АЛТАЙДАН АТЫРАУҒА ДЕЙІН
Аласапыранда айырылған ағайын
Осы шара барысында бұрын көпшілікке беймәлім бір жай жария етілді. Оны жиналғандарға драматург-жазушы Рахымжан Отарбаев жеткізді.
— Аспаннан түскен жоқпыз, — деп бастады сөзін қарымды қаламгер, — жерден шыққан жоқпыз. Бәріміз де атаның күшінен, ананың сүтінен жаралдық.
Одан әрі ол Ысық, Беріш, т.б. бүгінгі Кіші жүз руларының аттары Қытай шежіресінде кездесетіндігін келтірді. Ау, аспан асты елінің жылнамасында біздің аталарымыздың аттары қайдан жүр? Сөйтсек, бағзы кезеңде олар сонау Алтайдың бауырын мекендепті. Тіпті, Әбіш Кекілбаев Ысық батырдың Ысты есімді бауыры болғандығын да айтады. Қазақтың арғы-бергі тарихын жіптен өткізетін абыз әр сөзін салмақтай білсе керек. Демек, жаугершілік заманда Ысық бір қауым елмен Алтайдан бері көшеді де, Ысты атажұртта қалып қояды. Қазір оның да ұрпақтарының тұқымы тарап, жапырағын жайған шығар. Әттең, аласапыранда айырылған ағайындылардың бүгінгі буыны бір-бірімен қауышар ма екен?
Жалпы, «Ысық» сөзінің түркі тілінен аударғандағы баламасы «қасиетті» деген ұғымды білдіреді. Ал, Ысық бабаның мәңгілік мекені Ыстық көлдің маңында болуы мүмкіндігі – көпшілік күтпеген жағымды жаңалық. Мұндай жорамалды көлденең көк атты емес, мүйізі қарағайдай ғалымдар жасап отыр. Енді, Ысық баба бейіті табылар ма? Құпиясын ішіне бүккен маңғаз дала сырын кімге және қашан ашады?
Бүгінгі ұрпақ Ысық атаның 14-15 буыны болып саналады. Солардың ішінен бабаға арналған мемориалдық кешенді ашу құрметі Ұлы Отан соғысының ардагері Өтәлі Балғымбаев пен Алматыдан арнайы келген белгілі қоғам қайраткері Беркін Ізтілеуовке ұсынылды. Осы жерде Өтәлі қарт баршаны бірлікке шақырды. Бар қазақты тарыдай болып шашылуға емес, тастүйін жұмылуға үндеді.
Ал, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов бұл шараны Қазақ хандығының 550 жылдығымен сабақтастырды. Әйгілі Әйтеке бидің «Бар қазақ – бір биенің құлындары» деген аталы сөзін еске түсірді.
Батыс Қазақстан облысынан келген Сүйеу Ақсереков оралдық ағайын атынан сәлем жолдап, Ысық Шығанақ батырдың Исатай-Махамбет көтерілісіне қатысы барын баяндады.
Еңбек ардагері Елемес Айдошев сөзін «Өткенін ескерген – өскендіктің белгісі» деп түйіндеді.
Атаға арналған шараны жүргізген ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Бақтыбек Таубаев осы мемориалды кешенді тұрғызуға белсене атсалысқан бір топ азаматтың атын атады. Ал, тұтас кешен жоғарғы жағына «Ысық ата» деп жазылған, орта шеніне ру белгісі бейнеленген, төменгі тұсына ұраны «Бәйтерек» делінген зәулім граниттен, Рахымжан Отарбаевтың бір шумақ өлеңі ойып жазылған қойтастан және Жылыой жерінен жеткізілген, жерімізде мол мұнайдың барлығын білдіретін салмағы 25 тонналық кентастан тұрады. Бірін бірі толықтырып тұрған әдемі ансамбль.
Бәйтерек батыр
Ысық руының ұранына айналған Бәйтерек батыр – тарихта болған адам. Ол – қазақ даласын жоңғарлардан қорғап, ел шетіне жау тигенде қол бастаған кісі. Он шақты жігітімен қоңтайшы ордасына барған жерінде қапияда қаза табады. Бұл жөнінде жазушы Рахымжан Отарбаев Ысық шежіресі берілген «Бәйтерек» кітабында әдемі келтіреді.
Әрі-бері шабысып, соңынан бітімге келгенімен, жоңғар жағы қазақтарға қыр көрсетуін қоймаған. Жағдай әбден ушыққан соң Бәйтерек бастаған топ келісімге барған. Алдыңғы айқаста үш батырын жер жастандырған жігітті жоңғарлар жазбай таниды. Қазақтарды қорламақ болған олар арам өлтірілген малдың етін ұсынады. Намысқа булыққан Бәйтерек жігіттерін ертіп кейін қайтады. Әттең, жоңғарлардың да жымысқы ойы бар екен. Жүз шақтысы соңынан қуады. Қазақтар да найзасын ойнатып қарсы тұрады. Жаудың көздегені бәрі емес, ішіндегі біреуі болып шықты. Ысқырып жеткен садақ оғы топ ішінен Бәйтеректі табады. Батыр ат жалын құшады.
