Жарнама
Қоғам

АҚЫНДЫ АҚЖАЙЫҚША АРДАҚТАУ

 

Маусымның  соңғы  демалысында руxанияттың раxатына бөлендік.

Поэзия  пырағы Қадыр Мырза Әлі арқылы қазақ әдебиетінің қалай қадірленгеніне куә болдық.

Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек Ері Әбіш КЕКІЛБАЕВ, Жазушылар Одағының төрағасы, сенатор Нұрлан ОРАЗАЛИН, мемлекет және қоғам қайраткерлері Өмірбек БӘЙГЕЛДІ, Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА мен Парламент депутаты Қуаныш СҰЛТАНОВ және айтулы ақын-жазушылар бас қосқан Ақынның 80 жылдығына Атыраудан Илья ЖАҚАНОВ және Қойшығұл ЖЫЛҚЫШИЕВ ағаларыммен бірге қатысып, көрген істі қаламға жегіп, түйген  ойды  ортаға салып отырмын.

Қадыр ақын Мырза Әлінің туған жері Сырым ауданының орталығы Жымпитыдан да бой көтерген ескерткішті ашу құрметіне ие болғанымды да айта кетейін.

Осыдан төрт жыл бұрын Қадыр ағамыз ақтық сапарға аттанғанда қаралы делегацияны ордалы Оралдан аяулы Алматыға сол кезде Батыс Қазақстан облысының басшысы болған Бақтықожа САЛАXАТДИНҰЛЫ бастап барған  еді. Сол тұста ортаға Мырзалиев үйін ашу жөнінде ой тасталған-ды. 

Атыраудан барған делегация Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан НОҒАЕВқа халықтан шыққан орамды ойды іргелі іске айналдырғаны үшін облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВТІҢ атынан алғыс айтты.

Нұрлан  АСҚАРҰЛЫ  бастаған  оралдықтар әдебиетке көрсетілер құрметтің градусын көтеріп тастады. Бұл күндері ауа райы да Ақынның еліне деген ыстық маxаббатындай қызу құшып, 40 градустық ыстық ықыласпен тіл қатып тұрды.

***

Кезінде Қадыр ағаның талай қызықты әңгімелерін тыңдап, аз-кем қасында жүру бақыты бұйырып еді. Кітаптарын жастана оқып шығып, жүрекке жылдам жатталған, көкейге бірден сақталған сырлы сөздер мен жанды желпінтіп, сананы серпітетін астарлы ойлар өңгерген өлең шумақтарын қойын дәптеріме торғайдай теріп, жадыма жүктеп алғаным бар.

Күлетін жерде күлген жөн, 

Не істеуді дұрыс білген жөн, 

Түнеріп ғұмыр кешкенше, 

Жарқылдап жүріп өлген жөн.

Өнерде жарқылдап  жүрді, өмірден  жарқылдап  өтті,  жарықтық.

Өлең-сөз  әркімге әрқалай әсер етеді, әркім өз ойы қабылдағанды  ғана  қабыл алады, өмірлік  сабақ  алады. 

Поэзия формуласы: ой – сезім – сөз

Кемеңгер Кекілбаев біраз жыл бұрын айтқан бір сөзінде «Қазақтың сөздері де өздеріне ұқсайды. Құшақтасқысы келіп тұрады. Ұйқасқысы келіп тұрады», –  деген болатын. Тіл білетін қазаққа сөз ұйқастыру қиын емес. Құр ұйқастың поэзияға қатысы болмайтыны да содан. Апшынған ашу мен сергелдең сезім де өз бетімен өлең бола алмайды.  Себебі, өлеңнің негізі – сөз, өзегі – ой. Ал, сезім – сөз бен ойдың көпірі. Қадыр Мырза Әлінің поэзиядағы формуласы өз  сөзінде:    

Айтамыз біздер ақын деп,

Адамды шоқ боп маздаған.

Ақынға керек ақыл көп,

Асаулық керек аздаған.

