Жарнама
Қоғам

ӘКЕ ХАТЫ

Ғизат Мұқашұлы 1924 жылы Морской ауылдық кеңесінің колхозшы отбасында дүниеге келді. Үш қыздың ортасында ұлдан жалғыз болса да, сол кездегі  заман  талабы   шығар,  әйтеуір Әліп қарт ұлына қатаң тәрбие беріп, қайратты етіп өсіреді. Мұның өзі сұрапыл соғыста ерен ерлік көрсеткен ер еңбегінен-ақ көрініп тұр. Сөзіміз дәлірек болу үшін көзі тірісінде Ғизат Әліпұлының өз аузынан естігендерін деректі әңгімесіне арқау еткен белгілі журналист, жазушы Өтепберген Әлімгереевтің «Өтті ғой соғыс» кітабындағы осы бір жолдарын айтуға болады:

«Жаралы бопсың, жаның да күйзеліп жүрген шығар. Өмір дейтін сол. Әр кез асығың алшысынан түсе бермейді. Бірде асау арманның жетегінде аунап түссең, келесіде керімсал көктемнің самалы алдыңнан соғады. Абырой болғанда, тірі қалыпсың. Бірақ есіңде болсын, сен қансырап орта жолда, керек десең, туған түтініңнен аулақ қалу үшін емес, жауды өз ұясында жеңіп, Жеңіс туын желбіретіп қайтуға кеткенсің. Ендеше, тез арада қайтадан қолыңа қару ал, Жеңіс таңын жақындат.

Қашанда саған деген үлкен жүрекпен өзіңе үміттене қараушы асыл әкең – Әліп» деп келтіріпті.

Әке хатын оқыған жаралы жауынгер бойына күш жинайды. Бұл Ғизат Әліпұлының «Даңқ» орденінің толық игері атануына алғаш жол ашқан үлкен серпілісі еді….

1942 жылы майданға аттанған ол алғашында Орынбор облысының Красно-Холмск әскери училищесінде білім алып, 1943 жылдың шілдесінде кіші сержант шеніне ие болды. Старый Оскол станциясы тұсындағы ІІ Украина майданы құрамындағы 13-ші гвардия дивизиясының атқыштар бөлімшесін басқарып, Курск қаласында неміс басқыншыларына тойтарыс берді. 1943 жылдың қыркүйек айында Кременчук, Полтава қалаларын азат етуге қатысты. Кривой Рог қаласын азат етуде алғашқы жауынгерлік «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

 Бұл ұрыстың қай-қайсысында да Ғизат Әліпұлы батыл қимылымен, ұйымдастырушылық қабілетімен, ұстамды да байсалды мінезімен ерекшеленіп, жауға қарсы қайратты күш көрсете білді. 1944 жылы Буг өзенінен өту кезінде көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін ІІІ дәрежелі және  1945 жылы Польшаның Познань қаласын азат етуде орасан ерлік көрсеткені үшін ІІ дәрежелі, кейін КСРО Жоғарғы кеңесі төралқасының І дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды.

Сөйтіп, Ғизат Әліпұлы өшпес ерлік жасап, Ұлы Жеңіс күнін жақындатты. Елге оралған соң, Ворошилов, Панфилов атындағы колхоздарда басқарма, партия комитетінің хатшысы лауазымдарын атқара жүріп, 1958 жылы Орал қаласындағы ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын мектепте агроном мамандығын меңгеріп шықты. Ұзақ жылдар бойы Құрманғазы атындағы кеңшарда зоотехник, ферма басқарушысы қызметтерін жасады. 1974 жылдың желтоқсан айында қарт Каспийдің буырқанған асау толқындарымен алыса жүріп, қарауындағы ферма малы мен сол жердің тұрғындарын табиғат апатынан аман алып қалып, «Теңіз тамыршысы» атанды.

Ауыл шаруашылығына сіңірген зор еңбегі үшін КССР Жоғарғы кеңесінің грамотасымен және «Республикаға еңбегі сіңген ауыл шаруашылығы қызметкері» белгісімен марапатталды.

Батыр ағамыз отбасында  үлгілі әке, ұлағатты ұстаз бола білді. Оның ерлік істерімен қатар ұстаздық қызметі де ескерусіз қалмай, Құрманғазы ауданындағы Ниетбай ауылындағы мектепке, сондай-ақ, бұрынғы Қызылоба ауылына батырдың есімі берілді. Сонымен қатар «Атырау облысының Құрметті азаматы» атағы да табысталды.

«Ел – ерімен, ер елімен даңқты» демекші,  осы даңққа лайықты батыр ағамыз дүниеден өтсе де, оның ерлік істері ешқашан ұмытылмайды.

Жанат ЖЕТПІСБАЕВА,

облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкері.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button