Жарнама
Қоғам

Академик құрметіне — ескерткіш тақта

— Елімізде өткен жылдан бері Зейнолла Қабдолов ағамыздың 85 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтілуде. Сондай шараның бірінде, академик атына ескерткіш тақта орнату керектігі жөнінде айтылған еді. Бүгін, міне, ол жүзеге асып отыр. Университет ректоры Бейбіт Мамраев айтқандай, жолдың арғы бетінде Қаныш Сәтбаевтың ескерткіші бар еді, сол жақ бетіне Зейнолла Қабдоловтың естелік тақтасы орнатылды. Енді қос академик бір-бірімен тілдесіп тұрғандай болады. Расында, орталық көшедегі, кезінде ағамыздың өзі тұрған үйдің қабырғасына орнатылған тақтаны тек атыраулықтарға емес, бүкіл өнер тұлғаларына көрсетілген құрмет деп қабылдау керек. 
Жалпы, кез келген жазушы, ғұлама ең бірінші көріпкелдік қасиеттерімен танылған. Мысалы, француз жазушысы Жюль Верн «Жерден Айға» деген шығармасында жердегі адамдардың зеңбірекпен атылып, айға қонғандығын суреттейді. Кейін бұл ой техниканың дамуына байланысты жүзеге асты. Зейнолла ағамыздың да кейіпкерлерінің ішінде, мәселен Тайман Сапаровты көп тыңдауы, өндіріске, тәжірибеге құлақ асуы ерекше суреттелген. Бұл тек оқып қана қоймай, білімді өндіріспен ұштастыру керектігін айтқаны еді. Осы ойдың маңыздылығы күннен-күнге өсіп келе жатыр. Осыдан жарты ғасыр бұрын білімді өндіріске араластырып, ұштастыруды айтқан ағамыздың ойлары қазір білім беру орындарында жүзеге асуда. Бұл оның көріпкелдігін де көрсетсе керек, — деген облыс әкімінің орынбасары осындай игі шаралар жалғаса берсін деген тілегін жеткізді.
Сарыарқа көшесінде орналасқан бұл үйде Қазақстанның халық жазушысы Зейнолла Қабдолов 2000-2005 жылдар аралығында тұрған.
Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында академиктің досы, облыстың Құрметті азаматы, ардагер Есен Тасқынбаев естелік әңгімесін ерекше әсермен әңгімеледі.
— Ол бірнеше ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналыса жүріп, түрлі атақтарды иеленді. Қауырт жұмыспен қатар, мұнайлы өңірдің тыныс-тіршілігі жайында шығармалар жазды. Туған жеріне келген сайын облыс басшыларына жолығып, халықтың жағдайын сұрайтын еді. 1969 жылы қазіргі Х.Досмұхамедов атындағы білім шаңырағының алғашқы факультеттері ашылған кезде, әр мамандықтың жайын ойлады. 1967 жылы бұл университетте қазақ тілі мен әдебиеті факультеті жабылып қалған еді. Бұған Зейнекеңнің қабырғасы қайысып, сол кездегі облыс басшысы Оңайбай Көшекұлымен ақылдаса отырып, министрлікке хат жолдаған. Ақыры, 1984 жылы бұл ойлары жүзеге асып, кейін батыс облыстардың ішінен жалғыз біздің өңірде сол факультеттер қайта ашылды. Оқу орнын Х.Досмұхамедов есімімен атауға да академик Салық Зиманов екеуі көп еңбек сіңірді. Зейнекең облыс экологиясына да қатты көңіл бөліп, өзінің көмегін беруге тырысатын. Атқарған қызметтері ұшан-теңіз. Облысымыздың мәдениеті мен әдебиетінің дамуы үшін бүкіл мәдениет қайраткерлерінің облысымызға келуіне ұйытқы болды. Өзі де келіп, Атырауда қызмет етті.
— Бұл үйде ұстазым тұрғанда, ол әдебиетшілер үйіне айналған еді,- дейді академиктің шәкірті, ақын Қадыр Жүсіп.
Шарада Зейнолла Қабдолов атындағы қордың ұйымдастыруымен жыл сайын өзге ұлт өкілдері арасында өтетін «Мен қазақша білемін!» атты байқаудың өткен жылғы жүлдегері Татьяна Вдовина ақын Жұбан Молдағалиевтың Зейнолла Қабдоловқа арнап жазған «Ешкімге бөтені жоқ бөлек ерім» атты өлеңін мәнерлеп оқыды, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің 3-курс студенті, Зейнолла Қабдолов атындағы атаулы шәкіртақы иегері Алтынай Шұңғылбаева Қадыр Жүсіптің ұстазына арнап шығарған арнау өлеңін нақышына келтіріп айтып берді.
Шара соңында халықаралық дәрежедегі марапатқа лайық деп танылған қайраткерлерді академик Зейнолла Қабдолов атындағы қордың директоры Бекет Қарашин мен Зейнолла Қабдоловтың немересі Санжар Қабдолов марапаттады. Олардың қатарында «Зейнолла Қабдоловтың жолын қуған ең үздік шәкірті» номинациясы бойынша ақын Қадыр Жүсіп, «Зейнолла Қабдолов атындағы қордағы көп жылдық сәтті жетістіктері» атты номинациясымен Гүлнәр Айтжанова марапатталды. Сонымен қатар, осындай құрметті «Мұнайлы астананың дамуына қосқан үлесі үшін» номинациясымен Есен Тасқынбаев, «Тәуелсіз Қазақстанның мәдениеті мен өнерін дамытқаны үшін» номинациясы бойынша Әзидолла Есқалиев, «Шығармашыл жастарға қолдау көрсеткені үшін» ақын Қойшығұл Жылқышиев, «Бизнестегі жаңашыл жобалары үшін» номинациясымен Төкен Жұмағұлов иеленді.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button