен қырдан асқан соң

басын іркер,

Көш тоқтар, дауысыма

бара жатып.

Құрастырушы М.Ілиясовтың бұл ән тарихынан мүлдем хабары жоқ екеніне куә болып отырмыз. «Тілеу – Қабақ» әнінің сөзі – «Қазақ әндерінің» (қараңыз, 1-том, 339-бет) бетіндегі халық әндерінің сапында. Сарышолақтың «Тілеу – Қабағының» төрт нұсқасын да жинастырып, әндер жинағындағы өнер саңлақтарымен қатар қоятын уақыт әлдеқашан жетті, бірақ, құрастырушыларда талпыныс, ізденіс жоқтың қасы. «Шіркін, — деп ойлаймын мен өз-өзімнен күбірлеп, – осы үш томдықты көрнекті композитор, белгілі өнер зерттеушісі, арғы-бергі өнер тарихынан хабары мол, әрі әдебиетші, жазушы – Ілия (Илья) Жақановқа өтініш жасап, «Асықпай бір қарап беріңізші» десе, ол кісі тартынбас еді-ау!» Енді «Жау кеткен соң, қылышыңды боққа шаптың» кері боп тұр.

Қазақтың ауыз әдебиетінен сусындаған, соның ішінде ән өнерінен өркениетті тағылым алған, жан-жақты білімді, әрі көзі қарақты Мекемтас Мырзахметов ағаның айтары да, берері де көп. Әсіресе, халық әндерін, оның өткен-кеткен дәуірлерін, кешегісі мен бүгінін таразылауда ол шашасына шаң жұқтырмайды. Бірақ, асыл ағаға сұраныс беріп, қолқалап жатқан кім бар дейсің! «Апырау, осы ағалар бар ғой» десең, «Қойыңызшы, біреуі Атырауда, біреуі Оңтүстікте, оларды кім іздеп жүреді?» деп қолын сілтейтіні сөзсіз. Осындайда ақын Ығылман Шөрековтің бір шумақ өлеңі еріксіз еске түседі:

…Ағаның сөзі – асыл сөз,

Көкірегінде алтын бар.

Ағаның сөзі – ғасыр сөз,

Күні өткен сайын жарқылдар.

Асылы сирек ағаның,

Әр сөзінің нарқы бар…

2-томдағы Сегіз сері Шақшақовқа он әннің сөзі телініпті. Бірақ, құрастырушы мен кітаптың редакторы, сарапшы, жауапты шығарушының салғырттығынан былық пен шылық боп кеткенін жоғарыда айттық. «Көкем-ай», «Ақбақай» ежелден халық әні, «Жылой» Мұхиттікі, «Ғайни» халық әні, бір кезде оны Біржан салдың әні деп те топшыладық. Ал, «Гауһар тас», сөз жоқ, Үкілі Ыбырайдың әні екенін Сырымбетте тұратын ақсақал дәлелдеген. 1975 жылдың қауыс (қараша) айында белгілі жазушы-журналист Жекен Жұмаханов, фототілші Владимир Мыльников үшеуміз Көкшетау облысында іссапарда болғанбыз. Сонда (аты-жөні есімде жоқ) ұлты татар атақты шопан болған ақсақалдың дастарханынан дәм таттық. Әкесі Ақан серімен дос-жаран болыпты. Ақсақалдың жас шамасы сексеннің о жақ, бұ жағында. Өзі Ақан серіні бірнеше рет көріп, әнін тыңдаған. Сол сапарымыз туралы өзіміз қызмет істейтін «Мәдениет және тұрмыс» журналына көлемді материал жарияладық.

Менің Сегіз серіге жанашыр боп жүрген Қаратай Биғожинмен «Алты аласым, бес бересім» жоқ, бірақ «Өтірік өрге баспайды», «Өтіріктің де шегі бар» депті ғой аталарымыз. Сегіз серіні түбегейлі зерттеуге ұмтылыс жасаған тарихшы-ғалым, профессор Исатай Кенжеалиев: «…Сонымен біз М.Қ. Шақшақовтың еліне барып, Сегіз сері деген айтулы адам болғанына көзімізді жеткізе алмадық. Сонда да тағы іздестіріп, облыстық газетке мақала жаздық. Бұнымен қатар Омбы облыстық архивіне хат жазып, «ондағы әскери училищеде 1830-1835 жылдары М.Қ.Шақшақов оқыды ма?» — деп сұрадық. Бірақ, үміт ақталмады. Біз бұған да тоқталмай, Омбы губерниясының архивінен №345 қорды қарап, сол кезде қазақтарды билеген «Петропавл – Көкшетау приказы» деген жергілікті әкімшілік материалдарын ақтарып, Таузар ауылының Есеней Елемісов би ауылы адамдарының тізімінен Байрамұлы Мұқамбет – Қанапия не оның туыстарының есімін кездестіре алмадық. Сонда бұлар қайда болмақ? Архивте Сегіз серіден бұрын жасалған Қазбек би туралы жазба бар. Өскенбай, Шорман, Тәттімбеттер жөнінде мәлімет бар екен…» деп жазады («Жалын» журналы, № 9-10, 1997 жыл).

