Жарнама
Қоғам

АҚҚҰЛДЫҢ САЯБАҒЫ

 

Айналасына көлеңкесін түсіріп тұрған жасыл ағаштар баяу соққан самал желмен ақырын ғана ырғалады. Ортасында адамдар жүретін асфальт жол, ал, оның екі жағында көпшілік отырып демалатын бірнеше орындықтар қойылған. Біреулер сол орындықтарда жай ғана демалып отырса, ал, енді біреулер мүлде бөтен дүниені ұмытып, әлдебір кітаптың қызығына түсіп кеткен бе дерсің. Жандарында сол көлеңкеде алаңсыз ойнап жүрген кішкентай балалар да көрінеді…

Иә, мұндай жұмаққа бергісіз таңғажайып саялы жерлерді кез келген жерден көре де бермейсің. Ал, осынау тамаша көкорай саялы бақты кезінде өсіріп, өмірге келтірген кім екен? Біз бұл жайында әшейінде әдейі көңіл бөліп, ойлана бермейміз-ау…

… Осыдан алпыс-жетпіс жылдай бұрын Атырау облысының ең қиыр шет аймақтарының бірі болып саналатын осынау Қызылқоға ауданының орталығы – Миялы селосы ол кезде тым жадағай, үйлері әр жерде бір орналасқан, жағалай саман тастардан ғана салынған қарабайыр ауыл болатын. 1959 жылы ауданның орталығы – Миялыдан 100 шақырым жердегі Қарабаудан осында көшіріп әкелінгені әлі күнге дейін көз алдымызда. Сол кездерде «Селомызды жасыл желекке бөлейік!» деген әр жерде бір қағып қойылған бірнеше тақталар тұрушы еді. Бірақ, жаппай тал егіп, көшеттер отырғызып, жұмыстанып жатқан адамдарды ол кезде көп көре қоймаушы едік.

1970 жылдардың басында аудандық коммуналдық шаруашылық комбинатының бастығы болып бұрын «Қызыл ту» кеңшарында құрылыс шебері, ал, одан соң аудандық Кеңес атқару комитетінде сәулетші болып қызмет жасаған, Ұлы Отан соғысына қатысқан, бірнеше ордендер мен медальдардың иегері Аққұл Сарбөпиев дейтін азамат тағайындалған еді. Сол күндерден бастап село орталығын көгалдандыру жұмысына бірден жан біткендей болып, дамып сала берген.

Ол кезде село жанындағы Ойыл өзені жыл сайын тасып, ауыл маңының өзі едәуір шабындық алқапқа айналатын-ды. Жасыратын не бар, селоның Жаға елді мекені мен Ойыл өзенінің арасы ортасына түсіп кеткен ірі малдардың өзі де көрінбей кететіндей шөбі өте шүйгін, әрі қалың жайқалып, тым биік болып өсуші еді ғой. Аққұл ағамыз ауыл іргесіндегі осынау тегін жатқан кәусарлы қайнарды бірден пайдалы іске асыруды ойға алған екен.

Аудандық атқару комитетінің сол кездегі төрағасы Аташ Досалиев ағамен ақылдаса келіп, атқару комитетінің ресми құптауына ие болған ол өзі ойға алған игілікті ісін дереу қолға алды. Сөйтіп, аудандық тұтынушылар қоғамы мен орталық алаңға дейінгі аралыққа және «Арман» мәдениет үйіне дейінгі аралықтағы кең көшелердің айналасын қоршатып, үш шақырымдай қашықтықтағы Ойыл өзенінің бір иініне су сорып айдайтын мотор қойдыртып, село орталығына су құбырын тартты. Ол күн сайын ағаштар отырғызылған саябақтарды молынан суландырып тұратын болды.

Осылайша қолға алынған игілікті іс өз нәтижесін де бере бастаған еді. Көп ұзамай-ақ бір-ер жылдың ішінде селоның көшелері әп-әсем жасыл желекке бөленіп, көз тартып шыға келді. Мұндай жақсы бастама ауыл азаматтарын да бейжай қалдырмады. Әр көшеде, әр тұрғын үйдің жанында да әдемі жасыл талдар бой көтеріп, ауыл бейнесін мүлде түбірінен өзгертіп жіберді. Көгілдір саяжай енді аудандық аурухананың маңына да аяқ басты. Сол кездегі аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Бақыт Көбенов те Аққұл ағаның ақыл-кеңесімен аурухананың жанынан шағын жасыл бақ орнатуға қол жеткізе алды.

Біз әншейінде адамдарды  кейпіне қарап тани бермейміз ғой. Аққұл ағамыз да өте қарапайым, өз ісінің сұңғыла шебер маманы болатын. Ол қай жерде қандай қызмет істесе де өз ісінің білікті шебері ретінде танылып, өзін қоршаған адамдардың әрдайым да орынды сый-құрметіне бөленіп жүретін.

Аққұл аға оңы мен солын жаңа ғана тани бастаған әлі балауса он тоғыз жасында фашистік Германия бастаған Ұлы Отан соғысының топалаңына тап болған-ды. Соғыс басталған 1941 жылдан бастап 1945 жылғы Жеңіс күніне жеткенге дейін ол 200-ші атқыштар дивизиясының құрамында, 642-шы атқыштар полкында, 650-ші артиллерия полкында, Қызыл Тулы Идрис полкында және 375-ші атқыштар полктарының құрамаларында жанқиярлықпен соғысып, Отан соғысы орденінің үш бірдей дәрежесімен және көптеген медальдармен марапатталған-ды.

Ақаң сөйлеп кетсе, сөзге мейлінше шежіре, ескі әңгіме хикаяларды өте көп білетін терең зерделі адам болатын. Ақаңның сондай сан тараулы жайлардан сыр шертетін неше түрлі қызықты әңгімелері әдетте кім-кіммен де жараса кететін-ді. Ол әр кезеңдегі әртүрлі жағдайлардан суыртпақтап сыр шерте отырып, жанында отырған тыңдаушысының сусынын одан әрі де мейлінше қандыра түсейінші дегендей ынтықтырып отыратын.

... Міне, өзім туып-өскен осынау туған ауылыма мен тағы да келдім. Алыстан менмұндалап, сағынып келе жатқан біздерді бұрынғыдай ақ шаңқан үйлерінің күнқақты жадағай шатырларымен емес, жайқалып тұрған әп-әсем жасыл орманымен қарсы алатын туған Миялымның әдемі көшелеріне сағына да сүйсіне еніп, айналама көзім тоймай қарай бергім келеді.

Иә, мұндай жұмаққа бергісіз таңғажайып саялы жерді кез келген жерден көре бермейсің. Ал, мен осы саябаққа келген сайын марқұм Аққұл Сарбөпиев ағаны жиі есіме аламын. Ол кісінің осы бақтың ортасымен тартқан су құбырының орны да әр жерден байқалып қалатындай болып көрінеді маған.  «Бұл саябақ Аққұл ағаның атын иемденуге сұранып тұрғандай екен-ау» деген ой келеді бүгінде. 

Хамит ӘУБӘКІРОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы. 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button