Жарнама
Қоғам

АЛАШ АРЫСТАРЫ АҢСАҒАН АЗАТТЫҚ

 

Ғалым-лингвист, әдебиет зерттеушісі, түрколог, қазақ зиялыларының рухани көсемі Ахмет Байтұрсынов «Қырық мысал», «Маса» секілді өлеңдер жинағын шығарған, халқының арман тілегін, өкініш-күйінішін әдемі сөзбен өрнектей білген, өзіндік өмір бағыты бар қазақ зиялысы еді. Оның «Қазақ», «Айқап» басылымдарында жарық көрген «Қазақ жерін алу туралы», «Низам», «Қазақ һәм 4-ші дума», «Жауап хат» (Жанша Сейдалин мырзаға), «Шаруа жайынан», «Досмайыл қажыға ашық хат», «Губернатор өзгертілуі», «Земство», «Бас қосу турасында», «Бұл заманның соғысы» атты мақалалары ғасыр басындағы қазақ ақыл–ойының биік шыңы болды.

А.Байтұрсыновтың «Қазақ өкпесі» мақаласынан тарихи оқиғаларға объективті ғылыми тұрғыдан қарауды қалайтыны көзге бірден білінеді. «Қазақ хандығы неге құлады, өз алдына дербес мемлекет құра алмауының себебі неде, Ресей отарлауы қалай іске асты, азаттыққа қалай қол жеткіземіз?» деген сұрақтар төңірегінде толғанды. «Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандықтың кесапаты» – дей келіп, елді ағартуға шақырады  («Айқап», 1911, N2).

Оның үлкен еңбегі – «Қазақ» газетін ұйымдастыруы еді. «Қазаққа керегінің өзі әркімге–ақ мағлұм ғой: біз кейін қалған халық, алға басып, жұрт қатарына кіру керек. Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс жасау керек» дегені бар.

Ахмет Байтұрсыновпен қанаттас, халықтың қамын жеп баспасөз бетінде жанайқайын білдірген жан – Әлихан Бөкейханов. Әсіресе,  «Думадағы партиялар», «Үшінші Дума һәм қазақтар», «Петербург хаты» атты мақалаларында және кейін 1916 жылы ұлт-азаттық қозғалыс туралы жазбаларында Әлихан Бөкейханов қазақ халқының тәуелсіздік үшін күресінің мақсаты дербес мемлекет құру деп білді. Оның осы бағыттағы ой-пікірлері «Қазақ» газеті бетінде «Петербург хаты» деген айдармен «Қыр баласы» деп қол қойылып үнемі жарияланып тұрды.

Ә.Бөкейханов өзінің «Алаш ұлына» атты мақаласында тәуелсіздік үшін жүргізген халық қозғалыстарына ерекше мән береді. «Азаттық таңы атты, тілекке Құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бұл күнге теңелдік. Қам көңілде қаяудай арман қалған жоқ. Неше жауыз үкімет өзгеге қазған оры өзіне шағын көр болып қайтпас қара жарға кетті. Жүз жылдан бері халықты теңдікке жеткізу жолында ескі үкіметпен алысып, дарға асылып, оққа ұшып, басы айдауға, малы талауға түсіп жүрген сарбаздар жасымай бірі кемісе оны артылды» деп жырлайды.

Азаттық ойдың даму тарихында Міржақып Дулатовтың да  алатын орны ерекше. Сәкен Сейфуллин   «Қазақ зиялылары хақында» атты мақаласында «Қазақ оқығандарының арасында 1905 жылдан бастап–ақ революциялық идея, ұлттық теңдік пен азаматтыққа үндеу етек алды. Жаңа оянып келе жатқан қазақ интеллигенциясының ол кездегі дем берушілері Бөкейханов, Дулатов, Байтұрсыновтар болды» деп жазды.

Міржақып Дулатовтың шығармалары езілген қазақ халқының тарихи аренаға шыққан революциялық азаттық күрестеріне дәлме-дәл келді. Ол «Біздің мақсатымыз» атты мақаласында елінің жағдайын, Ресей отарлаушы әкімшіліктерінің озбырлықтарын жаны жылап отырып жазады. М.Дулатовтың алғашқы ірі шығармасы 1909 жылы Уфа қаласынан шыққан «Оян, қазақ»  атты кітабы еді. Аталмыш туындыдағы өлең–жырлары теңдік, бостандық, еркіндік үшін күреске үндеді. 1914 жылы оның «Азамат» атты кітабы Қазаннан басылып шықты. 1915 жылы Орынбордан «Терме» атты жинағы да жарық көрді. Осы еңбектерінде М.Дулатов халқының бостандық үшін күресін әрқашан ту ретінде көтеріп, бітіспес күреске үндейді.

ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының бірі, көрнекті қаламгер Жүсіпбек Аймауытов – азаттық ой-пікірдің дамуында өзіндік із қалдырған тұлға. Өмірі мен шығармашылығын зерттеушілер оның қоғам дамуындағы шығармаларын жоғары бағалады. Қаламгер, белгілі тарихшы Покровскийдің «Төңкеріс тарихы», «Орыс тарихы» еңбектерін аударып қана қоймай, Абылай, Кенесары және Қазан төңкерісіне дейінгі ұлт-азаттық қозғалыстар туралы мол деректер жинаған.

Ғасыр басындағы қазақ әдебиеті дамуының көрнекті өкілі, қоғам қайраткері Мағжан Жұмабаев та ерекше үні бар азамат еді. Ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеушілер оның Қазан төңкерісіне дейінгі жазылған «Қойлыбайдың қобызы», «Оқжетпестің қиясында», «Түркістан», «Орал», «Есімде тек таң атсын» шығармаларында азаттық ой–пікірлер ашық жазылатынын айтады. Расымен, бұл шығармаларда қазақ хандарының ерен еңбегі, Ресей отаршылдығы, азаттық қозғалыстары, қазақ халқының бостандық идеясы ашып көрсетіледі.

Ал, ХХ ғасырдың басында халқымыздың тарихын жазуда, әсіресе, азаттық күрес тарихын ұлттық таным негізінде баяндаған Мұхамеджан Тынышпаев кеңес дәуірінде Қазақстан тарихы туралы жазылған алғашқы еңбектердің авторы Чулошниковтың кітабына тарихи ой-пікір білдіреді. Онда «қазақ тарихын отаршылдық көзқараста жазылды» дей отырып, тарихты жазғанда белгілі тарихи тұлғаға көп мән беруі қажеттігін баса айтты. «Қазақ-қырғыз халқы тарихына материалдар» атты зерттеуінде М.Тынышпаев қазақ руларының, жүздерінің тарихына мән береді.

Қазақ зиялыларының азаттық ойдың дамуындағы еңбектеріне күні бүгіндері егеменді елімізде жоғары баға берілуде. Олар Қазақстан тарихына «ХХ ғасыр басындағы реформаторлар» және ұлттық «Алашорда» үкіметінің негізін қалаушылар ретінде енеді.

Лесқали БЕРДІҒОЖИН,

Х.Досмұхамедов атындағы  Атырау  мемлекеттік 

университетінің 

 профессоры, тарих  ғылымдарының  докторы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button