 

Текпен келер ақыл мен термен  келер білім – ой деген орманды еркін аралатып, тұңғиығына  терең  бойлатады. Шығармашылықта шашау шығармаған Қадыр ақын сөзге сараң, ойға бай. Шырайлы  ойға  ғана шұрайлы  сөз  тапты. Сөз қадірін өз қадіріндей көрді. Ойсыз сөз сөйлемеу – ақыннан алған бірінші сабағым. 

Еңбекқорлық  ережесі

Жаратқан  еш  адамды  кенде  қалдырмаған жалғыз  капитал – Уақыт. Біреулер оны кәсіпке салып, байлыққа кенелсе, дарын  дарыған даралар өнерге жұмсап, жұртын  да, өзін де өрге сүйрейді. Бәз біреулер қол қусырып, алтын уақытын зая жібереді.

Қолда  бар  байлық – уақытты босқа жібермеуге үндеу –  Қадыр ағам Мырза Әлінің негізгі тақырыптарының бірі. Ақынның  жастарға  жолдауы:

Жалқаулыққа жамбасың қайдан шыдар!

Жүйкең шіріп кетпей ме ойдан шұбар?!

Нағыз жаза –  жұмысқа салу емес,

Нағыз жаза –  жұмыссыз қалу шығар!

***

Мынау заман – бақ-дәулет қонған заман.

Еңбек қана, 

Сол xаның –  сол xанзадаң.

Өмірде бұл, о достар, өлгендер мен

Батқан күнге қарыздар болған жаман!

 

Асыл  уақытты Алланың  сыйы  деп  емес, сыны  деп  қабылдап, маңдайға  жазылған  сағатты  есіл  еңбекпен  айырбастау – ақыннан алған  екінші  сабағым.

Даралықтың  берері  дархан

Қадыр Мырза Әлінің жастарға қалдырған тағы бір өнегесі – өлшеулі өмірде өзіңше өріле біл. Жалпыланба, жалқылан.

 

«Өзіме өнердегі дәу талабым:

Келмейді құдайды да қайталағым!» — деген ақын тағы бір өлеңінде:

Бір-біріне ұқсамасын ақындар!

Ақын түгіл ұқсамайды жақындар.

Өйте берсе бәрін қуып, халайық,

Біреуін-ақ қалдыруға қақың бар!

 

 Дараланған дарақта ғана дархандық бар.

 

Білмейміз өлгендерді,

Бір белгі қалмаған соң.

Айтпаймыз сөнгендерді,

Алаулап жанбаған соң.

 

Егіліп жыламайды,

Ешкімнен ықпағандар.

Биіктен құламайды,

Биікке шықпағандар.

 

Қадыр ағамыз жалын боп жанды, бірақ сөнбеді, мәңгілік алауға айналды; биікке шықты, бірақ құламады, аспанмен астасып  кетті.

Тарихта  жалпы  есімдер  жоқтың қасы, жалқы  есімдер жетерлік. Ақыннан  алған  үшінші  сабағым – көппен  жеңіл  адасқаннан, қиналып  жалғыз  жүріп жол  тапқан  іздің  ізгілігі  мол,  берері  көл.

***

Қазақ жазушыларының  әзіл-қалжыңдары өз  алдына  бөлек  әңгіме. «Қадыр  айтты»  деген  қағытпаларда  да  есеп  жоқ.

Кеңестік  дәуірде қаламақыдан  таршылық  көрмеген  Қадыр ағамыз  баспасы  көбейіп, ақысы  азайған  бертінде бір  газеттің  берген  қаламақысына  көңілі  толмай,  ведомостьке «Қадыр  Мырза»  деп  қол  қойыпты. Мұны  редактор  байқаған  болуы  керек, келесі айда  қаламақыны көбірек  тағайындаған  екен. Қаламақыны қолына  ұстап  тұрып, Қадекең  құжатқа  «Қадыр  Ырза»  деп  қолын шиырыпты. Бұл  күндері  Қадыр  ағамыздың аруағы шынында  да  разы  болып   жатқан  болар…

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button