Алғыстан артық награда жоқ!
Облыстық төтенше жағдайлар департаментiнiң қызметкерлерi екi күннiң бiрiнде «тiлсiз жауға» тойтарыс берiп, ажалмен бетпе-бет келiп жатады. Төтеншеліктердің талай адамды қиындықтан құтқарып, өз өмiрлерiн қатерге тiккен кездерiн біреу білсе, біреу білмес. Бұл олардың мiндеттi жұмыстары, қызметтiк парыздары десек те, адами тұрғыдан алғанда олардың ерлiкке пара-пар батыл әрекеттерi алғысқа, құрмет көрсетуге лайықты.
Батырдың батыл әрекеті
…Былтырғы күз айының бір күнінде жас қыздың көңіл-күйі күйзеліске ұласады. Бәрінен баз кешкен ол бүкіл проблема өмірмен қош айтысса ғана шешілетіндей көріп, қала орталығындағы көпірден секіруге бел буады. Жедел басқару орталығының мамандары көпір ортасында тұрған қыздың әрекетінен күдіктеніп, бірден тиісті органдарға хабарлайды. Хабарлама түскен бойда Жедел құтқару жасағының құтқарушылары шұғыл жеткенде қыздың өзен ортасында жанталасып жатқанын көреді. Бас құтқарушы Берікқали Айдаров, құтқарушылар Ернар Әнуарбеков пен Айдын Бағыт жедел әрекет етіп, нәтижесінде суға батып бара жатқан қызды аман-есен құтқарып үлгереді.
Тағы бірде «Элита» мейрамханасының тұсында жол қысқартпақшы болған екі адам мұз ойылып кетіп, ажал тырнағынан аман қалады. Ол оқиғада да бас құтқарушы Берікқали Айдаровтың нұсқауымен әрекет етеді. Құтқарушылар Ержан Қалабаев салқын суға секіріп, ер адамды құтқарып жағаға алып шығады. Бас құтқарушы мен қатардағы құтқарушы Нұржан Мұғаз әбден әлсіреп қалған әйел адамды судан шығарып алып, құтқару тақтайшасына салып, жағаға алып шыққан болатын.
Тізбектей берсек, Жедел құтқару жасағының есебіндегі соңы сәтті аяқталған мысалдар жетерлік. «Жұмыс барысында мұндай оқиға көп кездеседі. Сындарлы сәтте тосылып қалуға болмайды. Құтқарылған адамның қарапайым алғысы біз үшін үлкен награда» дейді мамандар.
«Тілсіз жауға» тізгін бермейміз…
«Қызыл жалынмен» жағаласқан өрт сөндірушілердің де ерлігіне ел тәнті болып, бейбіт күннің батырлары деп санайды. Олар өртті ауыздықтауда табандылық танытып, өз бастарын қауіпке тігетін мамандық иелері. Қаладағы Сырым Датов көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінде тұтанған өрт жауынгерлерге үлкен сынақ болды. Өйткені, пәтер ішінде кілтте қалған балалардың жылаған дауысын есту қиын еді. Алайда, №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Азамат Құрманиязовтың сауатты басқаруымен құтқарушылар 5 баланы тілсіз жаудың тырнағынан аман-есен алып шықты. Жарты сағаттың ішінде өрт ошағын жойып, өрттің басқа пәтерлерге таралуына жол бермеді.
«112»-ге түскен кезекті хабарлама бойынша қала орталығындағы тұрғын үйде өрт шыққан. Өрт сөндіру бөлімшелері келгеннен кейін пәтерде жатын және ас үй бөлмелері, жиһаз және тұрмыстық техниканың отқа оранғанын көреді. Олар автосатының көмегімен жедел әрекет етіп, 5-қабаттан 6 адамды, оның ішінде 4 баланы құтқарады.
– Сырттай қараған адамға мұның бәрі өте қарапайым көрінеді. Шындығында, көзге көрінбейтін көптеген қиындықтар бар. Мұндағы басты міндет – автосатыны биіктіктегі қажетті нүктеге жылдам, нақты және дәл қою. Бұл жерде автосатының қызметін үйлестіретін көлік жүргізушінің жұмысы үлкен роль атқарады және бұл жағдайда ол өте жақсы жұмыс істеді, — деген құтқарушыларға «Жеңдерің құрғақ болсын» деген тілек білдірдік.
Батқан көлікті шығарған…
Иә, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері кез-келген қиындыққа қарамастан адамды құтқарады. Олар мұндай ерлікті күн сайын жасап жүрсе де, жұртқа жар салып, мақтанбайды. Ал, таяуда Мақат ауданының №8 Өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары боранды күні қар құрсауында қалған жандарға қолұшын созды.
Іздестіру-құтқару жұмыста-рының нәтижесінде Мақат кентінен 25 шақырым жерде Белқұдық елдімекені тұсында екі ер азаматтың «Toyota» маркалы көлігімен омбы қарға батып қалғаны анықталды. Мамандар жедел авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізіп, батып қалған техниканы шығаруға көмектеседі. Осылайша, қар құрсауынан құтылғандар дер кезінде келген құтқарушыларға ақжарма алғыстарын жаудырып отыр.
– Бұл – азаматтық әрі кәсіби міндетіміз. Өйткені біз таңдаған мамандық – түрлi табиғи және техногендiк апат кезінде адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін өз өмiріңді тәуекелге тігуге дайын болуды талап етеді, — дейді осы авариялық-құтқару жұмысына қатысқандардың бірі Тұрарбек Салимов.
Расында, ержүректік, батырлық, жанқиярлық – нағыз құтқарушыға тән қасиеттер. Ендеше, алдағы уақытта да қызметтік борышты мінсіз атқарып, ел алдындағы маңызды миссияларыңызға сәттілік тілейміз!
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА