ҒАЛАМТОРДА – «АБАЙ ӘЛЕМІ»

Әлем мойындаған дана Абайдың 170 жылдық мерейтойы аясында ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған www.abaialemi.kz энциклопедиялық онлайн-порталының тұсаукесер рәсімі өтті. Семейде өткен іс-шара рәсіміне қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар қауымы, түркітанушылар, тарихшылар, ғалымдар, Абай шығармаларының аудармашылары мен алыс-жақын шет елдерден келген меймандар қатысты.

 

Cалтанатты шара барысында ұлы ақынның шығармашылығы мен өміріндегі бұған дейін белгісіз болып келген жайттарға арналып «Абайдың ұлы жұмбағы» атты жаңа рухани-ағартушылық деректі фильм көрсетілді.

www.abaialemi.kz онлайн порталында ұлы Абай дәуірі, оның ізбасарлары туралы мәлімет, Абайтану еңбектері, замандастарының естеліктері, Абайға арналған шығармалар және өзге де құнды дүниелер орналастырылған. Порталда кітаптардан, газет-журналдардан, ғылыми басылымдардан, деректі фильмдерден, фотомұрағаттардан, жалпы түрлі ақпарат көздерінен алынған деректермен танысуға болады. Порталдағы қазақ, латын және араб тілдеріндегі ақпарат Абайдың өмірбаяны, шығармашылығы, Абай әлем тілдерінде, Абай өлеңдері, Абай туралы естеліктер, Абайтану, Абайтанушы-ғалымдар, «Абай жолы» эпопеясы, естелік жерлер, Абай мұражайы, фотогалерея бөлімдері бойынша орналасқан.

Айта кеткен жөн, Мемлекеттік тілді дамыту қоры жасаған портал ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әзірленді. Елбасы өзінің «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығы үшін алған қаржысының бір бөлігін аталған қорға әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру мақсатында жолдаған болатын. Сол жобалардың бірегейі www.abaialemi.kz порталы болып отыр.

Портал жас жеткіншектерге, студенттерге, абайтанушы-ғалымдарға, Абай шығармаларын өзге тілге аударып жүрген аудармашыларға, Абайдың рухани мұрасына қызығушылық білдірген ғаламтор жүйесіндегі барлық пайдаланушылар үшін сан түрлі дерек тоғыстырылған ортақ база болып отыр.

Өз тілшіміз.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз