АЛДАҒЫ МАҚСАТТАН АЙНЫМАЙМЫЗ
Мемлекет басшысының жаһандық экономикадағы түрлі жағдайларға қарамастан, Қазақстан дамыған отыз елдің қатарына ену мақсатынан айнымау керектігін қадап айтуы тегін емес. Өйткені, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, ортақ еңбекке жұмыла білген халқымыздың алар асуы әлі алда, оған толықтай сенеміз.
— Біз аласапыран заманнан гүлдену жолына бірге өттік. Күрделі үштік транзиттен, кеңестік жүйеден нарықтық экономикаға, демократияға және жаңа этносаралық келісімге ешқандай эксцессіз әрі катаклизмсіз өттік, — деді Елбасы. Мемлекеттік құрылымымыздың мығым екендігі 2007-2009 жылдардағы жаһандық экономикалық дағдарыста айқын көрініс тапты. Еліміз экономикалық өсімді сақтап қалды, әрі халқымыздың өмір сүру деңгейі де құлдыраған жоқ.
Осындай мысалдарды көптеп келтірген Нұрсұлтан Әбішұлы 2012 жылы Қазақстан әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына қосылғанын да еске салды. Тіпті, «Қазақстан – 2030» Стратегиясы қазіргі уақытта да үлкен маңызға ие. Елі Елбасына сенеді, демек, алдағы күндердің жарқын боларына да шүбә келтірмейді.
Людмила ЛИ,
«Тхоньил» корей этномәдени бірлестігінің төрайымы.