ТҮСКЕ БЕРГІСІЗ ӨҢ БОЛУШЫ ЕДІ. ӨҢГЕ БЕРГІСІЗ ТҮС КӨРДІК. АП-АНЫҚ, БӘРІ ШЫНАЙЫ. ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМГЕР, ҚАЙРАН АҒА РАХЫМЖАН ОТАРБАЕВТЫҢ АТЫРАУДАҒЫ ҮЙІНІҢ АУЛАСЫ ЕКЕН ДЕЙМІН. «АДАМДАЙ БЫЛТЫР КЕТІП, БИЫЛ КЕЛГЕН» ҚАЙТА ОРАЛЫПТЫ. СӘУЛЕ ЖЕҢГЕЙ МЕН ЕРМЕРЕЙ МӘЗ. «АЙЖАМАЛДЫ ТАНЫП ТҰРСЫҢ ҒОЙ?» ДЕЙДІ ӘКЕСІ. «ӘРИНЕ!». ҚАСЫМДА ЕРЕР ҚҰРДАСЫМ БАР ЕКЕН, ОНЫҢ НЕ ҚЫП ЖҮРГЕНІН ҚҰДАЙ БІЛСІН.
– Қайда апарып тастағансыңдар? Қайтып келе алмайды деп ойладыңдар ма? – деп ортаңғы үш саусағымен көмірқара шашын салалап тұрып, әдетінше бір күліп алды.
– Қайдағыны айтпаңыз, аға, Сізді ешқайда жіберген жоқпыз ғой!
Содан әңгіменің нешеме ығыты ағытылды дерсің… Жақында дүние есігін ашқан сәбиіміздің түнгі қыңқылын сезбестен, қатып қалыппыз. Неткен ақ- дариға түс! Әдетте алдағы күні кездесетін бейнелер, болуы мүмкін сұхбаттар таңғы түске кіреді. Бұл жолғысы, шамасы, жиі ойлағаннан шығар…
***
Рахаң о дүниелік болғалы төртінші күз. Фәнилік жүрісінде алпыс алтыншы күзіне өтер еді.
…содан бері іле-шала бірдеңе жазуға да, жақын-жуықпен ортақ пікірлесуге де зауық соқпады. Сүйсінтетіні – екі ортада Рахымжанын іздеуші көбейгені. Байқап қаламыз: бірі кітаптай, бірі видеолай, бірі аудиолай насихаттап жүр. Арасында «артық қылмақ» ниеттен немесе абайсызда болмағанды болғандай қылу жайттары кездесіп қалады. Ел ішіне көп нәрсе жарасымды, ел ішінде көп нәрсе кешірімді.
Ағамыздың феномені неде еді? Неліктен біраз жұрт Рахымжаншыл? Керісінше, неге кейбіреулер Отарбаев дегенде одырая қалады?
Жазушы біткеннің бәрі осынша сәнге айнала алып жүр ме?
Қайшылықты пікір көптігі неден? Мінезден!
Оны кесектікке, кескектікке сусағандар аңсап іздейді. «Аттай алмайтын тастай» айналып өтетіндер аулақ жүреді. Бәлкім, көргісі де келмегені. Ал өзін «шындығын сезіндім, ішін алдым- ау» санайтындар мүлдем бөтен ойда мүмкін. Рахымжан ағамның денесі суығанын естіген сәтте көкейімізге оралған ойларды осы тұста келтіре кеткеніміз жөн деймін:
Өмір айтыс па? Айта білді.
Өмір жазу ма? Жаза білді.
Өмір асқақ па – қасқайды.
Өмір жалған ба? Ол да алдайды.
Өмір ойын ба? Ойнай білді.
Өмір күрес пе? Егесе жүрді.
Өмір мұң ба? Шеге білді.
Өмір жол ғой – жүре білді.
Қайран да қазақ Рахымжан Қасымғалиұлы!
«Мен туралы қашан жазасың, кетуімді күтіп жүрсің бе?» деп қалжыңдаған кейінгі сирек кездесулердің әлдебірінде. «Жөнімізді» пайдаланып, «көрерміз» деп қағытудан тайынбағанбыз.
Бірақ, дәл осылай бақұл-сөз таспалап отыруға мегземегеніміз анық. Жаратылыстың өз ережесі бар. Оның аты – заңдылық…
***
Иә, бұл жолғысы, шамасы, жиі ойландырғаннан шығар… Әңгімесі жарқын. Алыстан алады.
