Жарнама
Қоғам

АЛМАС ҚЫЛЫШ ҚЫН ТҮБІНДЕ ЖАТПАЙДЫ…

 

Әкесі Жәсен Садықұлы – кең Нарынның бір шетіндегі Бегайдар құмында аты қалған «Бай Садықтың» баласы. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ерлігі үшін бірнеше орден-медальдарды кеудесіне таққан майдангер. Қазірде облыс орталығындағы көшелердің бірі сол кісінің атымен аталады. Соғыс салған жарақаттан айығып кете алмаған қайран әке ұлы бір жасқа жетер-жетпесінде дүние салады. Сөйтіп, Алмасты анасы Нәсіп тәрбиелеп, өсіріп, осы күнге жеткізеді. Естіп-білуімізше, ол кісі де еті тірі, ел-жұртына елеулі, халқына қалаулы жан болған. Қарапайымдау көрінсе де, өз заманында Атырауда алғашқылардың қатарында кәсіп-керлікті, сауда-саттықты меңгерген. Ескі базарда ет сатып, елді асыраған.

Осындай отбасынан шыққан, ұлағатты ата-ананың ұлы Алмас ағамыздың өмір жолына үңіл-сек, ол 1954 жылдың 20 қазанында қарт Каспийдің жағасындағы Атырау қаласында кіндік қаны тамып, дүниеге келген. Осында орта білім алып, есейіп, ержетті. Ат жалын тартып, азамат атанды.  Арманшыл жас өзінің туған қаласында жоғары білім алды. Әуелі Гурьев педагогика институтын (қазірде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті) физика-математика факультеті бойынша бітірді. Кейіннен кезінде Кеңестер Одағының астанасы болған Мәскеу қаласындағы Н.Шверник атындағы Жоғары кәсіподақ мектебінің экономика факультетін тәмамдаған. Жеті жыл бойына өзі алғаш дәріс алып, мұғалім мамандығын меңгеріп шыққан институтта студенттердің кәсіподақ ұйымына жетекшілік еткен.

 

ҚОҒАМ ҚАЗЫНАСЫНЫҢ ҚЫРАҒЫ САҚШЫСЫ

Кейіпкеріміз хақындағы әңгімемізді одан әрі өрбітсек, Алмас Садықов – саналы ғұмырының тұтастай бір бөлігін — жиырма жылын кеден саласына арнаған адам. Кеден қызметінің полковнигі. Тарқатып айтсақ, елімізде ең алғашқылардың қатарында құрылған Атырау облысы бойынша кедендік бақылау департаментінде аға испектор, бас маман, бөлім бастығы қызметтерін атқарды. Кейіннен Атырау қаласындағы оқу-әдістемелік орталығының жұмысына басшылық жасады. Қызылорда облысы бойынша кедендік бақылау департаментін, ел ордасы — Астана қаласындағы оқу-әдістемелік орталығын, соңында «Байқоңыр» кеденін басқарды.

Осы салада өткізген жылдарында Алмас Жәсенұлы мемлекет қазынасы мен ел байлығының жемқорлардың құрығына ілікпей, жасырын жолмен кетпей, халықтың игілігіне жаратылуына, пайдасына жұмсалуына атсалысты. Қырағылықтың қайталанбас өнегесін көрсетіп, соңынан ерген ізбасар іні-қарындастарына, бір сапта жүрген үлкенді-кішілі әріптестеріне қалтқысыз қызметімен де, антына адал, сертіне берік, уәдесіне бекем, тура бағытынан таймайтын, айнымайтын адамдығымен де үлгі танылды. Керек кезінде ақыл-кеңесін берер, көмек-қолдауымен бөлісер, жанына жақын тұтқан жандармен сағынысып көрісер жаны жайсаң, жақсы азамат бола білді.

