АМЕРИКАНДЫҚ СИЫРЛАР БЕЙБАРЫСТА
Жақында алдын ала келісімге сәйкес, Бейбарыс ауылына Америка Құрама Штаттарынан арнайы ұшақпен тағы да 500 бас сиыр әкелінді. Сөйтіп, тауарлы-сүт фермасындағы малдың басы бір мыңға жетті.
Аймаққа танымал ауыл шаруашылығы саласының майталманы, осы шаруашылықтың ұзақ жылдардан бері тізгінін ұстаған Аманжол Есқараевтың пікірінше, осы уақытқа дейін күніне 4 тонна сүт өндіріп келген ферманың күндік өнімінің көрсеткіші болашақта 16-20 тоннаға жетпекші. Демек, сүттен басқа, қаймақ, айран, ірімшік, бірнеше түрлі йогурттарды өндіріп, тұтынушыларына жөнелтіп отырған ұжымның өнімдері енді бірнеше есе артпақ.
— Біз алға қарай өз өнімдерімізді сататын қала базарлары мен супермаркеттеріндегі сауда нүктелерін кеңейтіп, көбейтуді көздеп отырмыз. Бүгінде экологиялық жағынан таза, сапалы әрі қауіпсіз азық-түлік өнімдеріне деген тұтынушы сұранысының артып келе жатқандығы қуантады. Ұжымымыз болып осы межеден көрінуге жұмыстанудамыз. Жергілікті атқарушы органдардың да бізге деген қолдау-көмегі тиеді деген сенімдеміз» — дейді шаруашылық басшысы.
«Первомайлықтар» малға қажетті азықтық пішенді жылдағыша «Шолдыркөл» шабындығынан шауып, жинап алады. Биыл бұл учаскеден 2500 тонна пішен дайындалды. Бұған қоса көктемде шаруашылық тәжірибе ретінде арпа егіп, әр гектарынан 15 центнерден өнім жинауға қол жеткізіп, 500 тонна арпаны қамбаларына құйып алды. Сиырдың сүттілігін арттыру, қоңын бір деңгейде ұстап тұру, бұзауларды құнарлы пішенмен азықтандыру жасау мақсатында бұған қосымша арпа, жүгері, жемдік қоспаларды сатып алатындықтарын жеткізді мамандар.
Бақытжан ХАМИТҰЛЫ.