АЛДА – СЫН САҒАТЫ
— «Алматымен» өткен екі матч — плей-офф кезеңіне дейінгі үлкен дайындықтың бірі болатын. Сондықтан, ойын нәтижелеріне көңілім әбден толады. Өз мүмкіндігімізді сәтті пайдалана білдік. Және аз құраммен ойнаған сәттерде де қорғаныс бәсеңсімеді. Ойыншылар осы алған беттерінен таймауы керек., — дейді «Бейбарыс» командасының бас бапкері Александр Истомин.
Құрама сапын соңғы кездері толықтырған Михаил Кучулин, Альберт Вишняков, Филипп Бьорк және тағы басқалар үздік ойын өрнегін көрсетіп келеді. Команданың бас бапкері Александр Истоминның айтуынша, команданың негізгі құрамы жасақталды, сондықтан, енді биылғы маусым соңына дейін жаңа ойыншылар алынбайды.
Енді чемпионаттың плей-офф кезеңі басталмақ. Ережеге сәйкес тұрақты чемпионат қорытындысымен он команданың ішінде ұпай саны бойынша соңғы орындарда қалған «Алматы» және «Торпедо» командалары плей-офф кезеңіне өтпейді. Төрт жеңіске дейін сараланатын бұл кезеңде павлодарлық «Ертіс» командасы елордалық «Астанамен» бағын сынаса, көкшетаулық «Арлан» руныйлық «Горнякпен» тартысқа түседі, теміртаулық «Арыстан» астаналық «Номадпен» ойнайды. Ал, «Бейбарыстың» қарсыласы — қарағандылық «Бүркіт» командасы.
Алғашқы ойындар өз айданымызда 27-28 ақпан күндері өтеді. Жоғары хоккей лигасында сапалы ойын көрсетіп жүрген «Сарыарқа» командасының ізбасары «Бүркіт» — осал қарсылас емес. Әсіресе, биылғы маусымда үлкен шеберлік танытуда. Сол себепті, «Бейбарысты» алда күрделі ойындар күтіп тұрғаны сөзсіз.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.