Жарнама
Қоғам

Әлеуметті қолдаған әлеуметтік кодекс

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Атырау қаласындағы филиалы кеңсесінің есігіне бүгін де тыным жоқ. Жаз ортасында басталған күннің ыстығына қарамастан мұнда келуші салымшылардың саны артып, әсіресе, операциялық бөлімнің жұмысы бұрынғыдан да бетер қыза түскен. Оған басты себеп – биылғы шілденің 1-інен бастап күшіне енген Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексіндегі жаңашылдық. Салымшылардың көпшілігі  «Зейнетақы қорындағы қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге пайдалануға болады екен» деген әңгіменің рас-өтірігін білуге құштар. Әрине, бұл өзгерістердің зейнеткер жандардың барлығына бірдей қолданылмайтыны белгілі. Бірақ құлағына сәл сыбыс тиген қара халық тыңдасын ба, олардың барлығына бөлім қызметкерлері сабырлық сақтап, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп бағуда.

1a3ad4d0 ed10 4e7e 8097 fa2383317d33

Жылы шырайлы жүздесу

Иә, «Театр – киім ілгіштен, тәлім – табалдырықтан басталады» деген қағида бар. Біз филиал кеңсесінің табалдырығынан аттағаннан-ақ осы сөз есімізге сап ете түсті. Өйткені, есіктен бас сұққаннан-ақ  Абай Тәпішев есімді күзетші  жасының үлкендігіне қарамастан, тура өз үйіне туған бауыры қонаққа келгендей жылы шыраймен қарсы алды. Келген шаруамызды айтқанда тез қимылдап, алға бастай жөнелді. Екінші қабатқа бұрын көтеріліп, филиал басшысы Қозыбақ Құлбарақовтың қызмет бөлмесін көрсетіп жіберді. Қарапайым азаматтан көрген құрметіміз әрмен қарай басшының алдында да өз жалғасын тапты. Филиалдың қызметімен қысқаша таныстырған Қозыбақ Әбуұлымен әңгімеміз әп сәтте жарасымын тауып кетті.  Басшының тапсырмасы бойынша Қор жұмысымен таныстыруды бастап кеткен Барып қызмет көрсету бөлімінің басшысы Гүлайым Боранбаева да ілтипатты жан болып шықты. Ол ең алдымен, өз бөліміне бастап апарып, қарауындағы адамдардың жұмысы жайлы әңгімеледі. Бөлімнің аты айтып тұрғандай, мұндағы қызметкерлердің көпшілігі өзге сала мамандары секілді таңертеңнен кешке дейін қағазбастылыққа салынып, қызмет бөлмесінде қамалып отырмайды. Сондықтан да мұндағы бөлімнің жұмыс орнынан жалғыз маманнан басқа ешкімді кезіктіре алмадық. Барлығы дерлік мекеме-кәсіпорындар мен шаруашылық нысандарын аралап, шақырту бойынша түсінік және басқа да жұмыстарды атқаруға кеткен. 

Гүлайым Шорақызының айтуынша, филиалда барып қызмет көрсету, бақылау, әкімшілік және операциялық бөлімдер бар. Мұндағы жұмыстың негізгі күші де, салмақ та соңғы бөлім қызметкерлеріне түседі. Онда халықпен тікелей қарым-қатынаста қызмет көрсететін 12 оператордан басқа «1418» нөмірімен жұмыс жасайтын байланыс орталығын қосқанда 15 шақты маман еңбек етеді. Операциялық бөлімде өзіне-өзі қызмет көрсету секторы да жұмыс жасайды. Онда салымшылар арнайы дайындалған бос компьютерлерге отырып, жеке деректерін енгізу арқылы өз жинақтары жөнінде толық мағлұмат алып, өзге де онлайн қызмет түрін пайдаланады. Халықпен арадағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында қазір БЖЗҚ-ның «Мобильді кеңсе» қызметі де бар екенін білдік. Олар облыстың барлық аудандары мен Атырау қаласына қарасты ауылдық округтерді аралап, жергілікті елді мекен тұрғындары БЖЗҚ бөлімшелерінде көрсетілетін барлық қызметтерді «Мобильді кеңсе» арқылы пайдаланады. Атап айтқанда, жұртшылық шоттан үзінді көшірме алуға өтініш беріп, ерікті зейнетақы жарналары бойынша жеке зейнетақы шотын ашып, ақпараттандыру тәсілін өзгертіп, көкейде жүрген көп сауалдарына жауап алады. «Мобильді кеңсенің»  шалғай аудандарға сапары жоспарланған кесте бойынша жүргізіліп, барлық бағыттар жергілікті атқарушы органдармен алдын-ала келісіледі. Сол күні мобильді топ Құрманғазы ауданына іссапармен аттанып кеткен екен. Әрине, бұл өңірлерде филиал жоқ деген сөз емес. Айталық, облыстағы ірі өндірісті өңір – Жылыой ауданында Құлсары қаласындағы қызмет көрсету орталығы жұмыс атқарса, өзге алты ауданда қашықтан қызмет көрсету орталығында бір-бір маманнан бар.

