АЛТЫН ОРДА КЕЗЕҢІНЕН СЫР БЕРГЕН ҚАЛА
Ақтөбе-Лаэти қалашығы орнына мектебіміздің оқушыларын тарих пәні мұғалімі Қалыбек Әбітов экспедицияға алып барды. Ондағы мақсат – тарихымызды білу, тарихи ескерткіштерді зерттеу, қорғау жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын түсіндіру.
Мәрмәр белгі таста: «Қазақстан Республикасы Ақтөбе қалашығы XII-XV ғ.ғ. ескерткіш мемлекет қорғауында» деп көрсетілген. Алайда, іс жүзінде мұнда оны қорғау ісінің талаптан әлі төмендігі көрініп тұр. Қалашық маңына тұрғын үйлер жақын орналасқан, ешқандай да қоршаулар қойылмаған, қоқыстар әр жерде шашылып жатыр.
Қалашыққа экспедицияға барған кезде одан тарихи кезеңнің белгілері де табылды. Әр түрлі құмыра, моншақ сынықтары және сол құмыралардағы ою-өрнектер өзгеше стильде жасалынған. Және бір ерекшелігі сынықтардағы түстердің кетпеуі, олардың көп жылдар бойы жер астында сақталып келуі оқушыларды қатты таң қалдырды. Яғни, бұл сол кездерде қолөнердің ерекше дамығандығының дәлелі.
Тарихи жәдігерлер – біздің ең құнды байлығымыз. Сондықтан да, ұлттық тарихымызды қадірлеп, қастерлеу, сақтау, білу – болашақ ұрпақтың парызы
Айнұр АХМЕТОВА,
№36 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.