Жарнама
Қоғам

Аласармайтын асқар тау

Халқымызда «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деген сөз бар. Асқар тауға балайтын әкенің ролі қай кезде де өте маңызды саналған. Бала шыр етіп дүние есігін ашқан сәттен бастап, оның жанашыры да, қамқоршысы да әкесі саналады. Сондықтан, әкеге баласын саналы ұрпақ етіп тәрбиелеп, өмірлік тәжірибесін сіңіруі аса құнды болып табылады.

Биыл елімізде Үкіметтің қаулысымен мерекелік күндердің тізбесі «Әкелер күні» мерекесімен толыққан болатын. Осылайша, әлемнің көптеген елінде отбасылық құндылықтарды насихаттау, отбасы және ата-ана институтын нығайту үшін аталып өтетін «Әкелер күні» мерекесі елімізде де маусымның үшінші жексенбісі ресми мереке ретінде белгіленді. Бұл әр мектептегі «Әкелер кеңесінің» жұмысын одан әрі жандандырып, отбасылық құндылықтарды дәріптеп, әкелердің бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыруға үлкен септігін тигізеді. Сондай-ақ, педагогикалық ұжымға қолдау көрсетуге, тәрбиеленуші балаларға әкелік қамқорлық танытып, әке – отбасының тірегі екенін ұғындыруға бірден-бір себеп.

Бүгінгі әңгіменің кейіпкері – өзінен өрбіген бес ұл-қызынан оншақты немере-жиен сүйіп, қызығына бөленіп отырған Жылыой ауданының тұрғыны, аудандық «Әкелер кеңесінің» төрағасы Нұрлан Тілеуов. Нұрлан Құбашұлы – ауылдағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Өзі де әкесі мен анасынан тараған он баланың бірі. Қазіргі таңда қарттардан қалған қара шаңырақтың иесі, әулеттің тірегі болып отырған жан. Кейіпкеріміздің сөзінше, Жылыой ауданында «Әкелер кеңесі» ауқымды шаралар атқарып келеді.

– Қоғамдық кеңес мүшелерімен бірге аудандағы 20 мектепте әкелер мен оқушылардың жиналысы ұйымдастырылып тұрады. Тәрбиедегі жіберілген олқылықтардың неден болып отырғанын анықтап, кемшіліктердің алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Әкелер кеңесі мен қоғамдық кеңестің ұйымдастыруымен, аудандық білім бөлімінің қолдауымен Ақмешіт, Иманқара, Ақкерегешың туристік орындарына екі мәрте саяхат жасалды. Алдағы уақытта хан ордалы Сарайшыққа саяхат жасау жоспарланып отыр. Әр жолы 45 оқушыны апару қарастырылған. Биыл 11 мамырда «Бала тәрбиесі – ата-ананың айнасы» тақырыбында облыстық іс-шара ұйымдастырылып, «Әкелер кеңесінің» жұмысына қорытынды жасалған болатын. Сонымен қатар, алдағы атқарылар жұмыстар таныстырылды, — деді Н.Тілеуов.

«Қоғамдағы әкенің ролі қандай болуы керек?» деген сұрағымызға кейіпкеріміз тосылмай, «өз ісіңмен үлгі бола білсең, балаң сенің жолыңмен жүреді» деп жауап берді.

– Бала тәрбиесінде әкенің орнын жоққа шығара алмаймыз. Әке – отбасындағы басты тұлға, асыраушы, қамқоршы, ақылшы. Мен баламды былай тәрбиелеп жатырмын деп жер-жаһанға жария қылатын түгі жоқ, өзің балаңа өнеге болсаң ол соны өзіне сіңіреді. Қатты қысып ұстаймын деп баланың мінез-құлқына әсер етіп, бұзып алуға болмайды. Бала кезінде балаша, есейген кезде жігітше, үйленген кезде ерлерше сөйлесе білу керек. Ұлдың да, қыз баланың да тәрбиесі өте нәзік жіп секілді, абай болу керек, — деп сөзін түйіндеді Нұржан Құбашұлы.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button