ӘЛЕУМЕТТІК ӘЛСІЗ ТОПҚА – ҚОЛДАУ
МҮГЕДЕКТЕР МҰҢАЙМАСЫН
Әлеуметтік әлсіз топтарға мейлінше қолайлы жағдай жасау – Елбасының тікелей тапсырмасымен ел көлемінде жүргізіліп жатқан іс. Осы орайда таяуда аталып өткен айтулы мерекелер қарсаңында «КТК К» компаниясы облысымыздағы мүгедек жандарға сый-тарту жасады. Атырау қалалық соқырлар қоғамының мүшелерімен өткен салтанатты жиын барысында аталмыш компания өкілдері бірнеше адамға он мың теңгелік азық-түлік купонын ұсынды.
Айта кетелік, дәл осындай сыйлық бұл ұйым мүшелеріне өткен жылдың аяғында да берілген болатын. Әрқашан да қамқорлық танытып, ұйымның өтінішіне сай керекті жабдықтармен қамтамасыз етіп отырған консорциумның игі қадамына алғыс айту мақсатымен қоғам мүшелерінің атынан сөз алған І топ мүгедегі Амангелді Мырзағалиев компанияның қамқорлығына дән риза екендіктерін жеткізіп, қызметтік өрлеу тіледі. Ал, қалалық соқырлар қоғамының бастауыш ұйымының төрағасы Марат Үмбеталиев те 195 мүшесі бар ұйымның әр ұсынысына бейжай қарамай, мейлінше көмек қолын созуға талпынып отырған компанияның жұмысына табыс тілеп, «әрі қарай да әріптестік қызметіміз жалғаса берсе» деген тілегін білдірді.
Осы күні «Мөлдір көз» қоғамдық ұйымының мүшелері де дәл осындай купон иелері атанды. Көзі көрмейтін мүгедектердің бір тобына Махамбет атындағы облыстық драма театрында мерекелік жиын ұйымдастырылды. Сөз алған аталмыш бірлестік төрағасы Жолдас Ғұмаров:«Біздің ұйымның құрылғанына аса көп уақыт болған жоқ, былтырғы жылы қазан айында ашылған болатынбыз. Десек те, КТК-ның демеушілік танытуы бірінші рет емес. Осы уақытқа дейін екі рет көмек алдық, Тәуелсіздік күні қарсаңында он компьютер алып, үлкен қуанышқа кенелдік. Ал, бүгінгі күні мерекелік дастарханымызға осындай сый жасауы – біз үшін үлкен қуаныш. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» деген шынайы лебізін білдірді. Өз кезегінде демеушілік танытып отырған компанияның Үкіметпен байланыс жөніндегі өкілі Асқар Шманов консорциумның әлеуметтік қолдау түрлерін ұйымдастыруды тұрақты түрде жүргізіп келе жатқандығын айтып өтті. «Компания атынан осынау купондарды сыйға тарта отырып, сіздерге көтеріңкі мерекелік көңіл-күй тілейміз. Ауырмаңыздар, дастархандарыңыз тек қуанышты күндерге жайылсын. Бұл купондармен «Атаба» желісі арқылы сауда жасай аласыздар. Ол бір ай мерзімге, яғни маусым айының тоғызына дейін жарамды» деді.
БАР ЖАҚСЫМЫЗ – БАЛАЛАРҒА
Бұдан соң, «КТК К» компаниясының мерекелік сый-тартуы Сабыр Қазыбаев атындағы интернат қабырғасында жалғасты. Тұрақты демеушілерінің біріне айналған аталмыш компания өкілдерін қуана қарсы алған интернат тәрбиеленушілері арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырыпты. Сахна төрінде шырқалған патриоттық әндер мен мың бұралған бишілердің орындауындағы «Корей биі» мен «Таңшолпан» бишілер тобының өнерлері жиылғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Айта кетелік, өнерлі өрендер былтыр республика көлемінде өткен интернаттар арасындағы жарыста жүлделі екінші орынды иемденген болатын.
Салтанатты жиналыс барысында интернат директоры Сәния Мусиева консорциумға ұдайы қамқорлығы үшін ризашылығын білдіріп, арнайы Алғыс хат табыстады. Үш жыл қатарынан қаладағы «Өнерпаз» үйінің тоқыма өнімдерін балаларға сыйға тартып келе жатқан компания бұл жолы да балалар талғамынан шығатын түсі де, түрі де келісті өнімдерді сыйлады. Алдын ала жасы мен бой мөлшерін есепке алған компания әр балаға дәл келетін тамаша тоқыма киімдерді тарту етті.
Жаз айындағы демалыс күндерінде әртүрлі сауықтыру лагерьлеріне баруды жоспарлап отырған интернат тәрбиеленушілері мұндай тамаша сыйлыққа риза болысып, бірауыздан алғыстарын жеткізді. «Біз тек Қазақстан көлеміндегі лагерьлерге ғана емес, өзге де елдердегі демалыс орындарына барамыз. Сондай сәттерде ауа райы құбылмалы болатын аймақтар бар. Бүгінгі киімдер сонда аса қажет екенін әрі әдемі тігілгенін есептесек, біздің көңілімізден шықты, өте ризамыз. Демеушілерімізге үлкен рахмет» деді. Интернат директоры Сәния Мусиева да балалар тілегіне қосылып, бұл компанияның сегіз жыл қатарынан демалыс орындарына жолдама беруді дәстүрге айналдырғанын атап өтті.
Гүлжан ӘМІРОВА.
Суреттерді түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.