Жарнама
Қоғам

ӘКЕ ЖҮРЕГІНІҢ ЖЫЛУЫ

Солардың бірі – Миялы селосы тұрғыны Қоныс Ақбатыровтың шаңырағы. Бүгінде елуді орталап қалған жігіт ағасы «өмірден қол ұстасып бірге өтеміз» деген қосағы Күләй өмірден өткенде қырықтың қырқасына енді шыққан кезі еді. Айықпас кеселге тап болған Күләй үш жыл төсек тартты. Қанша үміттеніп емделгенмен, туралап келген ажал алмай тынбады. Зайыбы өмірден озып, үш ұл, екі қызды құшақтап жылап қалғанда тұңғышы Сержан сол жылы Қарағанды қаласында Қазақстан Қарулы Күштері қатарында әскери қызмет атқарып жүрген. Ұлдары Аманжан 9-сыныпта, Отарбай 4-сыныпта, қыздары Айзада  8-сыныпта, ал кенжесі Айжамал 3-сыныпта оқитын. Алды-артын танып үлгермеген, шиеттей бала-шағамен қалған Қоныс қанша қиналып, тағдырдың тауқыметін тартса да, ертеңгі күнге үлкен сеніммен қарады. Ұл-қыздарына анасының орнын жоқтатпады. Өзінің бойына біткен өнері — етікшілікті жанына серік етіп, күндіз-түні шеберханада еңбек етті.

Бүгінде әкенің сол кездегі арман-тілегі орындалды десе болады. Балалар есейді, оң мен солын танитындай дәрежеге жетті. Дана халқымыз «Бала — жүректің миуасы» деп тегін айтпаса керек. Қонысты мына өмірде келешекке құлшындырған, қиындықпен күресуге жігерлендірген бір күш — бауыр етінен жаралған балаларына деген асқан сүйіспеншілік еді. «Жасырып қайтемін, өмірден түңілген кездерім де болды. Бірақ, маған қарап жаутаңдаған кішкентай балапандарымды көргенде, жанымды қинаған мұң мен қасіретті ысырып қойып, оларға жымия қарайтынмын. Балаларыма жабырқау кейпімді білдірмей, көңілді жүргендей көрінуге тырысатынмын», — дейді бүгінде жігіт ағасы Қоныс күлімсіреп.

Селода аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде бас маман болып еңбек ететін  Марат Бисенғалиевты ауыл тұрғындары ерекше қадір тұтады. Бидай өңді, қиғаш қасты, қыр мұрынды, сұңғақ бойлы Шара Кереевамен танысып,  тағдырлары бір арнаға тоғысып, бас қосқанда Мараттың қуанышында шек болмаған еді. Тұңғыштары Сержан, қызы Ақбөбек, кенжелері Ержан өмірге келді. Шара сол кездегі аудандық тұтынушылар қоғамына қарасты аяқ киім дүкенінде сатушы болып еңбек етті. Қашан көрсең де жарқылдап күліп жүретін Шара аяқ астынан ауыр кеселге тап болып  өмірден озғанда ұлы Сержан — 6, Ақбөбек 5-сыныпта оқитын, Ержан екі жасқа толмаған, аяғын апыл-тапыл басып жүрген кішкентай сәби еді. Басқа түссе, адамның көтермейтін қиындығы болмайды екен. Бәрі де өтті.

Бүгінде балалары үшін өмір сүрген Мараттың аңсаған арманы орындалып, бақытты әке атанып отыр. Ұлы Сержан Атырау қаласындағы мұнай және газ институтын тәмамдаса, қызы Ақбөбек жоғары білімді мұғалім, селодағы Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектепте оқушыларға ағылшын тілінен сабақ береді. Ал, бір кездері анасы көз жұмғанда былдырлап жүрген Ержан селодағы Б.Аманшин атындағы орта мектептің тоғызыншы сыныбын аяқтады. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтынан агроном мамандығы бойынша білім алған Марат ауданда егін шаруашылығын дамытуға ерекше үлес қосып жүр.

Қазақ халқында «Рахат іздесең, бейнетінен қорықпа,  қуаныш іздесең, қайғысынан қорықпа» деген қанатты сөз бар. Құдай қосқан қосақтарынан айырылған соң басына түскен сынақтан өте алмай, балаларын тентіретіп, ішімдікке салынып кеткен ер-азаматтар да жетеді.

Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың Атырау облыстық филиалы Қызылқоға аудандық бөлімінің мәліметіне қарағанда жал-ғызілікті әкелер балалары он сегіз жасқа толғанша жәрдемақымен қамтамасыз етіледі.

Осынау отбасыларының барлығы да өткен ғасырда салынған, бүгінгі заман талабына сай келмейтін ескі баспаналарда тұрады. Мұндай шаңырақтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге көңіл бөлінсе, нұр үстіне нұр болар еді. Елбасымыз «Қазақстан — 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Балалар — қоғамымыздың ең әлсіз және қорғансыз бөлігі және олар құқықсыз болуға тиіс емес. Елбасы ретінде мен әрбір сәбидің құқығы қорғалуын талап ететін боламын», — деген еді. Иә, «Жігітке жар қымбат, намыс пен ар қымбат» деген аталы сөзді қастерлеп өскен ауылдың қарапайым азаматтары, жасай беріңдер!

          

Мағрупа ҚАЗИХАН,

            Қызылқоға ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button