Жарнама
Қоғам

АҚҚАНЫМ КӨПТІҢ МАҚТАНЫШЫ БОЛАТЫН

Аққаным Байдоллақызы еңбек жолын 16 жасында Одаққа белгілі В.И.Ленин атындағы Гурьев балық консерві комбинатының 800-ге жуық адам еңбек ететін консерві цехында балық өңдеуші болып бастады. Оның балық өнеркәсібінде қалыптасып, еңбек етуіне есімдері Одақ және республика көлемінде кеңінен танымал Еңбек Ері Айнаш Байжігітова, Ленин орденінің иегері Айтжан Жалғаспаева сияқты іс-тәжірибелері аса мол аға ұрпақ өкілдері мен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Қадиша Шәріпова әпкесі айрықша қамқорлық көрсетті. Содан да Аққаным еңбек үрдісіндегі, социалистік жарыстардағы орасан зор жетістіктері, қоғамдық жұмыстардағы алғырлығымен үлкен беделге ие болды. Комбинат ұжымы оны Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына кандидат етіп ұсынды. 1967 жылы VII шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Аққаным депутат болған жылдары Жоғарғы Кеңес сессияларында республика өмірін жан-жақты қамтитын мәселелерді өзі сияқты депутаттармен бірге шеше білді. Әрі консерві цехында еңбек еткен жылдары цехтың сан алуан өнімдері, атап айтқанда, 20-дан астам балық консерві түрлері кең-байтақ Отанымыздың түкпір-түкпіріне үздіксіз жөнелтіліп, өнім шығару жылына 20 миллион шартты бірлікке жетті.

Комбинат жұмысшылары мен қызметкерлерінің еңбектегі қол жеткізген тамаша табыстарының айқын айғағы — комбинаттың (кейіннен бірлестіктің) үш дүркін Бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы атанып (1974, 1975, 1979 жылдары), ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алуы, 1976 және 1981 жылдары комбинаттың Қазақ КСР Алтын Құрмет Кітабына жазылуы болатын.

Кеңес заманының талабы бойынша жоғары білім алған Аққаным комбинат басшылығы (соның ішінде өзім де бармын)  мен  партия, кәсіподақ комитеттері зор сенім артып, комбинаттың кадрлар бөлімінің инженері қызметіне жоғарылатылды. Өмірінің он сегіз жылын балық өңдеуге сарп еткен ол, бейтаныстау бұл жаңа қызметті де жете меңгере білді. Балық өнеркәсібі саласында 36 жыл үздіксіз еңбек етіп, 1996 жылы зейнеткерлікке шықты. Адал да, қажырлы еңбегімен ұжымының, жан тазалығымен халқының құрметіне бөленген Аққаным 2007 жылғы 4 мамырда дүние салды.

Қазақ халқының үш арысының бірі, поэзия құлагері Ілияс Жан-сүгіровтің: «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, Ел тегі алсын қайдан кемеңгерді» деген жыр шумағын еске ала отырып, Аққанымның еңбектес ағасы және ол еңбек еткен жылдардағы комбинат басшыларының бірі ретінде мақала авторының Жұмыскер селолық округінің әкімдігіне Аққаным Байдоллақызының есімін өзі тұрған Ақтау көшесіне беру жөніндегі ұсынысын қолдаймын.

Иван ҚАЛМҰРЗИН,
Жайық-Каспий балық өнеркәсібінің ардагері,
Атырау қаласы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button