Жаңа заңның жағымды жаңалықтары

Біз филиал кеңсесінің операциялық бөліміне бас сұқтық. Бірден көптің ішінен оператордың алдынан шаруасын бітіріп, кері бұрылған қарт кісі көзімізге шалынды. Ол кісінің мүгедектерге арналған арбаға таңылғанын көріп, көңіліміз жабырқап қалды. Арбаны артынан жаймен демеп, ұлы жүргізіп келеді. Біздің кім екенімізді білгеннен кейін газет бетінде аты-жөнін атамауды өтінді. Десек те, олар БЖЗҚ-ға не үшін келгенін жасырмады. Қарттың жақында інісі қайтыс болып, сол кісінің зейнетақы қорынан жерлеуге арналған қаржысын алу үшін құжат тапсырған бойы екен. Жаңа Әлеуметтік кодекске сәйкес биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап бұл қаржы біраз өскен. Қария бауырының жерлеу рәсімін өткізу үшін оның салымшылық қорынан 324 мың 300 теңге алатын болыпты. Бұл жөнінде филиал кеңсесінің операциялық бөлімінің басшысы Райхан Имандосовадан нақтырақ сұрап білген едік:

– Бұрын салымшы қайтыс болса, жерлеу рәсіміне берілетін ақшаның көлемі 52,4 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құрайтын еді. Енді биылғы екінші жартыжылдықтан бастап бұл сан 94 АЕК-ке өсті. Яғни, жоғарыда қарияның тапсырған құжатына сәйкес 324 300 теңгенің берілуі дұрыс. Әрине, ол үшін алушы адам өмірден өткен салымшының туысы екенін нақты құжаттармен дәлелдеуі тиіс. Осы жерде айта кетер жайт, көп адам кісі қайтыс болған соң міндетті түрде осы көлемдегі ақша төленуі тиіс деп есептейді. Олай емес. Егер салымшының есепшотында 324 мың 300 теңгеге жететін қаржы жиналса ғана бұл жерлеу рәсімінің сомасы беріледі. Егер одан асып кетсе, онда қалған жинағы мұрагерлік ретінде артындағы туыстарына аударылады. Әрине, ол үшін нотариус берген мұраға құқық туралы куәлік керек.  Бұрын біз марқұмның қайтыс болу туралы куәлігі мен туысының жеке бас куәлігіне қарап жерлеу рәсіміне арналған ақшасын аударатын едік. Қазір олай емес, бір-біріне туыс екенін дәлелдейтін қосымша құжаттар сұратылады, — дейді Райхан Бағытжанқызы.

Иә, расында да жаңа Әлеуметтік кодекске сәйкес мұндағы қызмет көрсетуде өзгерістер аз емес. Райхан Имандосова санап тұрып олардың бірнешеуін атап көрсетті. Оның алғашқысы, жоғарыда айтқан жерлеу рәсіміне байланысты болса, енді бірі – жеке инвестициялық портфельді басқарушыға аудару туралы. Бұл жерде жұрт ойлағандай, салымшы жинағын банкке аудартып алып, қолма-қол пайдалана алмайды. Мұндағы мақсат – халықтың қордағы қаржысын басқаруына мүмкіндік беру. Яғни, салымшы жинағының 50 пайызын инвестициялық компанияларға аударып, көбейте алады. Олардың қатарында «Jusan Invest» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «BCC Invest» АҚ және «Сентрас Секьюритиз» АҚ, «Halyk Finance «Қазақстан Халық Банкі  ЕҰ» АҚ бар. Міне, Қордағы қордаланған қаржыңызды осы компанияларға инвестиция ретінде құйып, айналымға шығаруға болады. Әрине, бір жылдан кейін ақшаны БЖЗҚ-ға кері қайтаруға немесе инвестиция ретінде қаржыны әрмен қарай қайта басқаруға мүмкіндік бар. 

