ӘЛЕУМЕТТІК АХУАЛҒА – АЙРЫҚША НАЗАР
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, жұмыссыздардың дені облыс орталығынан шалғай орналасқан елді мекендерде тұрып жатқан көрінеді. Енді бірінің мамандығы еңбек нарығындағы сұранысқа сай келмейді. Бүгінде бағдарлама негізінде 241 мыңнан астам адам жұмысқа орналасып, оның 132 мыңы тұрақты еңбекпен қамтылған.
Министрдің жалпы мәліметінше, бағдарламаның үш бағыты бойынша атқарылған іс аз емес. Үкімет басшысы оның қарқынын «жаман емес» деп бағалады. «Жол картасында еңбекпен қамту проблемаларының тетіктері ескерілген және бұлардың барлығы іске қосылуы тиіс», — деді.
Тамара Дүйсенова әлі күнге дейін көпшіліктің бағдарламаның кім үшін құрылғанын, тиімділігін біле бермейтіндігіне байланысты мәселелер бар екендігін, оны кешіктірмей жоюды талап етті. Соның салдарынан қайта оқытылғандардың еңбекке орналасуында проблемалар кездесіп жатады екен. Бұл ретте Серік Ахметов жекелеген өңірлерде жұмысқа орналасу деңгейі 60 пайызды құрайтынын айта келіп, бюджеттік қаржыны тиімді пайдалану жайына тоқталды. Айтуынша, кей өңірде инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру бойынша жұмыс берушілер тарапынан келісім-шарттар талаптарын сақтамау деректері кездесетінін атап айтып, облыс әкімдеріне осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.
БАС СХЕМА – МАҢЫЗДЫ ҚҰЖАТ
Сонан соң Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастыру Бас схемасының негізгі ережелері туралы Өңірлік даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев баяндады.
Вице-министрдің баяндауынша, Бас схеманы әзiрлеуге жақын және алыс шетелдiң қала құрылысы, экономикалық және IТ-бейiндi жетекшi ғылыми-зерттеу және жобалық институттары қатысқан.
Бас схемада өңiрлердiң жаңа индустриялық деңгейге шығуының мүмкiндiктерi зерттелген. Минералды шикiзат, энергетикалық және су ресурстарының қоры, еңбек ресурстары мен материалдық-техникалық базасының қазiргi жағдайы бойынша өңiрлердiң және экономика салаларының ресурстық мүмкiндiктерi қарастырылған. Мысалы, онда курорттық және туристік орталықтарды дамытудан бастап, экологиялық мәселелерді шешу жөніндегі стратегиялық бағыттар да белгіленген. Өңiрлердiң ресурстық шикiзаттық базасы мен адам капиталының, тиiстi бейiндi ғылыми-зерттеу және бiлiм беру мекемелерiнiң әлеуетiн ескере отырып, негiзгi орындар мен серпiндi даму зоналары анықталған.
НЕГІЗГІ МАҚСАТ – ПАЙЫЗДЫ ТӨМЕНДЕТУ
Отырыста 2013-2020 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнеркәсібінің өнімін қайта өңдеуді дамыту бойынша іс-шаралардың кешенді жоспары бекітілді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту бойынша жұмыстар туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүсілім Өмірбаев хабарлама жасады.
Үкімет басшысы жауапты министрліктердің, даму институттарының назарын ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу саласын несиелеу мәселелеріне жіті көңіл бөлді. Пайыздық мөлшерлеме – 7 пайыз, бірақ оны да төмен түсіруге жұмыстану қажет. «Біз оған жыл сайын қол жеткізетін боламыз. Өйткені, несиенің пайыздық мөлшерлемесін төмендету бұл салаға отандық әрі шетелдік инвесторларды тартуда ынталандырушы тетік болып табылады», — деді С.Ахметов.
Үкіметтің кезекті селекторлық мәжілісіне Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысты.
Айбөпе САБЫРОВА.
Суретті түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.