Жарнама
Қоғам

ҒАЛЫМНЫҢ хаты өлмейді

Ертесіне таңертең сол бөлімге қайтадан келдім. Төрдегі терезенің алдында бір кісі отыр екен. Сәлемімді алып «отырыңыз» деп алдында тұрған үстелді нұсқады. Жолдамамды мұқият оқып шықты да, «Гурьевте менің Қабидолла Досқалиев дейтін тұңғыш шәкіртім болған. Екеуміз жақсы дос болып едік. Мен оны Қаби деуші едім. Сен де Гурьевтен екенсің. Атың да Қаби екен. Мен сені өз бөліміме алайын. Біраздан соң жақсы тақырып тауып береміз. Кейін аспирантураға да қабылдаймыз» деп өз шешімін айтты.
Айтқандай-ақ, келесі жылы аспирант болдым. Зерттейтін ғылыми тақырыбым етіп марқұм Қабидолла Досқалиевтың бір кезде айналысқан: «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан мұнай шаруашылығының тарихын» бекітіп берді және өзі менің ғылыми жетекшім болып тағайындалды. Сол жылы қыста Ғылым Академиясының Батыс Қазақстан филиалы Атырауда халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізген болатын. Конференцияға Манаш ағай да келді. Мені ертіп марқұм Қабидолла Досқалиевтың үйіне кіріп көңіл айтып шықты. «Қабекеңнің жинаған құжаттары қалса, Қабибекке беріңдер. Соғыс жылдарындағы мұнайшылардың тарихын енді осы бала зерттейді» деп Күнсұлу апаға тапсырып кетті. Кейін жеңгемізден марқұм Қабидолла ағайдың жинап кеткен көптеген құжаттарын алдым.
Тоқсаныншы жылдардың басында кеңестік кезеңге қатысы бар бірқатар тақырыптар қорғалмай қалды. Солардың арасында менің де жұмысым бар. Диссертациямның көптеген жерлерін жаңа заман талабымен қайтадан жазу керек болды. Осылайша, аспирантураны бітіретін уақытта диссертациям дайын болмады. Сөйтіп, оқуым біткен соң Атырау университетіне қайтып оралдым. Арада бес жылдай уақыт өтті. Алматыға көшіп келгенмін. Манаш ағайға қайтып баруға ұятым жібермеді. Сөйтіп жүргенде бірде кездейсоқ жерден академиялық ғылыми кітапхананың алдында Манаш ағайды кездестіріп қалдым. Амандасып болғасын аузыма дұрыс сөз түспей, сасқаннан: «Сіздің қорғамаған жалғыз аспирантыңыз болдым» дедім. Мәкең біраз күліп алды. Сол бұрынғы қалпы, жылы қабылдап тұр. Жөн сұрасып алған соң: «Жүр, мені үйге дейін шығарып сал» деді. Осы жолы ағаймен қайтадан табысқандай болдым. Көп кешікпей сол бұрынғы Тарих және этнология институтына кіші ғылыми қызметкер болып қызметке орналастым. Бұрынғы ғылыми жұмысымды қайтадан қолыма алып, сол Манаш ағайдың жетекшілігімен қорғадым-ау, ақыры.
2001 жылы Атырауға жұмысқа келдім. Сол жылы Атырау мемлекеттік университетінің елу жылдық мерейтойы өтті. Мерейтой ғылыми конференцияға ұласты. Конференцияға шақыртылған меймандардың бірі болып Манаш Қозыбаев та келді. Келген күннен бастап кеткенше ұстазымның қасында болдым. Сол кезде болашақта зерттейтін докторлық тақырыбым туралы сөз болды. Екі-үш тақырыпқа тоқтап ақыры келесі жазда Алматыға келген кезде осы тақырыптың біреуін бекітетін болып келістік. Сөйтсем, ұстазымды соңғы рет көрген екенмін. Арада екі-үш ай өткен соң ол кенеттен қайтыс болды.
Егеменді еліміздің тарихын тәуелсіз ұлттық мүддеде қайтадан жазу және оны халқымыздың санасына сіңіру ісі осы Манаш Қозыбаевтың еншісіне тиген екен. Ғалымның осы еңбектерін кеңінен ашып көрсету қазір аса қажет-ақ.

Қабибек МҰХИТОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау мемлекеттік университетінің
аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button