«Жеделдетіп қара жерге көміп, беттеріңді тез-тез сипап, «құтылдық- ау әйтеуір» дерсіңдер бір күні» деп әзілдемеді бірақ. Тегінде көзі тірісінде о дүние туралы оңай әңгімелеуші еді. Сол түсте «Қайран Рахымжан-ай, осы саусақтарыңды да бір күні қара топырақ жабады-ау» демеді бірақ…
«Ақын-жазушының пропискасы — халықтың жүрегінде» деп текке айтылмаған. Ақын-жазушы үшін тірліктің соңында тұрмыс қалмайды, туынды қалады.
Ақын-жазушының, шығармашылық адамдарының ұлт діңін жалғау ісіндегі жауапкершілігі, қолтаңбасы туралы шыр- пыры шығып әңгімелеуші еді. Әбіш Кекілбайұлымен қоштасу дастарқанында сөйлеген әйгілі сөзі интернет торабында әлі де сақтаулы. Дарабоз шығармашылдарды «Ұлттық құндылықтар қатарына заңмен қосуды бекіту» жөнінде сол басқосуда жаны шырқырап жеткізіп еді.
***
Биыл көктемде сәт бұйырып, Рахымжан Қасымғалиұлының анасы жерленген топыраққа табанымыз тиді. Қазіргі қазақ елінің батысындағы ең шеткері нүктенің бірі. Жері шалғай. Жолы – бағдар ғана. Театрдағы көпшілік жиылған бір кеште ауылының жолы сапасыз екеніне «шағымданған» жұртқа Рахамның қалжыңға сыйғызып айтқаны құлағымда: «Құрманғазы ауданы киелі жер ғой. Киелі жерге қиямет шегіп бармаса, болмайды ғой!». Ұққан жанға – терең сыр. Жауаптыларға – ауыр салмақ. Түзеліп кете қалған жол да жоқ әлі бірақ. Қайтесің, негізінде Ресеймен араны жалғайтын халықаралық мәртебелі магистраль…
«Бұл жерде менің ең қымбатты адамдарым жатыр… Қайтейін… қолымнан келгені осы болды. Рахымжан. Мамыр 2005 жыл» депті құлпытаста. Шәмсия Дәулетқызы ұлының төрт жасында о дүниелік болған екен. Өзі жиі еске алып жүруші еді. Сірә, дүниедегі ең шынайы сөз құлпытастағы жазу шығар.
Сондай-ақ… «Жалғыздық».
«Жалғыздық»!
Осынау құлпытас орнатылған тұста көкірегіне құйылған элегиядан айналып өткім келмейді. Анасының бейіті тұсындағы ойлары екеніне сенімім кәміл. Қаламгер Отарбаевтың шедеврі. Пенде-болмыстың тұңғиығына үңілген көркем сипат. Шыншыл үнсіздіктің тылсым шыңғыры. Мұнда «Жақсының ісі – жария, жаманның ісі – құпия» деп, өз жанының жар-жарын адамзаттың баянды жұмбағымен селбестіре білген үйлесім бар.
***
«…дүниенің бәріне мырзақол сахилықпен…» деген жоғары ноталы тіркес жүреді «Жалғыздықтың» басында. Рахымжан ағаның өзі де табиғатынан ақ жүрек жомарт еді. Шығармашылығынан гөрі адами болмысын қамтуға талаптанған жазбада көңілдің кейбір көріністерін қамти отырсақ дейміз.
Бала кезінен алғаусыз досы Таңатар ағамыз бірде қалада жолығып қалыпты. Әкелік жауапты шаруамен алыс жолға аттанып бара жатқанын айтады. Рахаң қоштасарында өзіне тән сенімді даусымен «ауылды ұятқа қалдырмай, мұқият барып келіңдер» деп уыс-уыс қағаз ақшаны досының қалтасына бұрқыратыпты. Бұл қаражаттан қиналыс танытқан адам демесе де, досқа деген жанашырлық, туған топыраққа қимастық.
Мұндай мысалдың өзіміз-ақ талайын санап бере аламыз. Көңілі құлаған адамына балама таппайтын басы – мәрттікке символ. Аузын ашса-ақ, аяғын аттаса-ақ аңызға айнала кететін тұлғалар санатынан оңай табылуының бір сыры осында болса керек.
***
Өзекті өртейтін өкініш бар. Әбіш Кекілбайұлының үйіне бара қалдық. 2018-дің желтоқсаны. Клара Жұмабайқызы жалғыз екен. Әңгімеден әңгіме шығып, керемет тақырып ұсынды. Әбіш ағайдың жас кезіндегі әзілқойлығы жөнінде: «Көп қамтылмай жүрген қыры. Өзім басқа саланың маманы болғаннан кейін, жазуым қалай болар екен деп бата алмай жүрмін» деді. Қайрат Жұмағалиев сынды достарына арнаған жастық қалжыңдарының кейбірін жатқа айтты да. Мереке кезі, уақыт тығыздығынан сөзіміз үзіліп қалып, қайта айналып баратыныма сенімді болғам. Әттең, құрығыр құнтсыздық сәтін түсірмеді.