И.Кенжалиевтің «Оның үстіне М.Қ.Шақшақов әйгілі Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Иван Шуховтың жерлесі екен, неге олардың көзіне түспеген деп ойлайсың?» деуі кез келген адамды ойландырады.

2004 жылы Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығына орай «Өлке» баспасы «Махамбет кітапханасы» деген 20 (жиырма) том кітап шығарды. Мен сол томдардың жауапты редакторы болдым. Күллі материалдар (орысша-қазақша) менің қолымнан өтті, бәрін оқып, қайсысы қай томға баратынын сараладым. Сонда Мұқамбет Қанапия Бахырамұлы Шақшақов есімін ең болмаса бір рет те кездестіре алмадым. Ол 1838 жылы 300-дей қарулы жігітпен Бөкейліктегі Исатай бастаған көтеріліске қатысса, сол көтерілісті тиянақты зерттеушілердің назарынан тыс қалмауы керек еді ғой. Қайткенде де бір жерден аты-жөні қылаң берер еді…

В.Ф.Шахматовтың «Внутренная Орда и восстание Исатая Тайманова» деген әйгілі 278 бет зерттеу еңбегі; Александр Рязановтың «Восстание Исатая Тайманова» атты 143 беттік зерттеу еңбегі, Ноэль Шаяхметовтің «Из тьмы веков» кітабы тарихи-уақиға дәлдігімен, жер-су, кісі аттарының, яғни көтеріліске қатысқандардың барлығы дерлік бұрмаланбай, айтылып, көрсетілуімен құнды. Академиктер Салық Зиманов, Е.Бекмахановтың материалдары; көтерілістің болмыс-сипатын анықтап, ашып беретін нақты дерек-дәйек, құжаттардан тұратын В.З.Галиевтің «Народно-освободительное движение казахов в 1836-1838 годах» кітабында; Халел Досмұхамедұлының «Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұматында» Шақшақов, яғни, Сегіз серінің көлеңкесінің де болмауы оның тарихи дерек-дәйексіз, аңыз екенін, жалған, жапсырма екенін дәлелдеп береді.

Менің қолымда Исатай Кенжалиев Қазақ ССР Ұлттық Ғылым академиясының қолжазба қорынан алып, латын әріпінен қазіргі әріпке көшіріп, баспаға дайындаған «Мақпал қыз» дастаны бар. Өте көлемді, оқуға жеңіл, сюжеті тартымды. Бірақ, М.Қ.Шақшақовқа, яғни, Сегіз серіге үш қайнаса сорпасы қосылмайды. 1939 жылы Бөкейлік Шафқат Бекмұқамбетов деген заң қызметкері бұл дастанды қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқановтың қолына тапсырған. Бұл дастанның орысша аудармасы да бар көрінеді. Белгілі жырау Сәрсенбай дастанды Кіші жүздің Жағалбайлы руынан деп жырлапты.

Біз бұл жерде Қаратай Биғожинді қаралап, я даттап, оған жала жабудан аулақпыз. Бірақ, Қарекең жылдар бойы шаршап-шалдықпай, жалған дақпыртқа неге барғанын, өзін де, өзгені де әлдебір қисынсыз жағдайға душар еткенін түсінгіміз келді. Сөйтсек, Шақшақов мұның арғы атасы көрінеді, оның үш ұлы болған, өзі де, балалары да сауатты: жазбалары болған, бірақ, қазір жоқ екен. «Ал енді оның өлең-жырын қайдан алдың?» деген сауалға нақты жауабы жоқ болыпты.

Профессор Исатай Кенжалиев: «…Біз жолымыз түсіп Жезқазғанға барғанымызда М.Шақшақов туралы алғаш мәліметті Әдебиет және өнер институтына 1974 жылы Қаратай Биғожиннен кейін жолдаған Мәди Болатовпен сөйлесіп, «Сегіз сері шығармаларын кімнен алдыңыз?» дегенімізде, ол кісі Қ.Биғожинге сілтеді. Менің «Сегіз серінің 1838 жылы Бөкейліктегі Ниязов Шомбал биге, Бекмағамбет Өтемісовке айтқан өлеңі бар көрінеді» дегеніме Мәди сенбеді. «Сегіз сері Бөкейлікте қайдан болсын, бұл сірә Қаратайдың өзінің құрғаны болар» деді ол. Өйткені, ауыз әдебиетін көп біледі, әрі өзі де өлең шығарады екен. Мәди пікірінің растығына қосыламыз. Қ.Биғожин Семей, Павлодардан Оралға дейін аралап жүре беретін көрінеді. Оны өзі айтады. Елге өз білгенін таратып, жазып та береді екен» дейді («Жалын» журналы, №9-10, 1997 жыл). Қазақтың «Мәссаған, безгелдек, осындайға кез келдік» дейтіні негізсіз, жалған сөйлеп, шындықтан түбегейлі ауытқығандарға таңырқаған сөзі шығар.

Жуырда Т.Қараментегі дегеннің («Ақиқат» журналы, № 6, 2015 жыл, 115-бет) «Асыл мұрамыздың жаңа кітабы» хабарламасында Сегіз серінің өмірі мен шығармашылық туындылары туралы 260-тан астам мақала, 45 кітап жазылыпты. Жаяу Мұса Сегіздің шәкірті екен, ол ұстазына арнап толғау шығарыпты. Автор «Қыз Жібек» қиссасын Сегіз серіге теліп, Көкбай ақынның аузымен «Бұл қисса Орта жүздің Керейінен, Қазақтың Сегіз сері мерейінен» дегізіпті. Үш шумақ өлең құрылымы, тіл өрнегі, жазылу стилі, сөз үндестігі жағынан Көкбайдың аяқ алысына тіпті ұқсамайды. «Өтіріктің өрісі тар» деген осы. «Қыз Жібек» қиссасының тоғыз нұсқасы жырланады. Сол тоғыз нұсқасында Сегіз сері жазды ма екен?! Апырай, М.Шақшақов сонда ұлы да, данышпан Абай мен Мұхтардан да озық болды ғой. Қазақтың маңдайына біткен қос классигі Сәбиті мен Ғабиті Шақшақовтың қолына су құя алмайтындай дәрежеде қалғаны ма?! Қайда, сол 45 кітап, оқиық, ой елегінен өткізейік! Айтпақшы, хабарлама авторының айтуынша, 46-кітап дүниеге келіпті. Ал, керек болса… Тағы бір айтарым, Мұса ақынның «Ер Сегіз» толғауының үзіндісі шіп-шикі… бүйтіп, тып-тыныш жатқан аруақтардың мазасын алып, назарына қалмау керек еді дейміз!

Үш томдық жөнінде айта берсек, сөз көп, тере берсек, қате көп. Тағы да бір мысал келтірейік. 1-томдағы «Ей, бұлбұл-ай» ән сөзінің екінші шумағы (қараңыз, 1-том, 191-бет) қате терілген. Негізінде:

 …Ұшады, көкала үйрек

аспанменен,

 Мезгілсіз таң атпайды,

сасқанменен.

 Кісіге кісі жары

жар болмайды,

 Бауырыңа балапандай

басқанменен, –

болуы керек еді.

3-томдағы бір деңгейде берілген ән сөздерін іріктеңкіреп, салалаңқырап, ізденіс жасау, жалғыз құрастырушы ғана емес, сарапшы, жауапты шығарушыға да міндет артатыны сөзсіз. Бұл топта да бірлі-жарым белгісіздеу авторлар да қылаң беріп қалады. Мысалы, «Шырқа, гитара» ән сөзінің алғашқы шумағы (қараңыз, 3-том, 363-бет, сөзі Есенәлиев, әні Е.Серкебаевтікі):

 О, гитара, тыңдайық сені,

 Ән көгіме көтерші мені.

 Ақ бұлттарға бөлеп

арманымды

 Тербеші мені,

 Ән бесігі, сен тербе мені…

Ән сөзінің қайырмасы да көңілден шықпайды. Б.Ізтемісовтің «Ұнатып ем» (сөзі де, әні де өзінікі, қараңыз, 3-том, 358-бет), ән сөзін оқып отырып, өзімнен өзім қысылып терлеп кеткенім.

 …Айтқан сөзің оқ сияқты,

 Жүрекке түскен шоқ сияқты,

Бірақ маған сенсіз өмір

жоқ сияқты, –

деп үздігеді автор. Бұдан не түсінесің, ал, түсініп көр, сөзі мынадай, әні де оңып тұрмаған шығар. Осындай әлсіз де, нәрсіз шумақтар баршылық. Бір айта кетер жай, бүгінгі апыр-топыр ән шығаратын жас «композиторларымыздың» көпшілігі ән сөзін түсінбейді немесе түсінсе де, мән бермейді.

Негізінде ән сөзінен қате жіберуге мүлдем болмайды. Ән сөзі оқуға жеңіл, тек мұқияттылықты талап етеді. Мысалы, ұлы Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» ән сөзінің бірінші шумағының төртінші жолындағы «көзден» сөзі «көзге» болу керек (қараңыз, 2-том, 3-бет). 3-томдағы (қараңыз, 365-бет) Қ.Құрманәлиевтің «Шәй ішіп кетсең, қайтеді?» ән сөзінің екінші шумағының төртінші жолындағы «аға» сөзі түсініксіз, мүмкін «ана» шығар. Шұқып қарай берсек, мұндай үлкенді-кішілі қателердің көптеп көзге түсуі тіпті ыңғайсыз.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button