Ана бақыты – әлем бақыты
Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен ең аяулы жандар – аналарға күн сайын қуаныш сыйласақ та артық етпейді. Ал, биыл тұңғыш рет мамырдың екінші жексенбісінде тойланатын «Аналар күні» асыл жандарға құрметті еселей түспек. Бұл күн ананың әр адамның өміріндегі, оны тәрбиелеудегі, отбасылық құндылықтарды нығайтудағы және қоғамды қалыптастырудағы айрықша маңызды екенін көрсетеді.
Ана мен бала – мемлекет қамқорлығында
Жалпы, Аналар күні – әлемнің көптеген елдерінде ананы құрметтеу, аналарға сүйіспеншілігі мен қамқорлығы үшін алғыс айту күні болып атап өтілетін маңызды мереке. Мемлекет басшысы атаулы күн арқылы әйелдер мен балалардың құқығын қорғау саласындағы өзекті мәселелердің ауқымын пысықтауға, гендерлік теңдікті қамтамасыз етудің құқықтық және институционалдық тетіктерін жетілдіруге, аналардың мәртебесін нығайтуға, ана болудың маңыздылығын және қоғамдағы аналардың рөлін арттыруға басымдық берді. Бұл бағытта Әлеуметтік Кодекстегі қолдау шараларын атап өтуге болады. Мәселен, балалары бар отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары көзделсе, оның ішінде бала күтімі бойынша төлем мерзімі 1,5 жасқа дейін ұзартылды.
Еңбек заңнамасы бойынша да жұмыс істейтін аналардың құқықтары мен міндеттері көрсетілген. Жұмысқа қабылдау кезінде кепілдіктер беру және жүкті әйелдер мен балалары бар әйелдерді жұмыстан шығаруға тыйым салу, үш жасқа дейінгі балалары бар аналарға жалақысы сақталмайтын қосымша демалыс беру көзделген.
Сондай-ақ, жұмыспен қамтудың икемді нысандары қарастырылған. Бұл қызметкерге жеке және отбасылық міндеттерді қатар алып жүруге, балалары бар әйелдерді жұмысқа кеңінен тартуға мүмкіндік береді (толық емес жұмыс уақыты, икемді жұмыс уақыты режимінде жұмыс істеу, қашықтықтан жұмыс істеу және т.б.).
Бұдан басқа, еліміздің әрбір елді мекенінде балалар мен жастарды тәрбиелеу, ұлттық құндылықтарды жаңғырту проблемаларын шешу үшін еліміздің әйелдерін біріктіретін Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия, оның облыстық филиалдары, Қазақстан халқы ассамблеясының Аналар кеңестері, Аналарды қолдау орталықтары жұмыс істейді.
«Әлемнің жарығын, сыйладың сен маған…«
Ойлап қарасам, жер бетіндегі жақсылық, қайырымдылық атаулының бәрі ананың ақ сүтінен таралады. Халқымыздың ырысты ынтымағын, береке бірлігін, туыстық татулығын іске асыратын да, ұйымдастыратын да әйел-ана. Қазір әйел-аналарға қоғамның барлық салаларына тең қатысуына жағдай жасалған. Әйел заты бүгінде қоғамдық мәселелерді шешуге, елдік, ұлттық саясатқа қатысты сұрақтар мен мәселелерді талдауға, ұсыныстар айтуға, түзетулер енгізуге белсенді араласады. Сондай-ақ әр әйел отбасы мен қоғам арасындағы әдемі байланысты орнатып ғана қоймай, бәрінен гармониялық үйлесім тапқысы келеді. Мұндай көрініс ортамызда жүрген қазіргі әйел бейнесінен байқалады. Айталық, әйел-саясаткер,көлік жүргізуші, заңгер, экономист, кәсіпкер, құрылысшы, балықшы деп тізімді жалғастыра беруге болады. Бірақ, ең бастысы әрине, әйел – Ана!
Қалай десек те, қазақтың есті әйелінің бейнесі қашанда «бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербететін» әйел-ана бейнесі. Ұлтымыздың дамуында қолында бесігі бар ана бейнесінің салмақты орын алуы ананың орны мен беделінің жоғары болғанын көрстеді. Қазақ әйелдері бесігін тербей отырып, өзінің қоғамдағы орнын жазбай танып, әйелдіктен даналыққа, отбасы, ошақ қасы тірлігінен рулы елдің қамын айтатын «Ел анасы» дейтіндей дәрежеге көтеріле білген.
Иә, есімдері әйгілі, ісі мен есімі ұрпаққа жалғасып келе жатқан Аналарымыздың Атырау өңірінде де көп болғанын ұрпаққа насихаттап, мақтаныш етеміз! Облыста 350 мыңнан аса әйел-ана болса, оның 28156-сы көп балалы отбасының отанасы саналды. Ал, 217 ана – «Ана Даңқы» ордені, 359 ана – «Ардақты Ана», 3809 ана – «Алтын алқа», 5982 ана – «Күміс алқа» иегері болып танылады.
Әйел заты санымен емес, санасымен қоғамда жоғары тұратыны айтпаса да түсінікті. Мереке күні осындай аналарымызды құттықтап, атыраулықтар атынан тағзым етеміз!
