ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАЛАРДЫҢ КӨРМЕ-ЖӘРМЕҢКЕСІ
Ондағы басты мақсат – белсенді үкіметтік емес ұйымдардың қызметімен танысып, іс-тәжірибелерін ортаға салу. Сондай-ақ, жобаларды іске асырудың тиімді жолдарын қарастырып, қоғамдық бірлестіктер мен ҮЕҰ әлеуметтік маңызға ие жаңа идеяларымен, тың жобаларымен танысу.
Көрме-жәрмеңкеге мемлекеттік органдардың, бизнестің, оның ішінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесі, ірі компаниялар мен БАҚ өкілдері, аймақтың қоғамдық белсенділері қатысты.
Дәстүрлі басқосуды Атырау облысы жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер одағының төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты Әлия Бекқожиева сөз сөйлеп ашты.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева өз сөзінде Елбасының бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың «100 нақты қадамын» белгілеген Ұлт жоспарында елімізде үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жетілдіру жөніндегі тапсырмаларын орындауда аймақта бірқатар игі істердің атқарылып жатқандығына тоқталды. Ол бұл шараның ҮЕҰ берері мол екендігін, жыл бойы өткен жобалардың талқыланып, жетістіктерін бөлісіп, кемшіліктерін білуге арналған алаң болатындығын, демократиялық қоғамның басты көрсеткіштерінің бірі болып саналатын ҮЕҰ-ға үкімет тарапынан да, коммерциялық ұйымдар тарапынан да кең қолдау бар екендігін айтып, жәрмеңке жұмысына сәттілік тіледі.
Қоғамдық қорлар, қайырымдылық және еріктілер ұйымдары бұл шараға қатысу үшін алдын-ала өтініштерін ұсынып, жасаған жобаларының таныстырылымын өткізуге, өз ұйымдарының белсенді мүшелерімен, жоба бенефициарларымен жобаларын қорғау-ға толық мүмкіндік алды. ҮЕҰ жетекшілерінің әлеуметтік маңызды жобаларын қатысушыларға электронды форматта баяндауы, көрнекі слайдпен жеткізуі көңілге қонымды болды.
«Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» жастар қоғамдық бірлестігінің «Менің кәсіби таңдауым» атты жобасын көпшілікке ұсынған «ТШО» ЖШС әлеуметтік серіктесі «PYXERA Global» волонтерлік қозғалысы өкілінің айтуы бойынша, олар балалар үйлерінде тәрбиеленетін 18 жасқа дейінгі жасөспірімдердің болашақ мамандық таңдауына көмектеседі.
— «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының жұмысын осыдан екі жыл бұрын төрт ерікті жастың қатысуымен бастаған болатынмын. Қазір Қазақстанның 14 қаласында қордың бөлімшелері жұмыс істейді, ал, еріктілер саны екі мыңға жетті. Мақсатымыз – сал ауруына шалдыққан балалардың шетелдерге шығып емделуіне мүмкіндік жасау, аз қамтылған отбасыларды киім-кешекпен, азық-түлікпен қамтамасыз ету және мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамдық өмірге араластыру арқылы белсенді өмірлік ұстанымдарын қалыптастыру, — деп өз сөзін бастаған қор жетекшісі Айгерім Жәрдемова осы уақытқа дейін қор демеушілігімен 70-ке жуық баланың Қытай, Корея, Үнді, Германия, Ресей мемлекеттерінде емделуіне мүмкіндік жасалғанын, жуырда Қытайда «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының филиалы ашылғандығын жеткізді.
Көрме-жәрмеңкеге қатысушыларды Жылыой ауданындағы Тұрғызба ауылында отыз жылдай балаларды спортқа баулумен айналысып, ұстаздық қызмет атқарып келе жатқан және соңғы жылдары сал ауруына ұшыраған балалардың денсаулығын түзеуде талмай тер төгіп жүрген Шынарбек Сәрсенбаевтың ұсынған жобасы жиналғандарды бейжай қалдырмады.
«Науқас балалардың денсаулығын қалпына келтіріп, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында бес жылдан бері емдік дене шынықтыру жұмыстарын жүргізіп келемін. Өз үйімнің ауласынан қаражатыма жаттығуларға арналған спорт залын салып, керекті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Бүгінде осы залға келіп, жаттығу жасаған балалардың жартысына жуығы мектеп қабыр-ғасындағы дене шынықтыру сабақтарына өзге балалармен бірге қатыса алатындай жағдайға жетті. Жақында Астанаға барып, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың қабылдауында болдым. Өз ұсыныстарымды жеткіздім. Министр ханым менің бұл жобамды толық мақұлдап, қуаттайтындығын айтты», — деді Шынарбек.
Көрме-жәрмеңке барысында комиссия назарына «Шаңырақ-2008», «Аспан», «Аялы Орта», Махамбет ауданынан келген «Бибі саз», Атырау журналистер одағының «4-ші билік», тағы басқа да қоғамдық бірлестіктердің әлеуметтік жобаларының таныстырылымдары ұсынылды.
Шара соңында тәуелсіз комиссия шешімімен үздік деп таныл-ған жобаларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. «Азаматтық қоғам секторының дамуына қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша «Жүректен жүрекке» қоғамдық қоры (жетекшісі Айгерім Жәрдемова), «Әлеуметтік тапсырыстың ең үздік орындаушысы» номинациясы бойынша «Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» жастар қоғамдық бірлестігі (төрағасы Ұлықбек Тіналиев, жоба үйлестірушісі Нелли Куликовских) және «Өз саласының мықтысы» номинациясы бойынша «Жылыой Демеу» қоғамдық қоры (жетекшісі Шынарбек Сәрсенбаев) үздік деп танылып, оларға дипломдар мен арнайы сертификаттарды облыстық кәсіптік одақтар орталығының төрағасы Дияс Сұлтанов табыстады. Ал, өзге ҮЕҰ ынталандыру сыйлықтарына ие болды.
Бақытжан ЖҰМАТ.
Суретті түсірген
Әнуар Әбілғазиев.