Талықсып кетіп, есін жиған сәтінде жанындағы жолдастарына өзін демі үзілген жерге жерлеуді тапсырады. Жау қорламас үшін қабірінің үстін тегістеп кетуді де қоса айтады. «Ау, артынан қалай табамыз?» деп сасқандарға, «Оң уысымды жазбаңдар, кейін тал өсер, бәйтерек болар» деген екен жарықтық. Содан араға үш жыл салып ағайындары іздеп келсе, қабір үстіне жас шыбық бой түзепті. Кейін ол алып бәйтерекке айналады. Ысық батырының шын есімі аталмай, бізге осылай Бәйтерек болып жетті.
Қайткенде де, Бәйтерек батырдың Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбаймен тұстас ғұмыр кешкені кәміл. Батыр Баянмен замандас болғаны да анық. Әттең, ертерек қаза тауып кетсе керек, үш жүздің басы қосылып, жоңғарды жапыра жеңген ұрыста қазақ қолын басқарған батырлар қатарында есімі аталмайды.
Жазушы Бәйтерек туралы туындысын Сырым батыр мен Қаратау би арасындағы әңгімемен өрбітеді. Бұлардың екеуі – кең байтақ жерімізді жаудан қорғауға, Қазақ хандығын құрысуға үлес қосқан тұлғалар. «Демек, оларға Атырауда ескерткіш орнату керек» деді Рахымжан Отарбаев.
Оралдан келген тарихшы Жәнібек Есмұрзин он шақты жылдан бері қазақ руларының ұранына айналған батырлардың дерегін жинастырып жүр екен. Мәскеу мен Орынбордың мұрағаттарын талмай шарлаған ғалым біраз дерек те тауыпты. Ол халқымыздың он сегізінші ғасырдағы тарихы әлі жеткілікті зерттелмегенін айтады. Көбіне, Исатай, Махамбет, Сырым, т.б. туралы дерек бар. Өзгелері қайда? Қазақ даласы батырларына кенде болып па еді? Қазір Ресей мұрағаттарынан Бәйтерек батыр туралы деректер табылып жатыр. Демек, таяу уақытта көлемді еңбек өмірге келмекші.
Ел есіндегі есімдер
Бағзы тарихтан бізге жеткен Ысықтан шыққан батырлар мен билер, шешендер мен өнер иелері жеткілікті. Бәрін тізіп шығу да мүмкін емес. Сондықтан, бірқатарын ғана айтып өтелік.
Па, шіркін, Қабыланбай! Қайраты тасқын судай тасыған, ерен күштің иесі. Қапыда қолға түскенінде патша офицерлері темір кісенге де, мықты арқанға сенбей 32 солдатпен түрмеге жаяу айдапты. Бір қазақтың соңында отыз екі орыс салпаңдап жүрген ғой. Осы Қабыланбай Исатай-Махамбет көтерілісіне он ұлымен және жалғыз қызымен бірге қатысқан. Қандай жанкештілік?!
Исатай-Махамбет көтерілісіне белсене қатысқан батырлардың бірі – Ысықтың Қалдыбайы. Исатайдың Жәңгір ханға ойлануға он күн мұрсат бергеніне ренжіп, орданы өзі шаппақ болған. Исатайға қарап «Хан баласы қабан-ды, қайырылып шапса, жаман-ды. Шабар күнің бүгін-ді, бүгіннен қалса қиын-ды» депті Қалдыбай. Кейін Тастөбедегі ұрыста Қалдыбай ұлы Сабалақпен бірге оққа ұшады.
«Доссорда шай құяды Гүлжансары» деп басталатын әннің кейіпкері де – Ысықтың қызы. Бұл әннің шығу тарихын белгілі сазгер Илья Жақанов жан-жақты зерттеді. Ол бір кездескенімізде осы әнді естіген сәтте-ақ шығу тарихын білуге құмартқанын айтқан-ды. Сөз ретінде айтсақ, Ысықтың тағы бір қызы Ғайнижамал да – ән кейіпкеріне айналған ару.
Атыраудан шыққан бес Кеңестер Одағы Батырының екеуі – Ысықтың жігіттері. Қайырғали Смағұлов пен Мұқат Мұсаев – ел басына күн туғанда ерлігімен ерекшеленген тұлғалар.
Әрине, тарих қойнауын қопарса, өзге де есімдер табылар. Біз газет мүмкіндігіне орай қысқа қайырғанды жөн көрдік.
Сөз соңы
Сонымен, ұрпаққа тағылым болар, кейінгілер үлгі алар шара ұйымдастырылды. Оған Атыраудан өзге Ақтөбе, Маңғыстау, Павлодар, Батыс Қазақстан, т.б. облыстардан жарты мыңға жуық адам қатысты. Мемориалдық кешеннің Оңай ата жатқан тұсқа орнатылуының да өзіндік сыры бар. Бұл кісі де – тарихта болған, емшілігімен де, батырлығымен де аты шыққан Ысықтың бір ұлы. Атырау-Доссор тас жолы бойындағы оның бейітіне әрі-бері өткен жолаушылар тоқтап, тәу етіп кетеді. Қазір мұнда келушілер үшін қонақ үй, шайхана, т.б құрылыстар бой көтерген. Ендеше, осындай мемориалдық кешенге сұранып тұрған жоқ па?..
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.