Ана кім?
Бұл сауалға әр адам түрлі жауап қататыны заңдылық. Ал, меніңше, Ана – ұлы аналардың ізгі жолын дәріптеп, жас ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беруші; өткеннің тағылымын жаңа дәуірдің талабымен сабақтастырып, бүгінгі қазақ әйелінің үлгілі бейнесін қалыптастырушы; үйдегі берекені сақтаушы; үлкен әулеттің, отбасының үйлестірушісі; қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысушы; мызғымас дәстүрлі құндылықтардың төңірегіне қоғамды топтастырушылар.
Мемлекеттің қуаттылығы отбасының беріктігімен өлшенеді. Осындай жауапты істің басында жоғарыда айтып кеткен дана аналарымыздың тұрғаны бәрімізге белгілі. Данагөй халқымыз ежелден-ақ бала тәрбиесін болашақтың тәрбиесі деп түсінген емес пе?!
Отбасындағы тәрбие ұлттық ерекшеліктерді сақтай отырып қалыптасады, әртүрлі жолдармен ұрпақтан ұрпаққа жетеді. Осы үрдістің бүгінге дейін жойылмай жалғасуында әр отбасындағы ата-әжелердің, әке-аналардың үлесі бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Еліміздің болашағы отбасында қалыптасады. Отбасы бақытты болса еліміздің келешегі де жарқын болады. Ол үшін әрбір отбасы саналы ұрпақ өсіруге аса мән беруі тиіс»,- деп үлкен жауапкершілік жүктейді.
Отбасының ең маңызды құндылығы – балалары. Әрбір адам өз ұрпағы арқылы өзін көреді. Ол үшін балаңа не бересің, «олар нені қайталап немесе қайталамасын» деген мәселені ой елегімізден өткізе білуіміз қажет.
Осының бәрі халқымыздың бала тәрбиесінде ешкімге ұқсамаған өзіне ғана тән тәрбиесінің, тәртібінің, мәдениетінің болғандығын көрсетеді. Мұндай тәрбиенің бүгінгі күнге дейін сақталып, жалғасуы әрине, отбасындағы аналардың теңдесіз еңбегінің нәтижесі.
Мәселе, бүгінгісіне ертең қанағат тұтпайтын, талғампаз, жас буынды қандай негізде тәрбиелейміз, оның адамгершілік сапалары мен әлеуметтік бағдарын қайда бағыттаймыз, қалай жүзеге асырамыз деген міндеттерді шешудің жолдарын бірге талқылап, жүзеге асыруда тұр.
Біз не істей аламыз?
Бастысы, балаларды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз. Сондықтан, от¬басы¬лық психологиялық кеңес қыз¬ме¬ттерінің беделін көтеру, бағытталған кешен¬ді ақпараттандыру жолдарын колжетімді ету, ағартушылық іс шараларын күн тәртібінен түсірмеу керек.
Халқымыз ұлын – нарға, қызын – арға балап, татулықты абысындар арасынан тапқан, жігіттің бойынан елге қорған боларлық батырлық қасиетті іздеген. Осындай тәрбие арқылы құндылықтарды қалыптастырған. Халқымыздың ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтары туралы айтқанда қазақ анасының үлгісін, мол тәжірибесін көреміз.
Ұлтты сақтайтын да, өркендететін де ұлттық тәрбие мен құндылықтар. Яғни, әрқайсымыз ұлттық ерекшеліктерді білетін, құрмет тұтатын отбасын қалыптастыруымыз керек.
Өрелі де өркенді істер
Соңғы кезде аналарды қолдау және адал еңбекті насихаттау мақсатында көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Мысалы, ауыл әйелдеріне арналған форумның өтуі, облыс әкімінің отбасы және әйелдер істері жөніндегі уәкілдердің тағайындалуы, т.б. айтуға болады.
Сондай-ақ, Халықаралық әйелдер мейрамы аясында Қызылордада «Анаға тағзым» республикалық аналар форумы өтті. Іс-шара ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссиямен бірлесіп ұйымдастырылды. Барлық қатысушылар өңірде бой көтерген «Анаға тағзым» орталығының қызметіне назар аударды. Осындай орталық тек Ақтөбе, Тараз, Қызылорда да бар екен. Форумда ел аналары «басқа облыстарға да аналар бас қосатын тәжірибе алмасу орталығы керек» деген ұсыныс айтты. Атырауда болашақта өңірдегі барлық аналар құрметіне «Анаға тағзым» орталығы ашылса, игілікті істің бірі болар еді.
P.S. Иә, әйел-ана тақырыбына айтылатын ойларға салауаттылықпен қарағанымыз жөн. Ақылды әйел – үйдің қазынасы, шуағы. Әйел-ана құнарлы топырақ, онда адамзат дәні өсіп, жетіледі. Біз бәріміз сол дәннің жемісіміз…
Үйге әйел – жарық, еркек – жылу, бала – бақыт әкеледі. Ал, ана бақытты болса, әлем де бақытты болады. Ендеше, бақытты аналардың тілеуі қабыл, өмірі ұзақ, мерейі асқақ бола берсін!
Злиха ДҮЙСЕКЕНОВА,
мемлекеттік қызмет және білім беру саласының ардагері