ҒАЛЫМНЫҢ ӨНЕГЕЛІ ЖОЛЫ
Индер ауданына қарасты Бөдене ауылының тумасы, Алматының зоотехикалық-малдәрігерлік институтын үздік бітірген Өтеген Ығылманұы, 1952-1955 жылдары Қызылқоға ауданаралық ветеринариялық зертханасының директоры, эпизоотолог-дәрігері болып қызмет етіп, мал арасында туындаған індеттерді жою мақсатындағы іс-әрекеттерді қолға алады, сөйтіп, ол өндірістік тәжірибе арқылы өз мамандығына машықтанады.
Өтекеңнің үлкен ғылыми-педагогтік қызметі 1955 жылдың аяғында Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтында, қазіргі Қазақ Ұлттық агроуниверситетінде бастау алған. Бұл жоғары оқу орнының патологиялық анатомия кафедрасында 44 жыл бойы тапжылмай еңбек еткен ол, ғылыми-ұстаздық қызметтің барлық сатыларынан өткен: аспирант, ассистент, доцент, 18 жыл бойы кафедраның меңгерушісі, профессор. Одан әрі, 1999-2004 жылдары, Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің гистология, эмбриология, торша биологиясы кафедрасының профессоры болады. Қазірде еңбек жолын жалғастырып жатқан Өтеген Ығылманұлы Ф.М.Мұқамедқалиев атындағы эксперименттік биология институтына бас ғылыми қызметкерлік жұмысқа 2005 жылы ауысты.
Ғалым жануарлар токсоплазмозы бойынша үлкен көлемді зерттеулер жүргізіп, аурудың патологиялық морфологиясы, дерттенуі мен диагностикасы туралы ветеринариялық ғылым мен өндірістік іс-тәжірибеде маңызы жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, докторлық диссертация қорғаған.
Өтекеңнің ветеринария мүддесіне байланысты тындырған басқа да ғылыми-зерттеу жұмыстары баршылық. Ол елімізде беймәлім болып келген, шаруашылықтарға тигізер зияны мол он шақты жұқпалы (инфекциялық, инвазиялық) аурулар мен улануларды өз зерттеулерімен алғашқы болып таныды, шәкірттерімен бірлесе отырып, олардың мән-мағынасын білу, оларды тану және ажырата білу тұрғысынан біраз зерттеулер жасаған. Нәтижесінде ғылыми-практикалық құндылығы жоғары деректерге қол жеткізген.
Өтеген Ығылманұлы отандық байырғы қылшық жүнді қой тұқымдарының тері жабындысы мен аталық және аналық жыныс бездерінің құрылымдық-функционалдық қалыптасу заңдылықтарын, олардың тұқымдық ерекшеліктерін зерттеді. 1958-1959 жылдары Семей өңірінде атом бомбаларын сынаудың адам және жануарлар ағзасына тигізер зардаптарын зерттеу ғылыми экспедициясының құрамында болып, жабық тақырып бойынша ғылыми-зерттеулер атқарды.
Өтекең – 170-тен аса ғылыми, ғылыми-әдістемелік жарияланымдардың авторы. Ол Мәскеу, Ленинград, Қазан, Воронеж, Тбилиси, Таллин, Львов, Витебск, Саратов, Харьков, Самарқанд, Омбы және т.б. Кеңес Одағында білім-ғылым орталықтары болған қалаларда өткен Бүкілодақтық, халықаралық ғылыми конференциялардың жұмыстарына қатысып, өз зерттеулерінің нәтижелері бойынша тартымды баяндамалар жасады.
Ол патологиялық анатомия пәнін қазақша сөйлету ісіне біршама үлес қосты. Жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған «Ветеринариялық патологиялық анатомия» (Алматы, 2010), «Малдың жалпы патологиялық анатомиясы (Алматы, 1997) оқулықтарын, бірнеше оқу-әдістемелік құралдар мен нұсқаулар жариялады, «Патологиялық анатомия» және «Соттық ветеринария» пәндерінің бағдарламаларын құрастырып, «Ветеринариялық соттық медицина» (2015) оқулығын баспаға дайындады.
Оның ғылыми-педагогтік кадрларды дайындау ісінде де табысы зор. Ғалымның жетешілігімен бір магистрлік, сегіз кандидаттық, екі докторлық диссертация қорғады.
Қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытқан Өтеген Ығылманұлы 1997-2005 ж.ж. Қазақстан Республикасы Ғалымдарды аттестациялау комитетінің ауыл шаруашылығы және ветеринариялық ғылымдар эксперттік кеңесінің сарапшысы, 1981-2000 жылдары КСРО Денсаулық министрлігі жанындағы Патанатомдардың Бүкілодақтық қоғамының ветеринариялық секциясының президиум мүшесі, 1997-1998 жылдары Қазақ Ұлттық Аспендияров атындағы медициналық университет жанындағы морфология саласында докторлық диссертация қорғау кеңесінің, 1986-2010 жылдары Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институты (1996 ж. Қазақ Ұлттық аграрлық университеті) жанындағы докторлық диссертация қорғау кеңесінің мүшесі болды.
Өтеген Ығылманұлы КСРО Жоғары және арнайы орта білім беру министрлігінің Құрмет грамотасымен (1989 ж.) және осы министрліктің «Еңбек үздігі» белгісімен (1979 ж.), ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталармен (1993, 1996 ж.ж.), «Еңбек ардагері» (1986 ж.), «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 60 жыл» және «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 70 жыл» медальдарымен марапатталған.
М.ТОЙШЫБЕКОВ,
ҚР ҰҒА академигі,
профессор, «Ф.М.Мұқамедқалиев
атындағы эксперименттік биология институты» ЖШС директоры.