ӘКЕ – БАЛАНЫҢ ҚОРҒАНЫ
Отбасындағы әкелер ролін нығайту, бала тәрбиесіндегі үлесін арттыру – қазіргі қоғам үшін аса маңызды. Өйткені, жұмысбастылыққа салынып, отбасы тірлігінен жырақтап, оған қоса, телефонға телміру, әлеуметтік желі, интернет парақшаларды сағаттап ақтару – қазіргі проблемалардың біріне айналып бара жатқаны жасырын емес…
Обыстық әкімдік жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен «ШАҢЫРАҚ-2008» қоғамдық бірлестігі «Әке – баланын қорғаны» тақырыбында облыстық семинар өткізіп, тақырыпқа қатысты мәселелерді талдады. Ақжелкен шығармашылық оралығында өткен ауқымды шараға Атырау қаласы және барлық аудандардан Әкелер кеңесінің төрағалары мен мүшелері қатысып, пікір алмасты.
Облыстық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының бас инспекторы Зәмзәгүл Жалмурзина, «Елсана» рухани-патриоттық қауымдастығының төрағасы Нұрберген Дәулетов, «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы басшысы Гүлфия Жәрдемова және «Елсана» рухани-патриоттық клубының «Аманат» әкелер алаңының жетекшісі Ертай Тұрсынов отбасындағы әкенің алатын орны, балаға берер тәрбиесі, отбасылық құндылықтар, бала тәрбиесіндегі жауапкершілік туралы ойларын ортаға салды.
Расында да, әке – бала үшін үлкен мектеп, тәрбие бастауы. Қазіргідей ақпарат көп, еліктейтін түрлі әрекет, қылықтар тез тарап жатқан сәтте бұл тақырыптың мәні одан сайын арта түседі. Сондықтан, алыс-жақыннан келген қатысушылар шараға белсенді қатысып, ортақ пікір алаңында маңызды тақырыпқа қатысты өз пікірлерін де жеткізді.
Мәселен, «Көкжал» батырлар алаңының жетекшісі Орақ Кенжеғалиев әке болу, оның үлкен жауапкершілік, зор міндет екенін атаса, Махамбет аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Сырымжан Тілеген «Бала – әкенің айнасы, ата-ана не қылса, бала да соны қайталайды, әрі жөн санайды. Сондықтан, әр әрекетімізге, сөзімізге, әдетімізге үлкен жауапкершілікпен қарайық» деді. Жылыой ауданындағы №4 жалпы орта білім беретін мектептің әкелер кеңесінің мүшесі Стамғали Досқалиев мектеп бағдарламасының балалар тәрбиесіне әсері, Алтынбек Габдуллин отбасындағы әке мен ананың тең міндеттері туралы ойларын жеткізді.
Облыстық семинар қатысушылары көкейкесті сауалдарын қойып, «Отбасы хрестоматиясы» кітабын талдады. Отбасы институты, тәрбие, әке ролі тақырыптарында арнайы дайындалған кітап көрмесі назарға ұсынылып, «Əкелерге ой салар үзінді əңгімелер» атты брошюралар таратылды.
Г.Болат