Рахымжан ағаның да қалжыңға қатты бейім болғаны көпке мәлім. Бірде Әбіш Кекілбайұлын күлкіге қарқ қылғаны туралы әдемі әңгімесі жадымызда: «Қырда жүргенде шешейдің тісі ауырып, әбден мазасы қашады. Айдалада емдей қоятын дәрігер қайдан болсын?! Атамыз қолына шарық жіп пен тас алады. Жіптің бір ұшын тасқа, бір ұшын шешейдің ауырып тұрған тісіне байлапты. Содан «оқитынынан» бірер қайталап жіберіп, тасты есік жаққа лақтырып кеп қалады. Тасқа ілесіп тіс кетеді, артынан зар илеп «науқас» кетеді». Сөйтіп, мәселе біржола шешіледі». Рухани інісінің юморлы баяндауына риза болған Әбіш аға «Стоматолог» деген әңгіме жазуын қолқалаған көрінеді.
Әр сөзінің әрі – әзіл.
«Ел керек болса, тез жет! Бір аяғың – онда, бір аяғың – мұнда» деп күлді. Облыстан топ қонақ келген екен. «Ортада бірге жүрсін, ауылынан тұяқ ажыратпасын» деген қайырқом, қамқор ниеті еді. Ең соңғы кездесуіміз екенін ол кезде кім біліпті?!
Сергей Әзимов досының мерейтойына арнайы барды. Басқа шаруаларым болып, кездейсоқ сәйкестікпен Алматыға бірге ұштық. Шамасы Қызылордадан. «Қайда тоқтайсың Алматыда? Маған «Қазақстан» қонақүйінен орын алып қойыпты» деп отырған. Мені барар жеріме жолай жеткізе салып, асып кетті. Арада жарты сағаттай өткенде қоңырау шалды. «Нөмір дайындат, қазір келем». Кейін ұқсам, жаны жақын адамның сәулелі сәттерді бірге өткізуін құптағаны екен ғой. Алматы түнінде әдеттегіше әдебиет, ғұмыр мәні, қарым-қатынастар туралы ұзақ-ұзақ «естелік емгенін» енді қайтіп ұмытайын?!
Келесі кеште іздейді: «Нөмірдемін. Келсеңші, шай ішейік». Тау таңсық басым Медеу жаққа шығып кеткенбіз. Ағам ұтқыр тұсты ұтымды пайдалана қағытты: «Жеті түнде тауға қашқаны несі, бірдеңе иектеп жүрген жоқ па өзі, өй, өздерің де бір…».
Құралпы дос, құрбы-құрдас, айналасын жарасымды әзілмен шымшып отыру – көбіне-көп сағындыратын жайт. Рахаңның өмірде ғана емес, жазуында да өзін ерекшелейтін бір көркемдігі осында.
***
Рахымжан Отарбаевтың қазақтың көп ақын-жазушысынан дараланған бір қасиеті шығармашылық пен шаруашылықты қатар меңгергенінде деп ұғынамыз. Әдеби агент жұмысының мәнін терең түсініп, ұйымдастыра алу оңай шаруа емес. Оны құнттасып, арнайы қор құрып, ұйымшылдықпен қолдасып жүрген жақын-жуығының мұқияттығын да айрықша атап өткен абзал.
Біз туралы Сәуле жеңгеміздің әлеуметтік желідегі «Күшік кезінен қасына ерген» деген салиқалы пікірін естідік. Рас сөз. Мойындаймыз. Мақтанамыз. Рахымжан ағаның жанына күшіктейімізден ердік. Әлімсақтан солай: адам адам болып қалыптасуы үшін аға керек, тұлға тұлға болып бағалануы үшін іні керек. Елдік деген – осы. Сабақтастық сыры – сонда.
Отырған ортамыздың көбінде Рахаң туралы әңгімесіз емес екенбіз. Тыңдаушының зықысын шығарып, зеріктірмесек те, соған жақынбыз- ау. Қайсыбірін қағазға түсіресің. Қайсыбірінің бәрін қағаз көтере қояр дейсің. Әзірге осы. Бұйырғанын тағы көрерміз.
***
«Қараша қаздар қайтқанда…» деуші
еді Рахам. Қараша қаздар қайтқандағы сөз болды бұл да.
Ерболат ҚАМЕН