 

ӨЛЕҢІ – ӨМІРІНІҢ ӨЗЕГІ

Аса жауапты да лауазымды мемлекеттік қызметтерді абыроймен атқара,  сеніп тапсырылған жұмыстарды тиянақты орындап, халқына қалтқысыз қызмет ете жүріп, Алмас Жәсенұлы өзін білікті маман, шебер ұйымдастырушы, іскер басшы ретінде көрсетіп қана қоймады. Қызмет шеңберімен ғана шектелмеді. Материалдық игіліктерді игеріп, тұрмысын сайлы да сәнді жарастырумен бірге рухани тұрғыдан да бай, ой-өресі жоғары, өзіндік талап-талғамы, парасат-пайымы мол жан ретінде де қалыптасты. Онысын әрдайым толықтырып, жетілдіріп отырды. Сөйтіп, жастайынан өміріне серік болған жыр жазу өнерін де жанынан бір сәтке тастамады, оның өзіне әркез шалқар шабыт, рух пен дем, ерекше күш беретінін жадынан шығармады. Сөз патшасы – өлеңмен өрілген ойларын қағаз бетіне түсіріп, ширек ғасыр бойына шығармашылық қызметпен де шұғылданып келеді

Айтар ойы орнықты, сөзі салмақты, жүрекке жылы тиетін жырлары алғаш рет 2001 жылы Алматыдағы  «Өлке» баспасынан басылып шыққан «Бегайдар» атты өлеңдер жинағында топтастырылды. Арада жеті жылдай уақыт өткенде «Дәуір» баспасынан (Алматы қаласы) «Тулайды сезім сағынып…» деген атаумен екінші жыр жинағы жарық көрді. Енді міне, жақын арада Алмас ақын оқырман қауымына, жырсүйер жұртына «Арғымақ алмас асулар» («Арыс» баспасынан) атты үшінші кітабын тәбәрік етпекші.

Әр жылдары баспа жүзін көріп, оқырманымен қауышып, олардың ыстық ықыласы мен ілтипатына бөленген, лайықты бағасын алған жыр жинақтарында топтастырылған ақын өлеңдерінің арасында «Арғымақ алмас асулар», «Тәрбие мәні – бірлікте», «Жолдастық, достық – тел ұғым», т.б. шығармаларының айтар ойы, алар орны мен жүректен жол табар жөні басқаларынан гөрі ерекшеленіп тұратындығы байқалады.

 

 

БІЛІМІМЕН МЫҢДЫ ЖЫҚҚАН

«Жігітке жеті өнер де аз» демей ме дана халқымыз. Алмас Жәсенұлының өзі құралпы замандастарынан бөлек, өзгелерге өнеге етіп, үлгі қылар және бір қыры бар. Мақамы мұңшыл, сөздері сыршыл, лирикалық толғаныстарға толы ақын-азамат саналы ғұмырында бойына жиған білім-ілімін де ілгерілетіп, бір кезек ғылымға да бет бұрды. Ерінбеді, еңбектенді, өзіне беймәлім, құпия сырлары көп әлемнің қия жолына құлаш ұрып, зерттеу жұмыстарымен де айналысты.

Сөйтіп, 2009 жылы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 75 жыл толу мерейтойы қарсаңында ұзақ жылдарғы тынымсыз еңбегінің нәтижесі іспетті, он ойланып, мың толғанып жазған монографиялық жинағы да жарық көрді. «Сезіктіге, айыпталушыға және сотталушыға білікті заң көмегін көрсету» тақырыбында, Алматыдағы «Дулат» баспасынан шыққан аталмыш еңбекті ол өзінің ғылыми жетекшісі, заң ғылымдарының докторы, профессор Е.О.Алаухановпен ақылдаса, бірлесе отырып жазды. Сол себептен де шығар, онысы сәтті болып шықты.

Ғылым жолындағы тұңғыш  қадамы да құтты болды. Бұл күндері сол монографияны жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттар оқулық құралы ретінде пайдаланып, басшылыққа алуда. Ал, 2011 жылдың маусым айындағы ҚР Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің шешімімен Алмас Жәсенұлына «Заң ғылымдарының кандидаты» ғылыми дәрежесі берілді. «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген осы да.

 

Тобықтай түйін

Түйіндей айтқанда, түп-тамырында тегіне тартып туған ұлдың, жеті өнерді бойына жиған жігіт ағасының біз тілге тиек еткен қырлары мен ашқымыз келген сырлары оның адами болмысы мен азаматтық ажарын одан сайын айшықтай түскендей. Абзалында, «Алмас қылыш қын түбінде жатпас болар» деген дуалы ауыздан шыққан аталы сөздің түпкі мағынасы да осында жатса керек. Ендеше, атына заты сай, болмыс-бітімі бөлек, тұлғасы дара, айналасына пана боп жүрген асыл ағаның алдағы ғұмыры да ұзақ болғай, жақсылықтармен жалғасқай!

Дәулетқали АРУЕВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button