АЛДА АТҚАРЫЛАТЫН ЖҰМЫС КӨП
Мәжіліске төрағалық еткен «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директоры Құрманғазы Есқазиев Ембі кен алаңдарының геологиялық-барлау жұмыстарының бүгінгі тынысынан жан-жақты мәліметтер бере отырып, осы орайда Ембіде орын алған өзекті мәселелерге де жете тоқталды.
«Ембімұнайгаз» АҚ Атырау облысы бойынша жер қойнауын пайдалану жөнінде жеті келісім-шарт негізінде мұнай-газ өндіру және барлау жұмыстарын атқаруда. Олар мұнай-газ кен орындарын игеруді және көмірсутегі шикізатын барлауды жүзеге асыратын Кенбай, Оңтүстік Шығыс Новобогат, Тайсойған, Лиман, Батыс Новобогат, Ембілік және Теңіздік топтар.
Бүгінгі таңда «Ембімұнайгаз» АҚ бойынша өзекті мәселенің бірі – мұнай-газ қорын молайту. Ғасырдан астам уақыт мұнай өндіріліп келе жатқан Ембі кен алаңдарында өнім берудің соңғы сатысындағы кеніштер де бар. Келтірілген мәліметтерге сүйенсек, соңғы он жыл ішінде жаңа үлкен кен орны ашылмаған. Соған орай өнім қорының азаюы орын алып отырғаны аталды. Осы мақсатта мұнай-газ қорын іздеу-барлау бағдарламасы қолға алынуда.
Бағдарламаны жүзеге асыру аясында Қошалақ, Забурын, Сарайшық, Жайық және Кенбай алаңдарында тұзасты қабаттарына 6-7 км тереңдікке дейін іздеу-бұрғылау жұмыстарын жүргізу де көзделген. Бұл – Ембінің мұнай-газ қорын айтарлықтай молайтуға мүмкіндік беретін жоба, – дейді ембілік геологтар. Нәтижесі сәтті болса жаңа кен орындары іске қосылады. Демек, жаңа жұмыс орындары ашылады, өндірістің тынысы кеңейіп, кәрі Ембінің өркендеуіне жол ашылады деген сөз.
Мәжілісте Тайсойған блогына қатысты мәселе кеңінен өрбіді. Дәлірек айтсақ, Тайсойған полигонындағы мұнай көздері табылған аумақты пайдалану туралы мәселе қозғалды. Ашығын айтқанда, Тайсойған полигонына тиесілі 750 мың гектар жер аумағында Ембі кен алаңдары орналасқан. 1999-2000 жылдарда Тайсойған блогы аумағында геологиялық-барлау жұмыстары жүргізіліп, мұнай өнімінің қоры бар екені анықталды. Алайда, Ресей мен Қазақстан екі еларалық келісім-шартқа сәйкес, Тайсойған блогы Ресей еліне әскери мақсатқа жалға берілуіне орай полигон аумағында мұнай бұрғылау жұмыстарын толық күшінде жүргізуге мүмкіндік болмай отырғаны аталды.
Тайсойған блогында 25 құрылым белгілі, соның ішінде тек екеуі – Уаз және Қондыбай кен орындары игерілуде. Егер мемлекетаралық келісім-шарттар жасалып, аталмыш жер аумағы бізге пайдалануға берілсе, масштабты алаңдық іздестіру және іздеу-барлау жұмыстарын бастау жоспарда бары айтылды.
Ембілік геологтар тұзасты қабаттарынан мұнай кен орындарын іздестіруге құлшыныс білдіріп отыр. Сол арқылы қор деңгейін арттырамыз деген ембіліктер, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитетіне өздерінің ұсыныстарын да айтты. Сөз кезегінде Б.Нұрабаев ембілік геологтардың ұсынысын қызу қолдап, оң нәтижесін табуы жолында бірлесе еңбек ететінін тілге тиек етті.
– Президент өзінің қазақстандықтарға арнаған Жолдауында геологиялық шараларға үлкен мән беріп отыр. Соның бірі – терең бұрғылау жұмыстары. Ембіліктер де осы бағытта қазіргі таңда жан-жақты ізденіс үстінде болып отырғаны қуанарлық әрі құптарлық жайт. Жаңа кен орындарының ашылуы – ел экономикасының дамуына жол ашатын үлкен қадам. Елбасы министрлік алдына үлкен тапсырмалар жүктеп отыр. Алдағы уақытта ҚР Парламенті Мәжілісінде геологиялық-барлау жұмыстарының бүгінгі жай-күйі, алдағы жоспарлар тыңдалады деп күтілуде. Осыған орай, министрлік жанынан жұмыс тобы құрылып, жер қойнауын пайдалануға қатысты құжаттар жасақталуда, – деді Б.Нұрабаев.
Жиынды қорытқан «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директоры Құрман-ғазы Есқазиев мұндай кездесудің ембілік геологтарға берері мол екеніне ерекше тоқталды.
– Атырау облысы бойынша Әлеуметтік саланың және инфрақұрылымның дамуына үлкен қолдау көрсетіп келе жатқан «Ембімұнайгаз» АҚ әлемдік нарықтағы мұнай бағасының төмендеуіне қарамастан, әлеуметтік бағдарламаларын сол күйінде сақтап қалуды көздеп отыр. Қандай жағдайда да Ембі кен алаңдарындағы бұрғылау жұмыстарының көлемін біз қысқарта алмаймыз. Бұл – жұмысшылардың әлеуметтік жағдайына әсер ететін шара. Сондықтан да, бүгінгі таңда «Ембімұнайгаз» АҚ-ның Стратегиялық даму бағдарламасын жасақтаудамыз. Алда кезегін күткен жұмыс көп, – деп ойын қорытты Қ.Есқазиев.
Ғалия ҚАРАЖАНОВА, «Ембімұнайгаз» АҚ
баспасөз-хатшысы.