Жарнама
Қоғам

АЛАШ АРЫСТАРЫН АРДАҚТАЙЫҚ

Академик Қаныш Сәтбаевты, ғалым-археолог  Әлкей  Марғұланды, мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновті, академик Ахмет Жұбановты елуінші-сексенінші жылдар белесіндегі алаш арыстарының жолын жалғаған мұрагерлері деп атауға болады. Солардың қатарында  тарихшы-ғалым Ермұхан Бекмаханов пен көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің орны ерекше. Биыл – ұлт тарихына өлшеусіз үлес қосқан қос тұлғаның жүз жылдығы. Сондықтан, осы дана да, дара тұлғалар туралы жазылуы, айтылуы керек.

Ғылымдағы, ақиқат жолындағы шынайы күрескер деңгейіне көтерілген Ермұхан Бекмаханов – Тәуелсіз Қазақ елінің ғалымдарына  таптырмас үлгі-өнегенің иесі. Бекмахановсыз  қазақтың тарих ғылымын көзге елестету де мүмкін емес. Өйткені, ол тарихнамамыздағы қазақ хандарының соңғы кезеңдеріне бүкіл ғұмырын арнады десек те болады. («Қазақстан ХIХ ғасырдың  20-40-жылдарында» монографиясын еске түсіріңіз – Ред.)

Осы жерде Қорғанбек Аманжолдың сұхбатындағы ғалымның асыл жары Халима Бекмаханованың мына бір естелігін оқырман назарына ұсынудың реті келіп отырғандай. «…Өмірдің небір соққы, қиындықтарына қарамастан, менің ер азаматым, менің Ермұханым мойымады, еңсесін түсірмеді. Түбінде бәрі дұрыс болатынына, қалпына келетініне, әділдік жеңетініне сенді. Тек шыдам, сабыр қажеттігін түсінді. Мен де өз хаттарымда оған жігер беруге тырыстым».

Қазақ тарихнамасының дарабозы Ермұхан Бекмаханов ұлт руханиятында теңдессіз ерлік жасап, ақтаңдақтар ақиқатын ашуға қадам жасаған болса, осындай нартәуекелмен қаһармандық қайсарлыққа барған және бір оғланымыз – Ілияс Есенберлин еді. Академик Рымғали Нұрғали «Жазушының алты романнан тұратын «Көшпенділер» және «Алтын Орда» трилогиялары қазақ халқының жеті жүз жылдық өмірін тарихилық принцип  тұрғысынан шындықпен, көркем,  сенімді әрі терең бейнелеген қазақ әдебиетінің көрнекті шығармаларының қатарына жатады…» деген еді. Ендігі айтпағымыз, алаш арыстарының мұрагерлері — Ермұхан Бекмахановтың, Ілияс Есенберлиннің тұлғалық қасиеттерін саралау, зерттеу, зерделеу ісі жалғаса беруі тиіс.

Амантай БАҒЫТ,

Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, Махамбет атындағы орта мектептің мұғалімі,

Индер ауданы.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button