– Келесі мәселе – әскери қызметшілер мен құқық қорғау саласынан зейнетке шыққан азаматтарға қатысты. Осыған дейін оларға мемлекет Қордағы салымының 50 пайызын алуға рұқсат берсе, 1 шілдеден бастап толықтай қайтарып алуға мүмкіндік туғызып отыр. Әрине, ол тек емделуге және тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында ғана беріледі. Қазір көптеген салымшылардың шатасып, БЖЗҚ филиалынан ақшасын талап етіп, келіп жатқаны да осыдан болса керек. Бұл жерде қарапайым халықтың жаңа заң талаптарын әлі де болса дұрыс түсіне алмай жүргенін айта кеткен жөн. Бізде орташа жоғалған кірісті алмастыру коэффициенті деген ұғым бар. Зейнеткердің осы коэффициенті 40 пайыздан жоғары болса, онда Қордағы зейнетақы жинағының 50 пайызын ғана ала алады. Бұл 40 пайызды қалай түсінеміз? Мәселен, еңбек еткен жылдарында 100 мың теңге жалақы алып, зейнетақысы 40 мың теңгеден асып түссе, онда аталған зейнеткер өз салымының 50 пайызын пайдаланады деген сөз. Өкінішке орай, зейнеткерлеріміздің еңбек өтілі жетіспей немесе басқа себептер орын алып жататыны да жасырын емес, — деді бізбен әңгімесінде бөлім қызметімен таныстырған Райхан Имандосова.

Күн сайын – 200 салымшы

Айтқандай, сол сәтте операциялық бөлімнің залына жасына байланысты зейнеткерлікке жақындап қалған егде жан келді. Ол оператор Айбар Амандосовқа жолығып, өзінің БЖЗҚ-дағы салымы есебінен туған қызына үй алуға көмектесу үшін Қордан қаржы алғысы келетінін, мүмкіндік болса сол ақшасын аударып алудың жолдарын көрсетуді сұрады. Үзінді көшірмесін шығарып берген оператор зейнеткердің жинағының 50 пайызын «үй жағдайын жақсарту мақсатында» пайдалануға мүмкіндігінің барлығын айтып қуантты. Қаражатты қолдану үшін otbasi-enpf.kz сайты арқылы өтінім беруге болатынын және қажетті құжаттардың барлығын уәкілетті операторлардан алуы керектігін айтып, егжей-тегжейлі түсінік берді. Зейнеткердің өзге де сауалдарына нақты жауап беріп, қарияны риза қылып шығарып салды.  

– Негізі бұл норма 2021 жылдан бастап енгізілген. Жасы бойынша құрметті демалысқа жақындап қалған ардагер азаматтар бізге күнделікті хабарласып, өздері де келіп, зейнетақы жарнасының 50 пайызын сұрап жатады. Оның үстіне, 1 шілдеден бастап қолданыстағы Әлеуметтік кодекске енгізілген өзгерістерге байланысты келушілер қатары тіптен көбейді. Олардың көпшілігі Қордағы қаржысын толықтай  алып, алдын-ала пайдаланғысы келеді. Бұған халық арасындағы түрлі қауесет әңгімелер мен әлеуметтік желілерде таралған жалған ақпараттар себепші болып отыр. Біз ондай жандардың барлығына түсінік жұмыстарын жүргізіп, қолдан келгенше көмегімізді көрсетіп жатырмыз, — дейді Райхан Бағытжанқызы.

Иә, шынымен де, жаңа Кодекс қолданысқа енгелі БЖЗҚ филиалының жұмысы, соның ішінде операциялық бөлімнің қызметі күрделене түскен. Мұндағы операторлар бұрын күніне 80-90 салымшыны қабылдаса, қазіргі кезде келушілердің қатары 200-ден асып жығылады. Оған біз кеңсе қызметін күні бойы бақылау барысында көз жеткіздік.     

Жалпы биылғы екінші жартыжылдық БЖЗҚ филиалы үшін қарбаласқа толы уақыт болғалы тұр. Өйткені, Қор мамандарына жаңа заң – жаңаша міндеттеме жүктеп отыр. Бұл орайда заманауи технология арқылы халыққа сапалы қызмет көрсетіп отырған БЖЗҚ мамандары талапқа сай деңгейде танылады деген сенімдеміз.

Ербол ҚОШАҚАНОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button